Баннер 9 мая от газеты Атырау

Карима – үздік учаскелік инспектор

whatsapp image 2024 03 09 at 01.03.58 Жаңалықтар

Тәртіп сақшыларының қызметі қашан да қарбалас пен қиыншылыққа толы. Тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтау жолында түн ұйқыларын төрт бөліп, тәртіптің таразысын бақылайтын учаскелік инспектордың еңбегі зор. Сондай алғыр тәртіп сақшысының бірі – полиция  капитаны Карима Ниязова. Ол Құрманғазы  ауылдық округінде тұратын 4800-ден астам тұрғынның  қауіпсіздігін  қамтамасыз  етеді.

Жаны нәзік болса да, қызметте темірдей талап пен тәртіпті бойына сіңіре білген учаскелік полиция инспекторы Карима Нұрланбекқызы да қызмет бабында шыңдалған білікті мамандардың бірі. Ол – Ақтөбе қаласының М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының түлегі.

– Атам мен әжемнің ақылымен, тәлім-тәрбиесімен, «айналайын» деген жылы сөзімен бойжеттім. Өкінішке қарай 2010 жылы әкем дүние салды. Кейін анама қарайлас болып, екі бауырыма деген жауапкершілігім арта түскендей болды. Осы себептен шығар, қыз баласының табиғатына келіңкіремейтін мамандықты таңдағаным, – дейді полицей ару.

Қазіргі таңда учаскелік полицейлердің жұмысын жақсартуға, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға жан-жақты көңіл бөлінуде. Есесіне, жұмысқа деген талап та күшейген. Жыл сайын тәртіп сақшыларын ынталандыру мақсатында «Үздік учаскелік полиция қызметкері» байқауы өткізіледі. Осы сында Карима Нұрланбекқызы жеңімпаз деп танылып, Атыраудың үздік учаскелік инспекторы атанған.

– Учаскелік полицейге артылған жүктеме көп. Құқық қорғау органдарының ішінде жауапкершілігі жоғары салада әкімшілік аумақтағы тұрғындардың тілін тауып, қайнаған тіршіліктің күретамырын басу жүктеледі. Меніңше, қай қызметті алсаңыз да талап пен тәртіп болуы керек. Мұндай өмірлік қағидам аталған байқауда да әріптестерімнен оқ бойы озық болуыма ықпал етті. Барлық үміткерлер дене шынықтыру және қаруды пайдалану, заңнаманы білу жөнінде білім-білігін сынға салды. Сонымен қатар, тұрғындардан шағымдар мен өтініштер бар-жоғы тексеріліп, қызмет көрсетілетін учаскедегі криминогендік жағдайдың бар-жоғы да есепке алынды, – деген жеңімпаз қыз облыс намысын республикада қорғайтынын жеткізді.

Иә, қауіпсіз, қылмыссыз қоғамның іргетасын қалайтын учаскелік инспектор жұмысының оңай емес екені белгілі. «Дегенмен, жүрек қалауым осы саланы таңдағасын артылған міндетті абыроймен атқару басты мақсатым» деген Карима Нұрланбекқызының жан жары да осы салада қызмет етеді екен.

Кейіпкеріміз – жұмыста полицей, отбасында жолдасы мен енесінің бабын тауып, ұл-қызын тәрбиелеп отырған аяулы ана. Қызығы мен шыжығы мол бұл қызметте Кариманың жетістіктері көп болсын дейміз.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз