БАЛШЫҚТАН қашан құтыламыз?

izobrazhenie 2022 04 05 183201076 Жаңалықтар

ИНДЕР АУДАНЫНЫҢ ОРТАЛЫҒЫНДАҒЫ «БОЛАШАҚ» ШАҒЫН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ ДАБЫЛ ҚАҒЫП ОТЫР.

АСФАЛЬТ ЖОЛДЫҢ ЖОҚТЫҒЫНАН, ЖҰРТ БАЛШЫҚҚА БАТЫП, ОЛАРДЫҢ ОРТАЛЫҚҚА ҚАТЫНАУЫ МҰҢҒА АЙНАЛҒАН. «ЖЫЛ САЙЫН МӘСЕЛЕМІЗДІ ИНДЕР АУДАНЫ ӘКІМДІГІНДЕГІЛЕРГЕ, БАСҚА ДА ЖАУАПТЫ ҚҰРЫЛЫМДАРДЫҢ БАСШЫЛАРЫНА АЙТЫП КЕЛЕМІЗ. АЛАЙДА, ОНЫҢ НАҚТЫ НӘТИЖЕСІ БО ЛМАЙ ТҰР. БҰРЫН ОСЫНДАҒЫ №4, 6 КӨШЕЛЕРГЕ ЖОЛ ТӨСЕЛГЕНІМЕН, ОЛАРДЫҢ ДА ОҢЫП ТҰРҒАНЫ ЖОҚ. БІР СӨЗБЕН АЙТҚАНДА, ҚАШАН БАЛШЫҚТАН ҚҰТЫЛЫП, ЕЛ ҚАТАРЛЫ ӨМІР СҮРЕР ЕКЕНБІЗ?» ДЕЙДІ ТҰРҒЫНДАР АТЫНАН ХАБАРЛАСҚАН ҚУАНДЫҚ НҰРМАҒАМБЕТОВ ПЕН ЖАҢЫЛ АМАНҒАРИНА.

Осы сауалға орай Индер ауданы əкімінің орынбасары Бауыржан Иманғазиев төмендегідей мазмұнда жауап берді:

– 2009 жылдан бастап салынған «Болашақ» шағын ауданының қордаланған проблемалары аз емес. Айналасындағы елді мекендерге түгелдей дерлік тас жол салынғанымен, дəл осы шағын аудан тұрғындарының қатты қиындық көріп отырғаны рас. Бұл жерде «Таусəулет» ЖШС-гі демеушілік қаражаттың көмегімен үш көшеге ғана жобалау-сметалық құжаттама жасақтаған. Бəрі ойдағыдай болып жатса, жол жобалау жұмыстарын биыл одан əрі жалғастыру ойда бар.

«Ештен кеш жақсы» дегендей, мердігер кəсіпорынды анықтау жөнінде осы жылдың наурыз айында мемлекеттік сатып алу порталына тапсырыс орналастырылды. Конкурс ойдағыдай өткізіліп, жеңімпаз анықталған жағдайда (оның мерзімі 60 күн немесе екі ай) құрылыс нысанының жобалау-сметалық құжаттамасын жасақтауға 7, əрмен қарай экологиялық жəне мемлекеттік сараптамадан өтуге əрқайсысына 2 айдан уақыт қажет. Осы процестер белгіленген мерзімінде аяқталғаннан кейін ғана қаржы көздерін іздестіруге сұраныс беріледі.

Бұдан бөлек, «Болашақ» шағын ауданында орнатылған коммуналдық құбыр қақпақтарының ұрланып кетуіне байланысты, оларды теңгеріміне алып отырған «Индер-Су» КМК келтірілген шығындарды есептеп, қалпына келтіру шараларын қолға алатын болады.

Сондай-ақ, осыннан салынатын 300 орындық мектеп пен 200 орындық мектеп-интернаттың құрылысына жобалау-сметалық құжаттама жасақтап, мердігер кəсіпорынды анықтауға ашық конкурс өткізу туралы хабарлама мемлекеттік сатып алу порталына жарияланды».

Аудан əкімі орынбасарының бұған қоса айтқаны, Индербор кенті аумағындағы «Шығыс» шағын ауданында халық толықтай қоныстанған болса, «Болашақ» ш/а бойынша бұл көрсеткіш 40-45% шамасын құрайды. Орын алған проблемалар толығымен шешімін тапқанға дейін мұнда тұрғындар да түгелімен қоныстанып болады деген болжам бар. Ал, қазіргі қиындықтардан шығу үшін уақытша шаралар алынып, халықтың тұрмыс жағдайы мен қатынасына қолайлы жағдайлар жасалады.

Дəулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз