Бүгін – Ұлттық басылым күні

gazetyy Жаңалықтар

Өткен жылдың екінші ақпанында өмірге Ұлттық басылым күні келген болатын. Бұл күнді екпін түсіре атап өту де бекер емес. ХХ ғасырдың басында 1913 жылдың 2 ақпанында қазақтың оқығандары мен зиялылары Орынбор қаласында алғашқы жалпыұлттық «Қазақ» газетін ашып, ұлттық сана бой көтерді. Ұлттық басылымның бастауындағы ұлы тұлғалар қазақ үнпарағы арқылы халықтың ақыл-ойы мен сана-сезіміне сілкініс жасады. «Қазақ» қазақты оятты десе де болғандай. Бұл қазақ көсемсөзінің бастауында тұрған Әлихан Бөкейханды, азаттық жолында алысқан барлық Алаш қайраткерлерін ұлықтау деп түсінген жөн-ау. Бұл ұлт тұтастығы мен тарихи әділеттілік тұрғысынан дұрыс шешім болғандай…

Жалпы, бұл алғашқы қазақ кітаптары, ұлттық баспасөз құралдары, жаңаша мектептер пайда болып, ұлттық қозғалыс қалыптасқан кезең-тұғын. Міне, атаулы күн тарих тасасында қалып қоймай, 110 жылдан кейін «Ұлттық басылым күні» болып қайта түледі.

Тарихтан тәбәрік болсын, үнпарақтың редакторы – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы болса, Ақаңның сенімді серігі тағы бір Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлы басылымның өкілетті өкілі болған екен. Басылым сол кездегі қазақтың меценаты атанған Мұстафа Оразайұлы мен басқа да жанашыр азаматтардың көмегімен «Азамат» серіктестігінде басылыпты. Ал, «Алаш» партиясының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханов пен басқа да алаш ардақтылары газеттің тұрақты авторлары болып мақала жазып тұрған деседі. «Қазақ» газетінің өзі 1913-1918 жылдар аралығында әуелі аптасына бір рет, кейін жетісіне екі рет шықты. Жалпы 265 нөмірі жарық көрген. 1917 жылдан бастап «Қазақ» газетінің ізін басып Семейден «Сарыарқа», Ташкенттен «Бірлік туы», Ордадан «Ұран» газеттері шықса, 1918 жылы Семейден «Абай» журналы, ал, Петропавлдан «Жас Азамат» газеттері бірінен соң бірі жарық көргені тарихтан мәлім.

Қарапайым шаруалар мен кедейлердің үні ретінде қазақ тілді басылымдардың келесі бір толқыны пайда болды. Олардың қатарында еліміздің батыс өлкесіндегі алғашқы ұлттық басылымдардың бірі «Атырау» газетінің бастауы болып табылатын «Ерік» газеті де бар. Өткен жылы ғасырлық торқалы тойы аталып өткен басылымның алғашқы саны 1923 жылы жарық көреді. «Қазақ» газетінің батыстағы сенімді сыңарындай болып, ізін жалғаған «Ерік» талайғы тар жол, тайғақ кешулерден өтіп, басылым атауы замана ағымына сай өзгеріп отырғаны да бар. Жергілікті халықтың қажетіне байланысты жарық көрген «Ерік» әр жылдары «Жұмыскер тілі» (1924 ж.), «Жем жұмысшылары» (1932 ж.), «Социалды құрылысқа» (1933 ж., қыркүйек), «Социалды құрылыс» (1933 ж., қараша), «Социалистік құрылыс» (1938 ж., қаңтар), «Коммунистік еңбек» (1963 ж., мамыр) атауларымен жалғасты. Тарихтың сан тауқыметін тартқан тарихи басылым тек 1990 жылдың маусымынан бастап бүгінгі қолданыстағы атауы «Атырау» есімімен үздіксіз шығып тұр.

Облыстың тарихынан сыр шертетін қазыналы басылымның жылнамасы тағылымға толы, кемеліне келген заманауи басылымға айналды. Оған көзі қарақты оқырман куә. «Ерік» газеті жарық көргеннен бастап халықтың жүрегін сыздатқан өзекті тақырыптарды көппен бірге талқыға салды. Ұлттың тағдыршешті де өткір мәселелерін қаузады. Басылым тарихында есімдері алтын әріппен жазылған Әбу Сәрсенбаев, Асқар Тоқмағамбетов, Сәбит Мұқанов, Ғабдол Сланов, Хамит Ерғалиев, Жұмекен Нәжімеденов, Берқайыр Аманшин, Зейнолла Қабдолов, Әбіш Кекілбаев, Әнес Сараевтардың шығармалары арқылы ұлт зиялыларының басы бірікті. Ал барша журналистің ұстазы болған Тауман Амандосов, қазақтың көрнекті ақындары Меңдекеш Сатыбалдиев, Фариза Оңғарсынова, Марат Ысқақовтар ұттық мүдде жолында қызмет етіп, бұқараның мәселесіне бас ауыртып, халықтың мұң-мұқтажын көтере білді.

