ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

Кеше ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің жанынан құрылған жеке тұлғалармен, коммерциялық емес ұйымдармен мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі қоғамдық кеңестің алғашқы отырысы өтті.

 Жиын барысында жаңадан құрылған қоғамдық кеңестің негізгі атқарар міндеттері сараланып, құзыретіне кіретін қызметтер түрі айқындалды. Кеңес мүшелеріне бұл жайында түсіндірген ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің орынбасары, қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары Әлібек Ермекқали қоғамдық кеңес құрамына облыс әкімдігінің, «Нұр Отан» ХДП-ның және үкіметтік емес ұйымдармен қатар, мәслихат депутаттары, басқа да тұлғалар енгізілгендігін айтты.

– Қоғамдық кеңестің мақсаты – мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдардың, халықтың үкіметпен қарым-қатынасын жеңілдету мен барлық салада халықты қолжетімді жоғары сапалы қызметтермен қамтамасыз етуге бағытталған, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін және сапасын бақылауға біріктіру болып табылады, – деп атап өтті ол.
Бүгінде мұндай қоғамдық кеңестер әр облыстың аумақтық департаменттерінде құрылған. Біздің өңірдегі кеңестің алғашқы отырысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы, тәртіптік кеңес және аталған қоғамдық кеңестің төрағасы Мұхит Ізбанов кеңес мүшелерін алдағы уақытта белсенді жұмыс жасауға шақырды.

Мәлике МӘЛІКҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз