Баннер 9 мая от газеты Атырау

«Күміс алқалы» тәртіп сақшысы

whatsapp image 2024 03 11 at 16.19.11 1 Жаңалықтар

Отбасының жүрегі, алтын діңгегі – ана. Қазіргі заманда  нәзік жандар  құқыққорғау органында да жемісті еңбек етуде. Жылыой  ауданы полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінде  учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Інжу Төреханқызы – сондай жанның бірі.

Кейіпкеріміз алғашқы еңбек жолын 2014 жылы Жылыой  аудандық  полиция  бөлімінің  ювеналды  полиция  тобынан  бастаған.  2018  жылдан  бері учаскелік  полиция  инспекторы  қызметінде екен.

– Менің осы саладағы абыройлы қызметім жолдасым Бақытжан Нұржауұлының арқасы дер едім. 2002 жылы тұрмысқа шыққан соң жолдасым менің оқуға тапсыратын ниетімді қолдап, жоғары білім алуыма мүмкіндік берді. Қазір  алты баланы  тәрбиелеп  отырған үлгілі отбасымыз. Екі үлкені  Қ.Жұбанов  атындағы Ақтөбе университетінің және Ақтөбе автожол колледжінің  студенттері. Кейінгілері мектепте оқыса, кенжеміз балабақшаға барады. Менің өмірімде отбасым мен күйеуімнің қолдауы  үлкен  рөл атқарады.  Әрине,  жұмысқа  байланысты  қиын  сәттер  болып  тұрады.  Бірақ, жұмыста  – полиция  қызметкері  екенімді,  үйде – аяулы ана мен әйел екенімді есімнен шығарған емеспін. Темірдей тәртіпті ту еткен құқық қорғау саласында бәріне қойылар талап пен тәртіп бірдей. Қызметте «көп балалы анасың» деген басымдық берілмейді, – дейді «күміс алқалы»  тәртіп сақшысы.

whatsapp image 2024 03 11 at 16.19.111

Күнделікті қызметінде таң атқаннан түн жарымға дейін жүретін нәзік жанды Інжу учаскелік инспектор болғанына өкінген емес. «Үй тіршілігі, отбасы бар әйел үшін қиын емес пе?» деген сұрағымызға кейіпкеріміз былай деп жауап берді.

– «Қазақта «Әйел – қырық шырақты» деген жақсы сөз бар. Сол асыл сөзді жоққа шығармай, дәлелдеп отырған қазақ қыздары көп. Жолдасым екеуміз де көп балалы отбасында өсіп-өндік, үлкендері кішілерін қамқорлап, бір-бірімізді бағысып өстік емес пе?! Біздің де ұл-қызымыз қолғабыс етіп, қолғанаттарымыз болып жүр. Иә, уақыт деген тапшы заман ғой, кейде күн-түн демей, тұрғындармен жұмыс жасағасын түрлі шақыртулар болады. Маған бекітілген аумақта 2000-дай тұрғын бар, көбінесе отбасылық кикілжіңдер бойынша барамыз. Бірақ, оның барлығын сылтау етпей, міндетті түрде демалысымды балалаларыма арнаймын, – деді ол.

Інжу Төреханқызы кейде түнгі мезгілде де шұғыл қоңыраулар соғылатынын айтады.

– Бірақ, мен өзім қалап таңдаған мамандығым болған соң, мұндай тәртіпке үйреніп кеткенмін. Біз – тәртіп сақшысымыз. 24 сағат жұмыс істейміз. Полицияда тек еңбекақы үшін жүруге болмайды. Бұл – табандылықты талап ететін сала. Полиция халыққа жақын болуы керек. Осы себептен күн-түн демей жұмыс істеп жатқан жайымыз бар, – деді ол жымиып.

Иә, қоғам мен бесік тыныштығын қатар алып, қатаң тәртіп пен кәсібилікті үйлестіре білген сегіз қырлы, бір сырлы нәзік жандар қандай құрметке де лайық. Осынау көктем мерекесінде білектілердің жанына жалау бола білген бұрымдылардың еңбектері атап өтуге тұрарлық.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз