ДЕНСАУЛЫҚҚА САЛҒЫРТ ҚАРАУҒА БОЛМАЙДЫ

Жаңалықтар

Жазғы демалыс жайлы болды

Биылғы маусымда облыста барлығы 10458 баланы жазғы тынығу, сауықтыру шараларымен қамту жоспарланып, нақтысында бұл көрсеткіш 11742-ге жеткізілген. Соның ішінде, мектептер (жалпы саны 136) жанынан ұйымдастырылған лагерьлерде 7413, «Қазақстан геологы» емдеу пансионатында 1440, облыстық білім басқармасына қарасты «Тұлпар» лагерьінде 1250, Индер, Жылыой, Махамбет аудандарындағы «Жас өркен», «Балдәурен», «Арай» лагерьлерінде 1639 оқушы жазғы демалыстарын өткізген.

Осылайша, балалардың жайлы да алаңсыз демалысын қамтамасыз етуге күш салынған. Әсіресе, осы шаруаға жауапты мемлекеттік орындар мен құзырлы қадағалаушы құрылымдар тарапынан лагерьлерде санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың қатаң сақталып, тынығушылардың уақытылы да сапалы тамақтануына, бос уақыттарын тиімді өткізуіне, ең бастысы, профилактикалық жұмыстардың жүйелі жүргізілуіне күш салынып, жіті назар аударылған. Соның нәтижесінде, оқушылар арасында өткір ішек ауруларының, ботулизм мен жаппай тамақтан уланудың бірде-бір дерегі тіркелмеген. 

Сақтанбаса, қызылша да қауіпті

Үйлестіру кеңесінің күн тәртібіне енгізілген екінші мәселе – облыста 15-19 жастағы жасөспірімдер арасында қызылшаға қарсы қосымша иммундау шарасының нәтижелеріне қатысты болды. Осыған байланысты да хабарлама жасаған облыстық Тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Өмірзақ Зинуллиннің айтуына қарағанда, осы мақсатта 12180 дана вакцина бөлінген. Қазан айының 1-інен бастап қолға алынған жаппай иммундау жұмыстарының барысында жоспарланған 12056 адамның 11592-сі немесе 96,1 %-ы екпемен қамтылған. Білгеніміздей, жоспар Индер, Мақат, Махамбет аудандарында толықтай орындалса, Атырау қаласы мен Исатай, Қызылқоға, Құрманғазы аудандарында 95,5 %-дан жоғары деңгейді қамтыған. Тек Жылыой ауданында ғана ол облыстың орта көрсеткішінен төмен (92,8 %) болып отыр. 

Тұмаудан екпе ғана құтқарады

Селекторлық режимде өткен кеңесте қаралған келесі бір өзекті мәселе – тұмау мен жедел респираторлық ауруларға қарсы күрес шараларының жайы еді. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысы Өмірзақ Зинуллин бұл тұрғыда біраз мәліметтерді алға тартты. Мәселен, жоғарыда аталған ауру түрлеріне көбірек шалдығатындар 14 жасқа дейінгі балалар екен. Олардың үлес салмағы 70-80 %-ды құрайды. Сондықтан, бірінші кезекте осы топтағылардың міндетті түрде екпеден өткізіліп, сақтық шараларының алынуын қамтамасыз ету керек.

Алдағы қараша айының 15-іне дейін бұл жұмыстар толығымен аяқталуы қажет. Десек те, мұнда да айтарлықтай кемшіліктерге жол берілген. Дәрігерге мезгілімен қаралмай, жылына бір міндетті вакцинаны қабылдамауы себепті жыл басынан бері тұрғындар арасында тұмау ауруы асқынуының тоғыз дерегі тіркеліп, қауіпті жағдай орын алған. Көбінесе, көктем мен күз айларында жиірек бас көтеріп, қауіп төндіретін тұмауға қарсы екпемен биыл 37 000 адамды қамту межеленген. Әйткенмен, бұған қажетті қаражаттың жеткіліксіздігі, мәселенің маңыздылығына жете мән берілмеуі себепті опық жеп қалатынымызды жасырудың жөні жоқ.

Дәулетқали АРУЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған