«Атырау» газеті кешікпей келсе…

Газет және оқырман Жаңалықтар Не көріп жүрсіз? Руханият Қоғам

Atr.kz/1 қараша, 2019 жыл. «Атырау» газетіндегі оң өзгерістерді байқап отырмыз. Соңғы кездері сыни, сараптамалық мақалалар көбейді. Мәселен, Атырау қаласындағы қоғамдық көлік жолақысына енгізілген сараланған тариф, оны жүзеге асырудағы олқылықтар туралы басылым жазудай-ақ жазды.

Нәтижесінде, мәселе облыс басшыларының назарына ілініп, жауапты сала жетекшілеріне кемшілікті түзету туралы тапсырмалар беріліпті. Оқырман басылымнан қоғамдық ойдың ұйытқысы болған осындай материалдар күтеді. Газетте түрлі тақырыптардағы арнайы қосымшалар, беттер тұрақты шығып жүр. Көкейімізде жүрген мәселелердің көрініс табуы құптарлық, әрі жергілікті проблемалардың шешілуіне себепші болды.

Енді газет журналистері халық арасына жиі шыққанын қалаймыз. Қаламгерлер жақсылықты жариялап, кемшілікті сынап отырса, түйінді уақытында тарқатуға, мәселені оң шешуге себепші болар еді» деді «Атырау» газетінің Құрманғазы ауданындағы күндері кезінде сұхбаттасқан оқырмандарымыз.

Әлеуметтік желінің ықпалы күшейген кезеңде оқырман дәстүрлі баспасөзден қол үзіп қалмай ма? «Атыраудың» тұрақты оқырмандары сүйікті газетінен алдағы уақытта не күтеді?

С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде өткен журналистермен жүздесуде осы мәселелер көбірек айтылды. Аудандық бөлімдер басшылары, ауыл әкімдері, кәсіпкерлер, газет жанашырлары қатысқан жиынды Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаев ашып, жүргізіп отырды.

– Қазір «халық газет оқымайды», «басылымның қоғамдағы орны төмендеді» деген пікірлерді жиі естиміз. Мұнымен Құрманғазы ауданының тұрғындары келіспейді деп ойлаймын. Бүгінгі кездесудегі оқырмандар қатарының көптігі соның мысалы бола алады.

Жалпы, газет оқу мәдениеті кез келген жұмыс орнында, қоғамда қалыптасса дейміз. Басылым оқу – кітап оқумен бірдей. Мағжанша айтқанда, «газет оқып, оны тоқу керек». Баспасөз адамның ойөрісінің кеңеюіне, сөздік қорының көбеюіне, кез келген нәрсеге көзқарасын қалыптастыруына себепші болады. Қоғамда газет арқылы табыс табу деген ұғым бар. Меніңше, бұл түсінік дұрыс емес. Мұндай жағдайда оның мазмұны төмендеп, бір сәттік материалдар көбейеді.

Мысалы, бір кездері Оңтүстік Қазақстан облысында 130 газет шықты. Олардың арасында ұятсыздықты, озбырлықты насихаттайтындары кездесті. Нәтижесінде, аталған басылымдардың біразы жабылып қалды. Қоғамды алға сүйремейтін, тәрбиелік мәні жоқ «жеңілтек» газеттерден көпшілік саналы түрде бас тартты, – деді «Атырау-Ақпарат» ЖШС директорының орынбасары Ысқақ Егембердиев.

Елімізде кейбір газеттер сайтқа айналып жатыр. Бүгінгі технология алапат күшпен дамып жатқан тұста мұндай құбылыстардың болатыны белгілі. Алайда, оның күнгей тұсы бар.

Мәселен, «Алаш айнасы» басылымы қаражат тапшылығынан сайт түрінде шығатын болды. Өзге де мысалдар аз емес. Қағаз, баспахана шығындары, тасымал қиындығы кейбір басылымдардың тұрақты оқырмандарынан көз жазып қалуына мәжбүр етуде. Әрине, әлеуметтік желінің де өзіндік әлемі бар.

Соңғы кездері жұртты аузына қаратқан блогерлер шығуда. Бірақ, олардың жазғанын табу үшін көп «қоқысты» ақтаруға тура келеді. Ал, газет көзіқарақты оқырманның қашан да қолында. Газет ақпарат жеткізуші ғана емес, ұлтты тәрбиелеуші, бағыт көрсетуші құралға айналды. Басылымның сайттан осындай ерекшелігі бар. Жаңа жылдан бастап «Атырау» жаңа жобаларды жүзеге асырғалы отыр. Ең алдымен, газеттің форматы өзгеріп, заман талабына сай үлгіде шыға бастайды. Мазмұны тереңдеп, сыни, проблемалық мақалалар көбейе түседі.

– Алдағы жылы «Атырау» газетінің шыға бастағанына 97 жыл толады. Ғасырға жуық уақыттан бері басылым Атырау халқының рухани серігіне айналды. Газет ұлттың қаймағы саналатын зиялы қауым өкілдерімен тығыз байланыста болды. Мысалы, Асқар Тоқмағамбетов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Әбу Сәрсенбаев, Жұмекен Нәжімеденов, Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова, Рахымжан Отарбаев және басқа қаламгерлер үнемі облыс баспасөзінің қарашаңырағымен байланыс жасап, өздерінің шығармаларын жолдап отырды.

Атырауға келген сапарларында редакцияның есігін алдымен ашатын. Бүгінде осы үрдісті олардың ізбасарлары жалғастыруда. Газеттің мақсаты – ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттау. Осы бағытта бесікке салу, тұсау кесу секілді ұлттық дәстүрлерді жаңғырту, оның тәрбиелік мәнін ұрпаққа жеткізу үшін арнайы айдарлар ашып отырмыз. Бұған қатысты оқырмандардың өз ой-пікірлерін қосуына мүмкіндігі бар.

Осы ауданда газетке мақала жолдап, қоғамдағы болып жатқан жағдайларға бейжай қарамайтын Өмірзақ Қажымғалиев, Нариманбек Шолтыров, Есмұхан Жанизин, тағы басқа тұрақты авторларымыз көп, – деді облыстық «Атырау» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Жолдасбек Шөпеғұл.

Кездесуде басылымның тек ақпарат көзі ғана емес, қоғамдағы тәрбиелік мәні, әсіресе, «Атырау» газетінің көтеріп отырған өзекті мәселелері жөнінде пікірлер айтылды. Сонымен бірге, газетті оқырманға жеткізу жайы да қозғалды. Бұл мәселенің оң шешімін тапқанын қалайтындар өз пікірін кездесуден кейін де білдірді.

Мәселен, газетті бір ай бойы өзі тасымалдаған Бірлік ауылдық округінің әкімі Бауыржан Ақбановтың айтуынша, жергілікті жерде 2 300 адам тұрады. Ауылда «Каспий балық» өндірістік кооперативі жұмыс істейді. «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» дегендей, ниеттенген адамға күнелтіс көзі табылады. Ауылдың и н ф р а қ ұ р ы л ы м ы н жаңғыртуға ерекше маңыз беріліп отыр. Жол салынып, көшелерге жарық беріліпті. Су құбыры да тартылыпты.

– Біздің округте «Атырау» газетін жаздырып алушылар аз емес. Дегенмен, басты мәселе –газетті жеткізу жайы. Өйткені, оқырмандар жазылған газетін уақытында алғаны жөн ғой. Жалпы, ауылда тұратын тұрғындардың бүгінгі тыныс-тіршілігі, мұғалімдер мен дәрігерлердің, б а л ы қ ш ы л а р д ы ң тәжірибелері газет бетінде көбірек жазылғанын қалар едім, -дейді Бірлік ауылдық округінің әкімі Бауыржан Ақбанов.

Азамат БАЗАРБАЕВ

Құрманғазы ауданы

  • *Сіз не дейсіз?

Жігер ЖАНҚАНОВ,

Қиғаш селолық округінің әкімі:

ЖЫЛЖЫМАЛЫ ПОШТА ЖЫЛЖЫМАЙ ТҰР

– Қиғаш ауылы аудан орталығынан 80 шақырым жерде орналасқан. Мұнда пошта бөлімшесі жоқ. Бұл қызмет жылжымалы поштаның көмегімен жүзеге асады. Дегенмен, ауыл халқы пошташылардың жұмысына риза емес. Газет-журнал айына бір рет келеді. Немесе олар жолшыбай кетіп бара жатқан адамдардан беріп жібереді.

Нәтижесінде, оқырмандарға басылым өте кеш жетеді. Сондықтан, мәселені облыстық деңгейде көтеріп, баспасөзді ауылға аптасына екі рет жеткізуге ықпал етсеңіздер екен. Сонда аймақта болып жатқан оқиғаларды жедел оқып отыратын оқырмандар көбейе түсер еді.

Жұмақай ҒҰМАРОВ,

аудандық қоғамдық кеңес төрағасы:

СЫН КӨБІРЕК БЕРІЛСЕ…

– Газеттің беделін көтеруге атсалысатын кім? Меніңше, ол – әрбір ауылдағы штаттан тыс тілшілер. Оларға қаламақы төлеу мәселесін қайта жаңғыртқан артық болмайды. Тілшіавторларды ұлығылау, көтермелеу қажет секілді. Айына, немесе жарты жылда бір рет «Атырау» газетінің белсенді тілшілерінің басын қосып, семинар, форум ұйымдастырылса деген ұсыным бар. Біздің бүгінгі тынысымызды көрсететін, жақсылығымызды да, жамандығымызды да жариялайтын, жан-жақты тәрбиелейтін газет. «Атырауда» проблемалық материал аз емес. Дегенмен, ойып түсер сын мақалалар көбейе түссін деймін. Тағы бір айтайын дегенім, жеке адамдар туралы мақаланы жариялау құнын арзандатудың мүмкіндігі болмай ма?

Сәркен НҰРХОЖИНА,

мемлекеттік қызметтің ардагері:

ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМДАР НЕ ІСТЕЙДІ?

– Мен жергілікті әйелдер кеңесін 27 жыл басқардым. Одан бұрын аудандық атқару комитетінде қызмет еткен едім. Қоғамдық өмірге жиі араласатындықтан, басылымнан қоғамдық ұйымдар туралы мақалаларды алдымен іздеймін. Олар қандай мәселені көтеріп жүр? Осындай сұрағыма жауап тапқым, тәжірибелеріне қаныға түскім келеді.

«Атыраудағы» материалдарды түгел оқып шығамын десем, артық айтқандығым емес. Облыстың басқа аудандарының тіршілігі де бізді қалыс қалдырмайды. Келешекте қоғамдық ұйымдар жөнінде тұрақты жариялап тұрсаңыздар екен. Олардың жиналыстарында жақсы пікірлер айтылады. Солар қамтылса деймін.

Жаннат ҚҰРМАНҒАЛИЕВА,

білім саласының ардагері:

ҰСТАЗ БЕДЕЛІН ТҮСІРМЕЙІК!

– Қазір мұғалім мен ата-ананың қарым-қатынасына маңыз беру қажет. Сабағын оқымайтын, тәртібі нашар оқушыға бір ауыз қатты сөйлесе, оның әке-шешесі дереу мұғалімнің үстінен шағым түсіреді. Қарсы тараптың пікірімен ешкім санаспайды. «Ұстаздан ұят болды-ау» деп жатқан ешкім жоқ. Соның нәтижесінде мұғалімдерді ешкім сыйламайтын жағдай қалыптасты. Қоғамдағы орны төмендеп барады. Газетте осы проблема үнемі жазылса деймін.

Таңатар ДӘРЕЛОВ,

аудандық «Серпер» газетінің бас редакторы:

БҮГІНГІ ГАЗЕТ – ЕРТЕҢГІ ТАРИХ

– Басылым қашан да қоғамдағы рөлін жоймайды. Себебі, біздің баспа өніміміз Ұлттық кітапханаға, тарихи құжаттар сақталатын өзге орындарға жіберіледі. Олар сан жылдар бойы сақталады. Ендеше, бүгінгі болып жатқан өзгерістер, өмірдің жақсы немесе көлеңкелі тұстарының бәрі қағазға түсіп, келешек ұрпақтың оқуына мүмкіндік беріледі. «Атырау» газеті мақалаларының мазмұны, көркемдік жағынан безендірілуі, тақырыптарының берілуі жөнінен ерекше көзге түседі. Оны қолға алғанда нені оқу керек екенін бірден білесің. «Атырауды» еліміздегі облыстық газеттер ішіндегі ең үздігі дер едім.

Басқа аймақтардағы әріптестерімнің көңіліне келмес, дегенмен, қазыналы өңірдің байырғы басылымының озықтығын ардагер журналист ретінде айтқанды дұрыс санадым. Басылымды мазмұндық жағынан тереңдету, өңірлерді қамту мақсатында аудандардың тыныс-тіршілігі, мәдени-рухани өмірі тұрақты түрде беріліп тұрса деген тілегім бар.

Роза ХАМЗАЕВА,

Сафон ауылдық округінің әкімі:

ШАРУАШЫЛЫҚТАР ЖЕТІСТІГІ ЖАЗЫЛСА…

– Біздің округте 1800 адам бар. Жыл сайын 60 тұрғын «Атырау» газетіне тұрақты түрде жазылып, алып отыр. Келесі жылы да оқырмандардың саны көп болады деп ойлаймын. Басылымда ауылға, балық шаруашылығына қатысты материалдар жарияланады. Бізде осы салалар қарқынды дамығандықтан, алдымен сол бағыттағы мақалаларды оқимыз. Журналистердің алыстағы елді мекендерге жиі келгенін қалар едік. Ел ішіндегі жағдайды көзімен көрсе, жанды, өткір мақалалар жазылар еді.

Мадат СӘРСЕКЕЕВ,

еңбек ардагері:

ҚАҒАЗБАСТЫЛЫҚТАН ҚАШАН АРЫЛАДЫ?

– Жиі айтылғанымен, тыйым салынбай келе жатқан мәселе бар. Біз мұғалімдерді әлі күнге қоғамдық жұмыстарға, саяси науқандарға пайдалану әдетінен арылған жоқпыз. Мұны бір десек, екіншіден, ұстаздар бума-бума қағаздан құтылмай отыр. Қызым мұғалім болғасын білемін, жұмыстан келгеннен қолы қағаз жазудан босамайды. Бас көтертпейтін жұмыспен отырғанда, мұғалім қай уақытта оқушыға толық білім береді? Өткен жылы мұғалімдер қағазбастылықтан құтылады деген, ендеше бұл проблемадан неге арылмаймыз? Мені осы жайт толғандырады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *