Тұрғындар сауалы – депутат назарында

Атырау қалалық мәслихатының депутаты Бағыт Шеркешбаева тұрғындармен кездесу өткізді.

Негізінен көпті толғантқан мәселелер төңірегінде әңгіме қозғаған депутат басты міндет – халықпен бірлесе жұмыс жасау екендігін атап өтті. «Ағымдағы жылы Атырау қалалық мәслихатының бес сессиясы өтті. Онда өзекті деген 18 мәселе қаралды. «Құқықтық актілер туралы» ҚР Заңының талаптарын жүзеге асыру мақсатында  азаматтардың құқықтарына қатысты алты нормативтiк құқықтық актi қабылданды. Шешімін таппаған түйінді мәселелер де бар» деді ол.

Байқағанымыздай, жұртшылықтың пәтер иелері кооперативтеріне өкпесі қара қазандай. Айтуларынша, ПИК-тер сервистік қызметке мүлде салғырт қарайды.

№6 маршрут жұмысы да сын садағына ілікті. «Мұрагер» базарындағы азық-түлік, әсіресе, жеміс-жидектер бағасының шамадан тыс шарықтауы да тұрғындар үшін басты мәселе болып отыр. «Көше тазалығына да жете мән берілсе екен…» дейді олар.

Ұсыныс, пікірлерді зер сала тыңдаған депутат жиналғандарға ризашылығын білдіріп, ортақ мүдде үшін бірлесе  еңбек етуге шақырды.

 Мәлике Мәлік.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз