Баннер 9 мая от газеты Атырау

Есімін есте қалдырсақ…

whatsapp image 2021 06 11 at 11.06.05 Жаңалықтар

Ұстаз болу, сол мамандықты меңгеру басқа да, мұғалімдік қызметті абыроймен атқаруы арқылы ел жадында жатталу – мүлдем бөлек. Әндіржан Қасымов – сондай жан. Жан-тәнімен беріле жұмыс жасап, бірнеше буын шәкірт тәрбиелеумен қатар, білім саласына өлшеусіз үлес қосқан мектеп директоры, шебер ұйымдастырушы ретінде ел есінде қалған.

Мен Әндіржан Қасымовпен жұмыстас, аралас, дәмдес болған жоқпын. Құрманғазы ауданының орталығындағы Абай атындағы орта мектепте 1947-1950 жылдары оқыған шәкіртімін.

Ол тұлғалы жан-ды. Үш-төрт адам қатар келе жатса, Әндіржан ағайды алыстан-ақ жазбай танитынбыз. Жүріс-тұрысы қандай орнықты болса, мінезі де сондай жайлы, сөзі салмақты. Біреуге дауыс көтеріп, жекіп сөйлегенін ешқашан естімедік.

Әндіржан Қасымов басқаратын аудандағы жалғыз әрі бірден-бір орта мектепте оныншы сыныптың өзі төртеу болды. Қандай шара болса да, Қасымовтың мектебінсіз, ондағы жоғары сынып оқушыларынсыз өтпейді. Жан-жақты жасақталған, ірі шараларға ұйытқы болып, белсене араласатын іргелі білім ордасын басқару да оңай шаруа емес қой. Аудандағы білім саласына қатысты барлық жиындар да залы үлкен әрі жақсы безендірілген осы мектепте өтеді. Әрине, ондайда барлық істің басы-қасында директордың өзі жүреді. Сол кездегі қиын шақты басынан кешпеген адамға бәрі жеңіл көрінуі әбден мүмкін. Бірақ қанша жоқшылық қысқанмен, үлкен мектепте тәртіптен шашау шыққан емес.

1949-1950 жылдың қысы өте қиын болғаны есімде. Қатты аяз, батыстан бет қаратпайтын боран бірнеше күн тынбастан соқты. Жақын жердегі балалар бір-екі күнде үйлеріне кетіп үлгерді. Біз сияқты ата-анасы қашықта тұратын және малшылардың балалары көлік болмай, үйге қайта алмадық. Әндіржан ағай сонда бізді уайымдап, тұншықпа боранға қарамастан, жатаққа арнайы келіп тұратын-ды. Қардың қалыңдығынан есік алдындағы баспалдақ көрінбейді. Дереу жақын маңдағы мектеп қызметкерлерін жиып, «халықтың баласын өлтіріп алармыз, мұқият болыңыздар, балалар далаға шықпайтын болсын» деп тапсырма берді. Сөйтіп, оқушылар үшін қолайлы жағдай жасауға өзі тікелей араласып, басы-қасында жүрді. Қиын мезгілде істі жедел, нақты ұйымдастыра білді.

Жатақтың қасында тамақ сақтайтын қойма бар-тын. Оны да қар төбесіне дейін түгел басып қалған, жермен-жексен. «Жоғары сыныптың балалары қалың киініп, қойманы қардан аршысын» деген тапсырма алдық. Онымен бет қаратпайтын боран қарды кері ұйытқытып, ісіміз өнбеді. Ақыры, тамақты орталықтағы дүкендерден тасып әкелді. Жатақтағы балалардың тұрмыс-тіршілігін әркез назарында ұстады. Ұзын бөлмеге жалғастыра қойылған үстел басында тамақтанып отырғанымызда жай басып сыртымыздан бақылап, қарап жүретінін жиі көретінбіз.

Қаһарлы қыстың тағы бір қиыншылығы отын еді. Онсыз да қат көмірді армандамаймыз, жатын орынды жылытатын да, тамақты пісіретін де – қамыс. Оны таситын екі өгіз қалың қардан омбылап жүре алмайды. Қарлы боран сәл ішін тартқан шақта директор мектептегі үш ер мұғалімді шақырып, арғы беттегі маслопромнан қамыс әкелуге тапсырма берді. Жоғары сынып оқушылары болғандықтан, біз де сол қатарға қосылып, далаға шықтық. Байқасақ, жолсыз жермен тіке тартқан ұзын тізбектің ең басында директор Әндіржан Қасымовтың өзі бастап барады екен. Әркім өз шамасына қарай, екі бау қамысты қосақтап байлап, төбемізге көтеріп, әлгі ізбен қайта оралдық. Осылайша, жан-жақты ұйымдастырылған жұмыс нәтижесінде жарты күн ішінде-ақ 270 бау қамыс әкелінгенін шуласа айтып жүргеніміз есімде.

Әндіржан ағай бізге анатомия пәнінен сабақ берді. Алдымызға адамның қаңқасын алып келіп, тәптіштеп түсіндіргенде ертегі тыңдағандай әсерде қалушы едік. Кейін директордың тікелей араласуымен мектеп жанынан спорт зал салынды. Тир жасатып, өзге де спорттық құрылғылар қондырды. Жоқшылық кез ғой, таң алдында оянып кетсек, спорт залға әскери комиссариат, милиция қызметкерлері келіп жаттығып жататынына талай куә болғанбыз.

Ұстаздық – жұмысы ауыр, алғысы аз мамандық. Мұғалім болу өз алдына, оның адал, абыроймен атқарған басшылық және қоғамдық жұмыстарына лайықты баға берілгені жөн. Егер Құрманғазы ауылындағы мектептердің бірі сол кездегі ең жоғары марапат – Ленин орденді ұстаз, тәжірибелі басшы, шебер ұйымдастырушы Әндіржан Қасымовтың есімімен аталса, ұлағат иесінің ізгілікті ісін дәріптеп, құрмет білдірген болар едік. Бұл ұсынысымды қолдайтындардың облыстың, тіпті еліміздің әр өңірінен де табылатынына шүбәм жоқ. Себебі, ұстаздық білім-білігіне қоса шебер ұйымдастырушы бола білген Әндіржан ағайдың әкелік қамқорлығын көріп, қанаттас жүрген жандар саны күн санап азайып барады. Ал, қиын шақта елді ұйымдастырып, заманға сай білім беру ісін өз дәрежесінде жүзеге асырған ұстаздың ұмытылмас ісін ұрпақ санасына сіңіру – оның көзін көрген толқынның басты парызы. Сабақтастықтың негізгі принципі де сонда жатыр.

Насихат АБДУРРАХМАНОВ,

шәкірті, білім саласының ардагері.

Атырау қаласы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз