МАЛДЫ ӨҢІРДІҢ МЕРЕЙІ

Кеше облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қызметтік сапармен Қызылқоға ауданында болды. Аймақ басшысы аудан активімен жүздесті, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының есепті конференциясына қатысты, тұрғындармен жеке қабылдау жүргізді. Аудан әкімі Мақсот Мұқанов өңірдің биылғы өткен кезеңінің қорытындысымен әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баяндады.

 Жиналғандар алдында сөйлеген облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов аймақта бұған дейін атқарылған іргелі істерге тоқталып, алдағы міндеттерді саралады.

 Қаншама экономикалық дағдарыс болғанымен, Елбасы халықтың тұрмыс деңгейін көтеру бағытындағы бағдарламаларды жалғастыруды тапсырды. Міне, осы ретте аймақтағы өзге де селолармен қатар, Қызылқоға ауданының алты елді мекенін табиғи газбен қамту облыс әкімдігінің басты назарында келеді.

Мемлекет басшысы сонау Елордадан республиканың барлық өңіріне сан тараулана жол тартылуы тиістігін тапсырды. Міне, осы көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту бағдарламасына Ақтөбе-Атырау-Астрахан бағыты енуі мұнайлы мекеннің мүмкіндігін одан әрі көтермек. Іргедегі Ресеймен де, көршілес облыспен де байланысымыз бұрынғыдан да бекімек.

Аймақ басшысы қызылқоғалықтармен кездесу барысында малды мекенде де атқарылатын шаралардың жеткілікті екендігін айтты. Ежелден төрт түлікті түгел өргізген өңір барлық мүмкіндіктерін сарқа пайдаланып отырған жоқ. Сондықтан, ауыл шаруашылығына қатысты тың жобаларды жүзеге асыру керек.

Қызылқоғалықтар атынан сөйлеген еңбек ардагері Жолжан Қабдешев, Миялыдағы Б.Аманшин атындағы орта мектептің директоры Гүлшара Сары және сағыздық жеке кәсіпкер Аслан Сариев Елбасы Жолдауынан туындаған міндеттерді орындауға айрықша жігермен атсалысатындықтарын мәлімдеді. 

Облыс әкімі сапар барысында Миялыдағы Нұршаев ауылының Қазбек би көшесі бойында тұрғызылып жатқан бір қабатты тұрғын үйлер құрылысымен, Нұржамал Ізбасарова жетекшілік ететін «Жарылғас» шаруа қожалығының ет-сүт өнімдерін өңдейтін және тігін цехтарымен, жақында пайдалануға берілген «Нұршуақ» балабақшасының жұмысымен танысты.

Мағрупа ҚАЗИХАН.

(Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің Қызылқоға ауданына сапарынан толық репортаж газетіміздің келесі санында беріледі).

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз