Шығыны көп. Табысы аз
СОҢҒЫ УАҚЫТТА АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҚТАРДЫ ДАМЫТУДЫҢ ҚАЖЕТТІЛІГІ ҚАНДАЙ, ТИІМДІЛІГІ НЕШІК ДЕГЕН САУАЛДАР ТУЫНДАЙ БАСТАДЫ. СЕБЕБІ, ЕЛІМІЗДЕГІ 13 АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҒЫНАН ШЫҒАРЫЛҒАН ӨНІМНІҢ 7 ПАЙЫЗЫ ҒАНА ЭКСПОРТТАЛҒАНЫ БЕЛГІЛІ БОЛДЫ. МҰНАЙЛЫ ӨЛКЕДЕ ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫ ДЕПУТАТТАРЫНЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН ӨТКЕН БІРЛЕСКЕН ЖИЫНДА ОСЫ ЖӘНЕ ӨЗГЕ ПРОБЛЕМАЛАР ТАЛҚЫЛАНДЫ.
Импортты қашан алмастырамыз?
Парламент Сенатының қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Серікбай Трұмовтың айтуынша, еліміздегі арнайы экономикалық аймақтарда 300-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Онда 21 мыңнан астам сол жердің тұрғыны еңбек етеді. Ал, шетелдік инвесторларға тиімді болу үшін салықтық жеңілдіктер қарастырылып, инфрақұрылым тартылған. Ол үшін қазына қаражатынан 400 млрд. теңгеге жуық қаржы жұмсалған.
Арнайы аймаққа инженерлік инфрақұрылым жүргізу үшін әлі де 200 млрд. теңгеден астам қаражат керек екен. Соның салдарынан, кейбір өңірлер импортты алмастыру, өнім экспорттауға келгенде тартынып қалып отырған көрінеді. Яғни, инвестор жаңа өндіріс немесе зауыт салайын десе, не жолы жүргізілмеген, не жарығы, суы тартылмаған. Ал, мұндай «аты бар да заты жоқ» жерге ақша жұмсауға кәсіпкерлер ынталы емес.
– «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағында да біраз мәселе бар екенінен хабардармыз. Сондықтан, ортақ проблеманы бірлесіп шешу үшін өңірге арнайы келдік, — деді Серікбай Трұмов.
Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің пікірінше, мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған арнайы экономикалық аймақтар отандық экономикаға тың серпін беруі тиіс. Өйткені, осындай аумақтарда елімізде бұрын-соңды болмаған іргелі жобалар жүзеге асып жатыр. Энергетика бірінші вице-министрі Мұрат Жөребековтің айтуынша, «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркінің» инфрақұрылым нысандары құрылысына мемлекеттен 171,6 млрд. теңге бөлінген. Ол қаражатқа кірме темір және автомобиль жолдары салынып, инженерлік желілер жүргізілген. Сондай-ақ, 310 мВт газ турбиналы электр станциясы, су дайындау және сарқынды суларды тазарту қондырғысы салынып, пайдалануға берілген.
– Арнайы экономикалық аймақта бүгінде 15 қатысушы бар. Жуырда қуаты жылына 500 мың тонна полипропилен өндіруге жететін зауыт іске қосылмақшы. Бұдан басқа, 149 мың тонна бутадиен және полиэтилен өндіру жобалары бойынша осы салада нарықта тәжірибесі мол «СИБУР»-ды тартуға жұмыстанып жатырмыз. Ол үшін, әрине, инфрақұрылымымыз сақадай сай болуы тиіс, — деген Мұрат Жөребеков бірқатар шешімін күткен мәселелерді ортаға салды.