Айтпақшы, сол кездегі батыс басылымдарының ішінде екі бірдей «Еріктің» болғаны айтылып жүр. Бұл туралы денсаулық тақырыбында кітап жазған Алаш зиялыларының бірі де бірегейі Ахмет Мамытұлының (Мәметов) «Қызыл ту» (қазіргі Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі») газетінің бес жылдық мерейтойына арналған нөмірінде (№3, 1926 жыл, ғенуардың 8-і, жұма) жарияланған мақаласында да айтылады:

«19-ншы жылдың аяғы, 20-ншы жылдың басы Орал облысына сәбет үкіметінің жаңа-жаңа ғана орнап жатқан кезі еді. Жымпиты қаласынан жолдас Нұрғали Епмағамбетұлы екеуміз Текеге келдік. Теке қаласында қазақтан 2-3 жолдастарды ғана ұшыраттық. Бір күні губком хатшысы жолдас Петровский қазақ жігіттерін жинап алып, қазақ тілінде бір газет шығарудың керек екенін, соған ат қойып, шығарушы белгілеуді ұсынды. Біз де дұрыс көріп, 2-3 күн ішінде губкомға қайтадан жиналатын болып тарадық. Ертеңіне 4-5 қазақ: мен, Қаратілеуұлы, Епмағамбетұлы, Әлібекұлы бір үйде жиналып, қазақ газетіне ылайық ат қойып алуды кеңестік. Сөйлесе-сөйлесе келіп, екі атқа тоқтадық. Біреуі «Толқын», екіншісі «Ерік» деген аттар еді. Бірінші сөзді мен мақұлдасам да, басқа жолдастар екінші сөзді мақұлдап, газеттің аты «Ерік» болды. Сонан соң қайтадан губкомға бардық. Газет туралы өзара кеңесіп, атының «Ерік» болуын ұйғарғанымызды білдірдік», – дейді де, Жымпиты қаласында баспахана құрылып, «Ерік» газеті шыға да бастағанын жазады. Және жазбасының ішінде ««Ерік» газеті де жойылған жоқ. Ол да баспақанасыменен Үйшікке (Гурьев) көшіп, «Жұмыскер тілі» деген атақпен шығып отыр» деп көрсетеді.

Тұтас бір аймақтың жылнамасына айналған үнжария – бүгінде шоғыры биік басылым.

Айтпақшы, бізден басқа тамырлас қырғыз, қалмақ, моңғол, саха, удмурт елдерінде де ұлттық басылым басылған күнді ұлықтайтын игі дәстүр бар екен. Мәселен, әзербайжан интеллигенциясының көрнекті өкілі, ағартушы Ғасанбек Зардаби 1875 жылы 22 шілдеде «Экинчи» газетінің тұңғыш санын шығарған деседі. Осы себепті, Әзербайжанда 22 шілде – Ұлттық баспасөз күні. Якуттар 1907 жылы 12 шілдеде жарыққа шыққан якут тіліндегі «Саха дойдута» («Якутский край») газетінің туған күнін Саха Республикасының басшысы Айсен Николаев 2020 жылы «Ұлттық баспасөз күні» деп белгілеп, бұл айрықша датаны салтанатты жағдайда атап өтеді екен. Осыдан 106 жыл бұрын қалмақ тіліндегі «Өөрдин зәңг» – «Ойратские известия» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Ал, Қырғызстанда «Ақпарат және баспасөз күні» деп аталатын мереке бар болып шықты. Ол  1924 жылы 7 қарашада алғашқы саны басылған «Эркин Тоо» ұлттық басылымының құрметіне орайластырылыпты. Аталған басылым 1991 жылдан бері ол «Кызыл Туусу» деп аталып келеді. Осыдан екі жыл бұрынғы наурыздың 2-сінде  удмурттықтар алғаш рет Ұлттық баспасөз күнін атап өтті. 107 жылдық тарихы бар  удмурт тіліндегі «Войнаысь ивор» («Вести в войны», қазіргі атауы – «Удмурт дунне») газетінің құрметіне қойылған даталы күні ұлттық баспасөздің дамуына ерекше үлес қосып жүрген журналистер марапатталады.

Расында, мұндай атаулы күн ұлттық баспасөз тарихын заман талабына сай ұлттық мүдде тұрғысынан қайта қарап, төл тарихын толықтыра түсуге мүмкіндік берері сөзсіз.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Сурет: Freepik.com

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз