Баннер 9 мая от газеты Атырау

Тарих пен жаһандану талабы

iппп Жаңалықтар

Қадыр ЖҮСІП,

 филология ғылымдарының докторы, академик:

iппп

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа  бағдар: рухани жаңғыру» атты  мақаласын тамсана оқып шықтым.  Аталмыш еңбекте Қазақстанның үшінші жаңғыруы басталғаны жөнінде кеңінен айтылыпты.

Менің  айтайын  дегенім –  «Таяу жылдардағы міндеттер» деген екінші тараудағы қазақтың әліпбиі, яғни, алфавиті туралы. Елбасының түрік әліпбиінің, бертін келе  өзіміздің ұлттық әліпбиіндегі қандай өзгерулерді бастан өткізгенін айта келіп, латын әліпбиіне көшу туралы мәселесін төтесінен қойып, былай деген екен: «Мен 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан – 2050» Стратегиясында «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз  керектігін» мәлімдедім. Бұл – сол кезден барлық салаларда біз латын қарпіне көшуді бастаймыз деген сөз. Яғни, 2025 жылға қарай ісқағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығаруға тиіспіз».

Латын әліпбиіне көшу мәселесі егемендік алғаннан бері айтылып, баспасөз беттерінде  талас туып келе жатқанының куәгерімін. Филолог ретінде осы мәселеге бірден араласып, латын әліпбиін қолдайтынымды айтып, баспасөз беттерінде, тіл мәселесі қозғалған талай жиналыстарда сөйлеген болатынмын. Бірақ, біреулер қолдап, біреулер қарсы пікір айтып жатты. Бұл тартыс кешегі күнге дейін созылды.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде профессор-оқытушылар, облыстың зиялы қауым өкілдері, студенттер бас қосқан үлкен жиналыста латын алфавитінде көшу туралы, оның қажеттілігі туралы, «енді кешеуілдетуге болмайды» деп бұдан 13 жыл бұрын айтқанмын. Сонда бірер оқытушылар маған қарсы шығып, сөз сөйледі. Олар сөздіктер, көптеген оқулықтар, энциклопедиялар, тарихи еңбектер, көркем шығармалардың бәрі де кириллицамен  басылғанын алға тартып, «оның бәрін латын әліпбиіне көшірудің қиындығы зор, сондықтан латын алфавитіне көшуге қарсымыз» деген уәж айтқанда, залдағы адамдардың бәрі де (оқытушылар, басқа саланың адамдары, журналистер, студенттер) айтылғандарды қолдап, қол көтерді.

Мен басқа жиналыстарда, баспасөз беттерінде латын алфавитінің қажеттігін айтып, өз пікірімнен қайтқан емеспін.

Біріншіден,  аталмыш әліпбиді үйренудің еш қиындығы жоқ. 1929 жылы араб әліпбиінен бір күнде латынға көшкенде де, 1940 жылы латыннан кириллицаға ауысқанда да  халық еш қиындықсыз көше салды. Әрине, белгілі дәрежеде үйренуге мезгіл қажет болғаны сөзсіз. Бірақ, келе-келе жаңа әліпбиге көшу мен үйрену көп уақыт қажет етпеді.

Егер біз жаңа әліпбиге көшер болсақ, жастар ғана емес, үлкендер де тез үйрене алады. Себебі, қазіргі кезде мектептерде де, жоғары оқу орындарында да латын әліпбиі мен шет тілдері қатар оқытылуда.

Екіншіден, қазір бүкіл дүние жүзі латын әліпбиінсіз аяқ баса алмайды. Өз таңбаларын қолданатын Қытай елі де, жапондар да, корейлер де өздерінің алфавиттерімен қатар, латынмен жазатыны шындық нәрсе. Бүкіл түркі тілдес халықтардың бәрі де әлдеқашан латын алфавитіне көшкен.

Үшіншіден, латын алфавитіне көшсек, барлық түркі тілдес халықтармен бірдей болып, баспасөзіміз де бір алфавитпен жақындаса түседі.

Төртіншіден, латынға көш-кенмен, бәрібір орыс тілін кириллицамен оқытатындықтан, одан да қашық кетпейміз. Сонда латын да, кириллица да қатар жүреді.

Бесіншіден, латын алфавиті түркі тілдес халықтарды жақындастыра түседі. Біз латынмен басылған басқа халықтардың әдебиеттерін бұрын оқи алмайтын болсақ, енді оқитын боламыз. Бұл түрік халықтарының бір-бірінің тілін үйренуге де мүмкіндік берері сөзсіз. Қазіргі таңда түрік елдерінің фильмдерін аударма арқылы түсінетін болсақ, болашақта аудармашының қажеті болмайды және тілді терең меңгеруімізге іргетас қалайды.

Алтыншыдан, латын алфавиті ертеден түбірі бір түрік халықтарының рухани  бірлесіп, мәдени жағынан жақындаса түсуіне жол ашады.

Жетіншіден, латын алфавитіне көшсек, кириллицаның басымдығынан құтылып, қазақ тіліндегі дыбыстардың дұрыс айтылуына немесе орыс сөздеріне баламаларды молырақ игеруге мүмкіндік туады.

Латын алфавитін пайдалана отырып, осындай артықшылықтарға қол жеткізетіндіктен де  бұл әліпбиге көшу мәселесін Елбасының көтеріп, істі тездетуді қолға алдыруы өте құптарлық. Бұл – тарихтың талабы, жаһанданудың алға қойған проблемасы. Тарих талабын орындаудан бас тартуға болмайды

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз