БАҒДАРЛАМА ОРЫНДАЛУЫМЕН ҚҰНДЫ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел дамуында алға қойған тапсырмаларының орындалысын қадағалау мақсатында іссапармен Атырау облысына келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Асхат Бекенов Қ. Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінде болып, студент жастармен кездесті.

Cтудент жастардың алдында баяндама жасаған депутат Асхат Бекенов Парламент Мәжілісінің заң шығарушылық қызметі туралы айтты. Елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын арттыруда Елбасының «Қазақстан – 2050» стратегиясын жүзеге асыру жөнінде тоқталып өтті.
– Мемлекет басшысының Үкімет отырысында жүктеген тапсырмаларынан кейін жұмыстар қарқынды жүруде. Біздің алдымызда Елбасының әр тапсырмасын өз уақытында жүйелі түрде орындау міндеті тұр. Оған бір кісідей жұмылу қажет, – деген Асхат Сахибеденұлы бірыңғай экономикалық кеңістік жөнінде де ой бөлісті.
– Жалпы БЭК қалыптастырудағы басты мақсат – қатысушы мемлекеттердің экономикаларының тұрақты және тиімді дамуы үшін жағдай жасау, халықтың әл-ауқатын арттыру болып табылады. Үш мемлекеттің ортасында шекаралық бақылауда қиындық болмай, нақты айтқанда, тауарлардың, қызметтердің, капиталдың және жұмыс күшінің шекаралар арқылы еркін қозғалысын қамтамасыз етуге мүмкіндік мол. Ол үшін үш елдің заңдарын біркелкі етіп қабылдау керек. Валютасы да бір болады, – деген мәжілісмен Асхат Бекенов білім беру саласындағы өзгерістер, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мәселесі төңірегінде ой бөлісті.
Студенттер «Болашақ» бағдарламасы туралы, ауылдық жердегі студенттерге жеңілдіктер, ата-ананың қарауынсыз қалған жетім балаларды тұрғын үймен қамту мәселелері жөнінде сауалдар қойып, толыққанды мәлімет алды.
Мәжілісменнің кезекті кездесуі облыстағы үкіметтік емес ұйым өкілдерінің жиынымен жалғасты. «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалында өткен шара барысында елімізді әлеуметтік модернизациялаудағы үкіметтік емес ұйымдардың рөлі, әлеуметтік дамуға бағытталған ұзақ мерзімді бағдарламалардың маңызы туралы да кеңінен айтылды.
Одан әрі мәжілісмен «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының орындалуы аясында Атырау қаласына қарасты Теңдік, Геолог селолық округтері тұрғындарымен кездесті. Жергілікті жерде жұмыспен қамтудың жүзеге асуы, онда кездесіп жатқан мәселелермен танысқан депутат алдағы уақытта шешілмеген мәселелердің орындалуына оң ықпал ететінін де жеткізді.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз