ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА ЖЕТЕЛЕЙТІН ЖОЛ
Әр министрлік пен жергілікті атқарушы орган алдында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жария еткен бес институционалдық реформаны жүзеге асыру мақсаты тұр. Жиында осы мақсаттарға жету жолдары нақтыланып, іске асыру тетіктері сөз болды.
ҚР Президенті Әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Б.Майлыбаевтың айтуынша, әлеуметтік блок министрліктері, жергілікті атқарушы органдар және жалпы қазақстандық қоғам алдында бес нақты реформаны сатылап іске асыру және Ұлт жоспарында Елбасы жүктеген нақты мақсаттарға қол жеткізу міндеті тұр.
Мемлекет басшысы атап өткендей, еліміздің басты мақсаты әлемнің ең озық отыз елінің қатарына ену және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің стандарттарына қол жеткізу болып табылады.
Жиын төрағасының атап өтуінше, қоғам өмірінің басты салаларын жаңғыртуға бағытталған «Ұлт жоспары — 100 нақты қадамның» 15 қадамы мемлекеттік аппарат кәсібилігін арттыруға бағытталған. 19 қадам сот жүйесі мен құқық қорғау органдарының жұмысын жаңғырту бойынша тиімді іс-қимылдар болса, 50 қадам — жаңа жоғары технологиялық экономикалық өсім мен адам капиталын дамытуды ынталандыратын, қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған нақты, әрі тура шешімдер. 6 қадам — жалпықазақстандық қоғам бірлігінің сәйкестігін, «Мәңгілік Ел» құндылықтары жүйесін дамытуды болжап отырған салмақты шаралар. Ал, 10 қадам «Ашық Үкімет» жұмысының механизмдерін, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен есеп берушілігін, қоғамдық бақылау, азаматтық қатысуды күшейтуді жетілдіруді қамтамасыз етеді.
Аталған реформалардың қай-қайсысы да, сайып келгенде, ішкі-сыртқы қауіп-қатерлердің алдын ала отырып, барлық күш-жігерді мемлекеттілікті нығайтуға, халықтың әл-ауқатын төмендетпеуге, әлеуметтік міндеттемелерді мүлтіксіз орындауға жұмылдыруды көздейді.
Сол секілді, кеңес барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары — ҚХА хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоғжанов, Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы баяндама жасап, көзделген мақсатқа жетудің жолдарын атап көрсетті. Кеңес соңында нақты тапсырмалар жүктеліп, кеңестер берілді.
Гүлжан ӘМІРОВА.