Атап айтқанда, инфрақұрылым жүргізумен қатар осы нысандарды басқаратын бірыңғай операторды айқындап, арнайы құқықтық режим қалыптастыру қажет. Арнайы экономикалық аймақтарда тағы да қосымша қызметтерді жүзеге асыру үшін заңнамаларды жетілдіру керек. Сондай-ақ, осы аумақ қатысушыларына ортақ қызметтерді сатып алу рәсімдерін интеграциялау және орталықтандыру маңызды болып отыр. Иә, уақыт бір орында тұрмайды. Осыдан бір-екі жыл бұрын қажеттілік болған кейбір заңнамалық актілер өзектілігін жоюы мүмкін. Оның орнына заңға жаңа толықтырулар мен өзгертулер керектігі туындауы ғажап емес. Сондықтан, кейбір жобалар үшін жаңартулар енгізу кезек күттірмейтін мәселе болып отыр.
Ал, Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин арнайы экономикалық аймақтың келешегіне сенімнен гөрі, күдік басым екенін жасырмады. Айталық, 2007 жылы құрылған «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркінде» он бес жыл ішінде небәрі 15 қатысушы ғана тіркелген. Оның басым бөлігі соңғы екі-үш жылда ғана жандана түскен.
– Инфрақұрылымына қазына қаражатынан 171,6 млрд. теңге жұмсалған аумақтан 30 млрд. теңгеден астам салық түскен. Сонда бюджет қаражатының 17,3 пайызы ғана қайтарылған. Есесіне, арнайы экономикалық аймақ қ а т ы с у ш ы л а р ы 2 0 1 1 жылдан бері жеңілдіктердің арқасында салық төлемей 78 млрд. теңге қаржысын үнемдеген. Бұдан басқа, «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркінің» тиімділігін Есеп комитеті де зерделеді. Белгілі болғанындай, арнайы экономикалық аймаққа бюджеттен құйылған 1 теңгенің жеке инвестиция тарапынан қайтымы 0 теңге болып отыр. Айналып келгенде, жұмсалған қаржының басым бөлігі мемлекет қазынасынан шықты, — деді Азамат Әмрин.
Ведомство басшысының орынбасары жыл сайын өндіріс орындарындағы жұмысшылардың жалақысының көлемі ұлғайғанымен, қызметкерлер саны азайып келе жатқандығын атап айтты.
«Әрине, инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілмегеннен кейін қызығушылық танытқан инвесторлар аз болатыны белгілі. Сондықтан, бәріміз бірігіп жұмыс істеуіміз қажет. Ірі жобалармен қатар шағын және орта бизнесті дамытуға да баса назар аудару керек. Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында әрбір жобаға дифференциалды әдіс енгізуді тапсырды. Осы жағын да ойластыру керек. Келесі жылы жаңа Салық кодексін жасақтаймыз. Сол кезде жаңа тәсілдер енгізілетін болады» деді А.Әмрин.
Инвесторларға – сараланған жеңілдіктер
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің комитет төрағасы Ілияс Оспановтың пікірінше, еліміздегі арнайы экономикалық аймақтардан 5,8 трлн. теңгенің өнімі өндірілген. Біле-білгенге, мұның өзі аз көрсеткіш емес. Соңғы 2-3 жылда осындай аумақтар тиімділігін көрсетіп келеді. Десек те, инфрақұрылымға әлі 375 млрд. теңге қаржы керек.
– Өткен жылдан бастап біз министрліктің шеңберінде проблемаларды зерделей бастадық. 18 мың гектар арнайы экономикалық аймағының 2,7 мың гектары жарамсыз. Бүгінде онда 7 жоба іске асырылып, 132 жұмыс орны құрылды. Негізінен, мұнда келетін кәсіпкерлерге жоғары технологияны пайдалануын талап етеміз. Бірақ, бәрі бірдей озық әдісті қолдана алмайды. Сондықтан, ұсыныстар бойынша «Жол картасын» жасадық. Өкінішке қарай, жобалар әртүрлі. Кейбірінде инфрақұрылым болғанның өзінде бірінде су жетпей қалады, енді бірінде жарық болмайды. Ал, кейбір өңірлерде бизнес те белсенді емес, — деген Ілияс Оспанов осы талдаулар нәтижесінде 17 ұсыныс берілгенін атап өтті.
Министрлік өкілі мемлекет басшысының тапсырмасына сай, арнайы экономикалық аймақтарға сараланған жеңілдіктер енгізу бойынша нақты шешім қабылдап, Президент Әкімшілігіне жолданғанын жеткізді. Яғни, мұндай жеңілдіктер бұрын айтылғандай, салыққа емес, жобалардың мерзіміне қарай ұсынылатын болады.
– Біз ұсыныстарды тағы тереңірек зерделеп, талдадық. Кәсіпкерлерге инвестициялық жеңілдіктерді дифференцияланған түрде жасаймыз. Мәселен, егер жоба күрделі болса, оған ұзақ мерзім береміз. Ал, жеңіл болса, сәйкесінше оның уақыты да қысқарады. Бұл – осы жерге кәсіп ашып, табыс табуға келген инвесторға біраз жеңілдіктер қарастырылған арнайы экономикалық аймақта бизнесінің мерзімінде жүзеге асуына мүдделі болып, жауапкершілігін күшейтуге оң септігін тигізері сөзсіз, — дейді ол.
Жиын барысында индустриялық аумақтарға инфрақұрылым тартумен қатар дайын ғимарат, кеңсе салу жайы да сөз болды. Бұл тәжірибе бүгінде Алматы, Шымкент секілді мегаполистерде жүзеге асқан. Ал, көрші мемлекеттерде инвестор тартудың осындай тәсілі бұрыннан бар болып шықты. Сонымен қатар, бірыңғай үйлестіру орталығын жасақтау мәселесін шешу қажет. Ал, игерілмеген жерді мемлекетке кері қайтарып, оны тиімді пайдалану жағын ойластыру керек.
Болашағы бұлыңғыр жобалар қажет пе?
«Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп сақалынан а й ы р ы л ы п т ы » д е м е к ш і , и н д у с т р и я л ы қ аумақтардағы дүйім жұрт үміт күткен жобалардың басым бөлігі бүгінде жабулы күйінде қалып отыр. Ал, олар ілгерілеп, алға қарай қадам басу үшін әлі де қазынадан қомақты қаражат керек. Осы орайда, «жалаулатып» жүрген арнайы экономикалық аймақтарға мемлекеттен ақша бөле берудің қажеттілігі қанша?» деген орынды сауал туындайтыны жасырын емес. Парламент Сенатының депутаты Бақтыбай Шелпеков бұл аумақтардан түсіп жатқан пайда аз екенін атап өтті.
– Байқағанымыздай, бұл аймақтарда жүзеге асатын жобалардың мерзімі 2030, 2035, 2050 жылға дейін созылады. Ал, арнайы экономикалық аймақтар ашылғаннан бері мемлекеттен жұмсалған қаражаттың 10-15 пайызы ғана қайтқан. Сондықтан, меніңше, іске асуы қиын ірі жобалардан гөрі шағын бизнеске көңіл бөлу керек. Соларды көбірек тарту жағын ойластырғанымыз жөн. Қазір Сенат қабырғасында заңнамаға қатысты 12 ұсынысты қарап жатырмыз. Елді мекендерге шығып, индустриалдық аумақтарға келуіміздің де басты себебі – осы, — деді халық қалаулысы.
Р.S: Екі сағатқа созылған дөңгелек үстел кезінде «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» басқару компаниясының төрағасы Ғабит Күркімов те баяндама жасап, шешімін күткен проблемаларды ортаға салды. Жалпы, мұндағы қордаланған мәселелердің түйінін тарқату үшін мемлекеттен қолдау қажет. Ал, бутадиен шығару жобасына инвесторлармен келіссөздер жүргізілгенімен, су, газ, жарық мәселесі шешілмеген болып шықты. Яғни, екі кезеңге қарастырылған инфрақұрылым тарту жайына демеу керек. Рас, кейбіреулер келешегіне күдікпен қарайтын арнайы экономикалық аймақтардың проблемасы көп. Алайда, облыс әкімі Серік Шәпкенов айтып өткендей, «шығынсыз кіріс болмайды». Сондықтан, маңызды жобалардың аяқтан тұрып кетуіне сіз, біз болып, көмектескеніміз жөн.
Айбөпе САБЫРОВА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