Баннер 9 мая от газеты Атырау

Өлке тарихының жоқтаушысы

Өлке тарихының жоқтаушысы 1 Жаңалықтар

Ганюшкино селосының орталық күре жолында тұрған осы бір екі қабатты үй қашан да келушіге кенде болған емес. Ол – аудандық  тарихи-өлкетану мұражайы. Ол бізге өте  ыстық көрінетіні  де рас. Өйткені, аяулы  ұстазымыз Зариф Бектеновті есімізге түсіреді. Иә,  осынау өмірімізге үлкен із қалдырған таныстық қалай басталып еді?

%d3%a9%d0%bb%d0%ba%d0%b5-%d1%82%d0%b0%d1%80%d0%b8%d1%85%d1%8b%d0%bd%d1%8b%d2%a3-%d0%b6%d0%be%d2%9b%d1%82%d0%b0%d1%83%d1%88%d1%8b%d1%81%d1%8b

Сонау 1962 жыл. Кеңестер өкіметін әпербақан Н.Хрущевтің басқарып тұрған кезі. Таусылмайтын реформа, «жаңалық». Халықтың күн көрісі нашарлап, қара нанға түннің бір уақытында кезекке тұрып мезі болған жылдар. Білім беру саласы  11 жылдық жүйеге көшіп, орта мектептерді ірілендіріп, қатарын азайтқан кезең. Аудан орталығындағы М.Ломоносов атындағы мектеп  11 жылдық білім берудің базалық мектебі болып, жақын маңдағы мектептердің жоғары сынып оқушылары осында тартылған. Бұл мектептегі бір ерекшелік – мұғалімдері негізінен, жастар және қазақ, орыс тілдерінде  ағып тұрған, қазақша, орысша сыныптарға бірдей сабақ беретін Қараменов, Қасымов, Айымова сынды өз пәндерінің үздіктері. Солардың бірі де бірегейі – тарих пәні мұғалімі Зариф Бектенов. Сабақ түсіндіргенде жан-тәнімен, терлеп-тепшіп беріле сөйлейтін, тереңнен қаузайтын. Оның әрбір сабағын ықыласпен тыңдап, зердеге тоқуға талаптанатынбыз.

Жас ұстаз сол жылы мектеп мұражайын жасақтау арманын жүзеге асыруға шындап кірісті. «Туған өлке тарихын білу қажет. Біз өмір кешіп жатқан өлке топырағынан шыққан батырлар мен өнер иелерін, қайталанбайтын таланттарды білу – парыз. Біздің мақсат – сол ұлы тұлғаларды болашақ мұражайымыздан көру. Ол үшін сол адамдардың қолданған, ұстап-тұтқан дүниелерін жинастыруымыз, табуымыз қажет. Ондай дүниелер табылып жатса мектепке әкелулеріңді сұраймын. Бұл іске сіздердің көмектеріңіз қажет. Ол – перзенттік борыш», – дейтін аға.

Дина күйшінің Қоянды жәрмеңкесіне қатысып күй-тартыс жасайтынын, ұлы күйші Құрманғазының Мақаш әкіммен достығын әңгімелегенде сол адамдармен қатар өмір сүргендей әсер қалдыратын. Ол кезде мұғалімнің  беделі аспандап тұрған кез еді ғой. Сол жылы мектептің шағын бөлмесін түрлі ескі-құсқымен көміп салдық. Өзім тот басқан қылыш тауып әкеліп, оны табыстау мен қабылдау сәтін фотоға түсіргеніміз де бар. Жәдігерлер қоры молайып, ел-жұртты  елең  еткізген оңды іс болған соң 1963 жылы мектеп директоры Асылбек Нәжімеденов аға мектеп мұражайына деп арнайы бөлме берді. Тынымсыз еңбектің алғашқы нәтижелері қанаттандырған Зариф аға өлке тарихына терең бойлай берді. Ол Астрахан мұрағатының шаң басқан беттерінен елге керегін іздеді. Республика ғалымдары еңбектерінен тың деректер алды. Әсіресе, өлкетанушы, тарихтың білгірі, өмірінің соңғы кезеңінде Құрманғазы аудандық мұражайының директоры болған Мақсот Жолжановпен тығыз байланыста, ынтымақты еңбек етті.

«Менің Мақаш әкім туралы қалам тербеуіме, жалпы өлке тарихына көңіл қоюыма себепші болған, ықпал еткен, балалық  құштарлығымды оятқан адам – ұстазым Зариф аға», – дейді белгілі өлкетанушы, жазушы, журналист Өтепберген Әлімгереев.

Ал, 1971 жылы мектеп мұражайы негізінде аудандық мұражай жеке шаңырақ көтерді. Алғашқы жылдары мұражай директоры қызметін Зариф аға қоғамдық негізде қоса атқарды. Кейіннен жас қызметкерлерге бағыт-бағдар, кеңестер де беріп жүрді. Өзі кіндігін кесіп, тұсауын кескен жұмыстан көз жазып қала алмады. Оны біреулер қолдаса, енді бірі «жағаласпай қойса болмай ма?» деп наразылық та білдіретін. Сөйтіп, Зариф аға мұражай жұмысына өмірінің соңғы сәтіне дейін шынайы тілеулес, жанашыр болып қала берді.

Зариф Бектеновтің өмір жолына көз салсақ, ол – Құрманғазы ауданының төлтумасы. Бектен қарттың үш ұлының үлкені. Баланың үлкені болған соң өмірдің бар қиындығын сезініп өсті. Ол 1942 жылы тоғызыншы сыныпты бітіріп, еңбекке араласады. Кеңес әскері қатарына барып азаматтық борышын өтеп оралған соң кешкі мектепке барып орта білім алады. Сөйтіп, Абай атындағы  қазақ мемлекеттік институтының тарих факультетіне оқуға түседі. Одан кейінгі өмірі біз жоғарыда баяндағандай мектептің тарихшы-өлкетанушы мұғалімі ретінде туған жерінде өтті.

Республикалық «Әкелер даңқы жолымен», «Менің Отаным – Кеңестер Одағы» конкурстарының бес мәрте жеңімпазы. Оның зерттеу еңбектерін 40-тан астам мұражай, Ресей, Беларусь, қазақ   кеңес  энциклопедиялары редакциялары пайдаланғаны туралы мәліметтер бар. Тарихшы мұғалім, тарихи-өлкетану мұражайын ұйымдастырушы әрі директоры ретінде Республика, облыс басшылығы тарапынан мақтау грамоталарымен, дипломдармен марапатталды. Інілері Хатиф пен Мұхтасиф – республикаға есімдері мәлім үлкен ғалымдар. Зариф ағаның ұл-қыздары өмірден өз орындарын тапқан, елге еңбек етіп жүрген жандар.

Ол кісі тірі болса, биыл 90 жасқа толар еді. Елдің өткен тарихын анықтап, өшкенін жандыру, қалпына келтіру жолында аянбай еңбек еткен осы бір жанның есімін ел есінде қалдыру шарасын алса дұрыс болар еді. Осы ретте Ганюшкино селосындағы өзі қолымен құрған аудандық тарихи-өлкетану мұражайына Зариф аға есімі сұранып тұрғандай көрінеді. Естір  құлақ  табыларына сенемін.

Айтқали  НҰРҒАЛИЕВ,

Зариф ағаның шәкірті.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз