07afd5056cb6cbd15180f7f61aa917b8 big

Аудан орталықтарынан ірілендірілген мектеп ашсақ…

Білім Жаңалықтар Саясат Қоғам

Atr.kz/2 қыркүйек, 2019 жыл. Дарынды балалар ауылда да, қалада да бар. Ата-ана, мектеп, мұғалімнен бастап тұтас қоғамның міндеті – осындай балаларымызға болашақ үшін жол ашып беру. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында ауыл мен қала мектептеріндегі білім берудің алшақтығы мәселесін орынды қозғап отыр.

Егер біз шағын ауылдардағы дарынды балалар үшін аудан орталықтарынан ірілендірілген мектеп ашатын болсақ, білікті мамандарды бір арнаға шоғырландыра алсақ, нәтиже көп күттірмейді. Бастысы, мұндай ірілендірілген мектептер жатақханадан бастап, кең жолақты кідіріссіз интернетпен, толықтай инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі керек. Және ірілендірілген мектептерге ең алдымен әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балаларды қабылдауға басымдық беретін болсақ, Жолдауда жүктелген негізгі міндет орындалған болар еді.

Дарынды ауыл жастарын іріктеп, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына дайындау керек.  Аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қолдау үшін Үкіметке Дарынды баланың қабілетін дамытудың жол картасын әзірлеуді тапсырамын.

(Жолдау жолдарынан)

Бұған дейін біздің еліміз Сингапур, Малайзия мемлекеттерінің тәжірибесін басшылыққа алып келді. Рас, ол елдердің экономикасы біздің республикамыздағы жағдайдан әлдеқайда дамып кеткен. Дегенмен, әлеуметтік құрылымда ұқсастық көп. Сондықтан, ірілендірілген мектептерде қазақ, орыс тілдерімен бірге, ағылшын, қытай тілдерін меңгертуге басымдық берсек, нәтиже жаман болмайды. Және жоғары сыныптың балаларын белгілі бір мамандыққа мектеп жасынан бейімдеу мәселесін де нақты іске асыратын кез келді.

 Тағы бір қосарым, білім берудің форматын өзгертуіміз қажет. Әсіресе, Монтессори, Френе, Штайнер, Мортан, Вальдорф лабораториясының тәжірибесін білім саласына мықтап енгізген Финляндия мектептерінің үлгісін болмысымызға бейімдеп, іске қоссақ жаман болмаймыз.

Лесқали БЕРДІҒОЖИН,  

тарих ғылымдарының докторы, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің доценті.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған