ТЕРМОЖАҢҒЫРТУ ТИІМДІЛІГІ НЕДЕ?

Атыраудағы тұрғын үйлерді терможаңғырту көп қабатты үйлерді түрлендіре түсті. Ал, ол шынында қалай басталды, оның жұмыстары  қалай жүрді?

Ең алдымен, құрылыс жұмыстарымен айналысатын мердігер компанияны тұрғындар өздері дауысқа салып таңдап алды. Әр пәтердің аумағына орай төлем мөлшері белгіленді. Кейін несие сомасын басқа коммуналдық төлемдермен бірге ай сайын аударып отыру міндеттелді.

Кез келген үй аталмыш бағдарламаға іліне бермейді. Ол үшін тұрғын үйде пәтер иелерінің кооперативі немесе басқа да бір басқарушы орган жұмыс жасауы керек. Үй кондоминимум нысаны ретінде халыққа қызмет көрсету орталығында тіркелуі тиіс. Осы ретте, жергілікті атқарушы билік соңғы үш жылда көп жұмыс атқарды. Ендеше, Бақтықожа    Салахатдинұлы Ізмұхамбетов бастаған облыс басшылығына жұртшылықтың ризашылығы шексіз.

Былтырдан бері терможаңғыртуға орай жөндеу жұмыстарының екі түрі қолданылып келеді. Біріншісі – минималды, яғни, шатыр, жертөле, дәлізді жөндеу. Екіншісі – максималды, оған лифтіні жөндеу де енеді. Кәріз, жылу жүйелері мен су құбырлары күрделі жөндеуден өтеді не түгелімен ауыстырылады.

«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ Атырау филиалының директоры Серік Хайрошевтің айтуынша, келісімін бермеген тұрғындардың 30 пайызымен жергілікті әкімшілік тарапынан түсінік жұмыстары жүргізілген.

– Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын қайта жаңғыртуды білікті басшы назардан тыс қалдырмады. Нақты деректерге жүгінсек, бүгінгі таңда кондоминимум нысандарының тең жартысы пәтер иелері кооперативтеріне біріккен. Жоспарлы түрде жүргізілетін коммуналдық желілер мен инженерлік инфрақұрылымдарды жөндеу, тұрғын үйлерді терможаңғырту жұмыстарына осы ПИК-тер тапсырыс беруші де, орындаушы да  қызметтерін қатар атқарды. Қазірде бұларға қойылып отырған басты талап – тұрғын үй қорын басқару мен оларды күтіп-ұстау жөнінде шарттық қатынастарды қалыптастыру, бәсекелестікті дамыту үшін функцияларды айқындап, өзара бөлісіп алу, – дейді Серік Дүйсенұлы.

Осы бағытта қалада да, аудандарда да қарқынды жұмыстар белең алды. Облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы терможаңғырту бағдарламасы бойынша үйлерді жөндеуден өткізу үшін қажетті шара қабылдауды міндет етіп қойды. «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасы бойынша «Ағымдағы жайластыруды және бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру» үшін 790,7.0 млн. теңге бөлініп, толықтай игерілді. Айталық, Құлсары қаласындағы ықшамаудандардың кәріз жүйелері және үш мектеп күрделі жөндеуден өтті.

Өткен жылдың қорытындылары бойынша құрылыс жұмыстары көлемі 146,4 пайызға өсті. 56 726 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Мақат ауданының Доссор поселкеcіндегі кәріз су жүйесінің құрылысы аяқталды. Сондай-ақ, демеушілік көмекпен Мақат кентіндегі 11 көп қабатты және Доссор кентіндегі екі көп қабатты тұрғын үйдің төбе шатырларына  күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мақат кентіндегі сегіз көп қабатты тұрғын үйдің жер төлелері күрделі жөндеуден өтті.

Ағымдағы жылы Атырау қаласы бойынша жиырмадан астам көп пәтерлі тұрғын үйлерді терможаңғырту бағдарламасы бойынша күрделі жөндеумен қамту жоспарланған еді. Қаражаты шешіліп, мердігері мерзімінде анықталып, жұмыс басталып, кестеге сай жүргізілуде дегенмен, оның барысында кейбір кедергілер мен баяулап қалған тұстардың да орын алып отырғандығы жасырын емес. Тіпті, жөнге келтіріліп, жаңғыртылып қойған үйлердің өзінде мердігерлерден өзге коммуналдық, басқа да қызмет көрсетуші мекемелер тарапынан орындалатын іс-шаралардың бір уақытта, қабаттаса жүргізілмеуі себепті біткен шаруаның өзін қайталап жасауға тура келетін жайлар кездесті.

Оның үстіне, жекелеген тұрғындармен келісім-шартқа отыру, ай сайынғы ақысын төлеу, т.б. мәселелерде қиындықтардың туындап отырғаны да шындық. Айталық, «Авангард-3» мөлтекауданындағы №42 және 43 көп қабатты үйлер «Ануар-Авангард» пәтер иелері кооперативіне (төрайымы Людмила Шараватова) қарайды. Алдыңғысына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген «Бакар», ал, соңғысына «Үйшік building» ЖШС-тері. Мердігер мекеме өкілдерінің айтуынша, жоспарланған жұмыстар толығымен аяқтала келген. Атап айтқанда, екі үйдің төбе шатырлары ауыстырылып, кірме дәліздері жаңартылған. Жертөлесіндегі инженерлік-коммуникациялық жүйелері де жөнге келтірілген. Электр қуатын есептеу қондырғыларының қораптары жаңасымен алмастырылып, домофондар орнатылған. Кабельді теледидардың желілері қайтадан тартылған. Бір кемшілігі, осы шаруалардың бәрі бір мезгілде атқарылмағандықтан, ілгерірек жасалып кеткен жұмыстарды қайталауға тура келген. Ал, бұлар қосымша шығындар шығуына соқтырды.

Ал, Балықшы кентінің А.Құнанбаев көшесіндегі №15, 15а, 19 және 30 көп қабатты үйлер (әрқайсысында 50, 70, 100 пәтер-ден бар). Салынғанына, алды отыз жылдан асқан, соңына жиырма жыл толып, тозығы жеткен бұл үйлердің де жағдайы ескеріліп, терможаңғыртумен қамтылуға жататын нысандардың тізіміне кіргізілген. Жоспарланған жұмыстарды орындау «Эра», «ГИЛ СЕР», «Бәйтерек Каспий Сервис» ЖШС-тері мен «Гаджиев» жеке кәсіпкерлігіне жүктелген. Бұлардың да өз міндеттерін мейлінше тиянақты, ыждағатты атқаруға тырысқандары аңғарылды. Ең алдымен жылдар бойына лас суға толып тұратын жертөлелер құрғатылған. Одан соң кірме дәліздердің есіктерінен бастап, баспалдақтары, қабырғалары жөнделген. Төбе шатырлары мен балкондары ғана емес, әр үйдің іргетас қабатының да ішкі-сыртқы беттері әрленіп, адам танымастай өзгертілген. Арасында шалағайлау, атүсті жасалып кеткен тұстардың да барлығы байқалды. Соған қарамастан, салыстырмалы түрде белгіленген іс-шаралардың бекітілген кестеден ауытқымай, сапалы да жауапкершілікпен жүзеге асырылғандығы атап өтілді. Әсіресе, «Бәйтерек Каспий Сервис» серіктестігі (директоры Қайырбек Тоқмұрзиев) ұжымының бұл реттегі еңбегі ерекше атауға лайық.

Ал, «Бәйтерек алаңы» – қаламызда іргетасын 1998 жылы қалаған ПИК-тердің алғашқысы. Ол 2008 жылға дейін «Альбина» деп аталып келді. Кооператив төрағасы – «Нұр Отан» партиясының мүшесі, 2007 жылы «Жыл адамы» атанған Төлеуғали Сәменов. Былтыр кондоминимум объектісін басқару бойынша үздік ұйым атанған. Қазірде қарамағында 29 үй бар.  – Көп қабатты үйлердің дәліздері, ондағы баспалдақтардан бастап жертөленің жай-күйі ПИК бақылауында.

«Осы кооперативті құрып, жетекшілік етіп отырғаныма биыл он жеті жыл толады. Осыған дейін терможаңғырту бағдарламасынан төрт үй өтсе, биыл Азаттық, Махамбет көшелері бойындағы №71, 46 «а», 109 үйлерге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Екі тоғыз қабатты үйде лифт үздіксіз жұмыс істейді. Осы ретте ауқымды жұмыстардың атқарылуына сеп болып жүрген аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің табандылығы мен еңбекқорлығын ерекше атап өтер едім», – дейді ПИК төрағасы.  

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз