Баннер 9 мая от газеты Атырау

Ескі қаладағы ЕСКЕРТКІШТЕР – өзгенің қалдығы емес, өз жәдігеріміз

rpararraparara Жаңалықтар

Жуырда Facebook әлеуметтік желісінде Дидар Хамзин есімді белсенді Атырау қаласындағы көнеден қалған ескі ғимараттарды, атап айтқанда, кезінде орыс көпестерінің иелігінде болған құрылыс нысан-дарын тарихи ескерткіш ретінде сақтап қалудың еш қажеттілігі жоқтығын айтып пост жазды.

Желі пайдаланушысы Амандық Есқали осы жазбаға қатысты ойын білдіріп: «Өте дұрыс айтады! Қаламыздағы ескі ғимараттарды түгел жоқ қылу керек. Бір кездері сол орыс-казак басқыншылары Жайық бойындағы ата-қонысында отырған жергілікті қазақтарды қуып шығып, шөлге қаңғытып жіберген жоқ па еді? Олай болса, бүгінгі қазақтар құлдық қамытын кигізген шовинистік империя қалдығын неге әспеттеуі қажет?» деген болатын.

Осыған орай, желідегі халық пікірі екіге бөлініп, қос тарап өз сөздеріне дәлелдемелер келтіріп жатты. Біз де талқыға түскен тақырыптан тыс қалмай, өңірдің тарихында өзіндік орны бар көне ғимараттардың тағдырына алаңдаушылық білдірдік. Тақырып өзегіне айналған тарихи ескерткіштердің болашағына қатысты тұшымды жауап бере алатын мамандарға жолықтық.

Бірі – дүкен, бірі – қонақ үй

Қаланың Самар бетінде сонау ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезінде бой көтерген ғимараттар əлі күнге дейін көше бойлап тұр. Олардың қазіргі келбет-кейпі де əртүрлі. Бірінің қабырғалары ғана қалса, енді бірі ша-тырсыз, есік-терезесіз, аңғал-саңғал күйінде. Қызыл кірпіштен салынған кейбір нысандардың тастары үгітіліп, бір кездегі көз тартар əсем келбетінен айырылған. Дегенмен, олардың арасында өзіндік тарихи кескінін толықтай сақтап, əлі күнге дейін ажарын бермегендері де кездеседі.

Мəселен, Б.Жарбосынов көшесіндегі бұрын сауда орны болған ғимарат қазір қала тұрғындарына қызмет көрсетіп тұрған – «Ренко» мейрамхана-сы. М.Есенов көшесіндегі қос қабатты нысанда «Болашақ-К» диагностикалық орталығы орналасқан. Ал, Əйтеке би көшесіндегі көпес Тудаковтың дүкені қазір «Орал» мейрамханасы ретінде көпшілікке айқара есік ашқан. Осылайша, бірі азық-түлік дүкеніне айналса, енді бірі қонақ үй қызметін атқаруда. Осылармен қатар көне ғимараттардың кейбірі тарихи сəулет жəне құрылыс нысаны ретінде мемлекет тарапынан қорғауға алынған.

Көне қала бұзылмайды

Əлеуметтік желідегі «көпестердің тұрған үйлерін бұзу» жөніндегі ой-пікірлер негізінен жергілікті əкімшіліктің Ə.Молдағұлова, А.Байтұрсынов, Б.Жарбосынов көшелеріндегі ескі жеке тұрғын секторларын жоспар-лы түрде сүру жұмыстарының жүргізілуіне орай айтылғаны анық. «Темірді қызған кезінде» дегендей, кейбіреулердің пікірінше, атқарылып жатқан кешенді жұмыс барысында «қазақтарға өзеннен мал суаруға рұқсат бермеген» көпестердің көне үйлерін де жермен-жексен еткен абзал болады-мыс. Осы орайда, бұзылуға жата-тын нысандардың қатарында өткен ғасырдың жəдігерлері саналатын та-рихи ескерткіштердің бар-жоқтығын облыстық архитектура жəне қала құрылысы басқармасының басшысы Гүлбаршын Арыстановадан білдік.

– Бүгінде мұнайлы астананы одан əрі көркейту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. 2017 жылы 12 бөліктен тұратын кешенді жоспар жасақталды. Ескі ғимараттарды сүрудің бірінші бөлігі Гагарин, Жарбосынов, Шевченко, Нəжімеденов көшелерінде жүргізіліп, 260 тұрғын үй бұзылды. Екінші бөлігінде жоспарда 320 нысан көрсетілген. Ол Пушкин, Молдағұлова, Есенов көшелерінде жүзеге асады. Жалпылай алғанда, ескі ғимараттарды бұзу жұмыстары 2035 жылға дейін жүргізіледі. Əрине, ғимараттарды жою алдын-да нысанның ерекшеліктері толықтай ескеріледі. Ал, көне қаладағы тари-хымыздан сыр шертетін нысандардың мəселесі бөлек қарастырылады. Жобалау кезінде тарихи құндылығы бар мұндай ғимараттарды барынша сақтап қалуға ұмтыламыз. Сондықтан, көненің көзі са-налатын қала ішіндегі нысандарды бұзу жоспарымызда жоқ, – деді Гүлбаршын Жолдасқызы.

Заңды бұзғандар жауапкершілікке тартылады

Мамандармен сұхбаттаса отырып байқағанымыз, өлке тарихында өзіндік орны бар ғимараттарды бір сəтте қирата салуды ешкім мақсат етіп отырған жоқ. Одан да, өткен ғасырдан бері қар мен жаңбырға төтеп беріп, бар болмысы-мен бағзы заманның кескіндік кейпін бойында сақтай білген сол тарихи ескерткіштерді аялай білуді басым бағыт санайды. Мұндай құндылықтардың өзі де облыста саусақпен санарлықтай екен.

Облыстық тарихи-мəдени мұраны зерттеу орталығының басшысы Мұқамбетқали Кипиевтің айтуынша, ескі қала аумағындағы тұрғын үйлер мен ғимараттардың тек 6-уы ғана Атырау облысы əкімдігінің қаулысымен бекітілген жергілікті маңызы бар тарих жəне мəдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген. Бұған қоса, 25 нысан тарихи-мəдени мұра объектілерінің алдын-ала есепке алу тізіміне алыныпты. – Əлеуметтік желіде көпестердің көне ғимараттарына байланысты айтылған пікірлерді де оқып отырмыз. Тарихи-мəдени мұраларды қорғауға тікелей қатысы бар мекеме ретінде осыған орай айтар пікіріміз де бар.

Біріншіден, жергілікті маңызы бар тарих жəне мəдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген нысандардың ешқайсысы бұзылмайды. Өйткені, ол – мемлекет қорғауында. Оны, тіпті, сол ғимараттың заңды иесі де бұза алмайды. Ал, ескерткішке қандай ма нұқсан келтірілген жағдайда кінəлі тұлға «Тарихи-мəдени мұра объектілерін қорғау жəне пайдалану туралы» заңға сəйкес жауапкершілікке тартылады.

Екіншіден, бұл тарихи нысандарға реставрация жасау мəселесі жергілікті əкімшілікте талқыланған жоқ. Себебі, бұл жоба өте күрделі, əрі көп қаражатты қажет етеді. Ғимараттар осы кезге дейін тек заңды иелердің өз қаражаттарымен ғана жөнделіп келеді, – деді орталық басшысы.

Жөндеу құны – 45 млн. теңге

Тарихи ескерткіштерді жөндеу үш түрлі жолмен жүргізіледі. Яғни, ол жеке меншік иесі жəне инвестициялар тарту арқылы жүзеге асады. Қайта жаңғырту жұмыстарына бюджет есебінен қомақты ақша бөлу жағы да бар. Соңғы тəсіл Атырауда əлі қолданыла қойған жоқ.

Тек, 2012 жылы Жарбосынов көшесіндегі «1917 жылы бірінші кеңес депутаттары орналасқан емхана» ғимаратына (ХІХ ғ.) реставрация жүргізу мақсатында жобалау-сметалық құжат жасақталған. Осылайша, сол кезде ескерткішті толықтай жөндеуден өткізу үшін 45 млн. теңге қажет екендігі анықталған. Алайда, құжатқа сəйкес жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Ал, нысандарды меншік иесі тарапынан жөндеу бағытында «Орал» мейрамханасының ауданы кеңейтіліп, қосымша құрылыс барысында ғимараттың тарихи келбетін толық сақтау жіті бақылауға алынған.

– Тағы бір айтарым, əлеуметтік желідегі белсенділер көне қаладағы ескерткіштерді өзгеден қалған мүлік деп емес, өз жеріміздің жəдігері деп қарағандары жөн. Мəселен, Ресейдің астанасы Мəскеуде, Кремльдің қасында Орда көшесі бар. Шындығына келгенде көрші ел 300 жыл бойы Алтын орданың қоластында болды ғой. Соған қарамастан, олар талай ғасыр теперіш көрсеткен елге қатысты атауды еш өзгеріссіз қалдырған. Осыдан сабақ алуымыз керек, – деді Мұқамбетқали Кипиев.

Өткен өмірдің елесін көз алдымызға әкелер көне ғимараттар қашан да қадірін жоймайды. Тұла бойы тарихқа толы жәдігерлеріміздің әр кірпішін аялағанымыз абзал болар. Осы себепті, ескі қаладағы ескерткіштердің шынайы құнын бағалай білейік, ағайын.

Мұратбек ЖАҢАБАЙ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз