«ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ» — ЖАСТАР ҮШІН!

Денсаулық сақтау министрлігінің 2006 жылғы 19 қазандағы №419 «Жастарға достық қызметтерді енгізу туралы» бұйрығына сәйкес, 2011 жылдың 5 мамырында облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы жанынан «Жарқын болашақ» жастар денсаулығы орталығы ашылып, жұмыс істеп келеді. Аталмыш құрылымның атқаратын функциясы мен алға қойған мақсат-межесі хақында орталықтың директоры Алуа Сыралиеваны әңгімеге тартқан едік.

 

– Алуа Әділбекқызы, «Жарқын болашақ» жастар денсаулығы орталығының құрылымы, мақсаты қандай?
– Аталмыш орталық негізінен 10-24 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жастарға медициналық, психологиялық, әлеуметтік көмек көрсетеді.
Мұнда гинеколог, психолог, әлеуметтік қызметкер және басқа да мамандар қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, орталықта «Темекі шегушілікке қарсы күрес» бөлмесі бар. Бұл бөлмеден орталыққа келген жастар темекінің зияны, адам ағзасына әсері, темекіден туындайтын аурулар туралы көптеген ақпарат алады.
– Орталыққа жастарды қалай тартасыздар?
– Біздің орталықтың мақсатты топтары – оқушылар мен студенттер. Біз облыстық білім беру басқармасымен, қалалық білім беру бөлімімен тығыз байланыста жұмыс жасаймыз. Білім беру ұйымдарын аурулардың алдын алу, қауіпті мінез-құлық дағдыларының алдын алу бойынша ақпараттық, үгіт-насихат жұмыстарын жүргіземіз. ДДҰ-ның «Салауатты мектеп» жобасы бойынша жұмыс жасайтын мектептердің 9-11 сынып қыз балаларына қалалық білім беру бөлімінің арнайы бұйрығы негізінде гинеколог маман жасөспірімдік кезіндегі жыныстық жетілу, жеке бас гигиеналары жөнінде дәрістер оқыды. Осы оқу жылының үшінші тоқсанынан бастап қолға алынған бұл шара қаланың барлық мектептерінде өткізіліп, оған 500 жасөспірім қыз «Өсімталдық денсаулықты қорғау», «Жасөспірімдік кезінде жыныстық толысу» мәселелері бойынша ақпарат алды.
Алдағы оқу жылында облыстық білім беру басқармасы арқылы осындай дәрістерді арнаулы орта оқу орындарында өткізуді жоспарлаудамыз. Өйткені, жасөспірім шақтан жүкті болу, жасанды түсік жасату, ерте жастан тұрмыс құру фактілері көбеюде. Жасөспірімдер 9-сынып бітіріп, арнаулы орта оқу орындарына түседі, мектеп қабырғасынан шыққан соң, өздерін тәуелсіз сезінеді, есейдік деп есептейді. Ойланбай кез келген қадамға барады. Сондықтан, бұл кезеңде оларға дұрыс ақпарат берудің қажеттілігі туындайды.
– Жақында Исатай-Махамбет алаңында сіздің орталықтың ұйымдастыруымен екі мыңдай жас қатынасқан үлкен шара өтті. Осы туралы айтсаңыз?
– Исатай-Махамбет алаңында «Жастар нашақорлыққа қарсы!» тақырыбында кең көлемді флеш-моб өткіздік. Шараға жалпы білім беретін орта мектептің оқушыларынан бастап, арнаулы орта және жоғары оқу орындары студенттері белсене қатысты. Шараға Қазақстандағы салауатты өмір салты «Тим Дрим» жобасымен айналысушы «Зумба» сауықтыру орталығының мамандары шақырылды. Олардың көрсетуімен орындалған фитнес билерін жиналған көпшілік зор қошеметпен қабылдады.
– Облыста басқа да жастар денсаулық орталықтары бар ма?
– Республика бойынша 17 орталық болса, облысымызда 7 орталық бар, оның бесеуі қалада, екеуі аудандарда қызмет етуде. Жалпы, денсаулық орталығы қызметі ұсынылатын қызметтерді жастардың жоспарлауына, мониторингі мен сапасын бағалауына еріктілік, қолжетімділік, достық, сенім білдіру және қатысу қағидаларына негізделген. Әрі денсаулықты сақтау проблемалары бойынша кешенді медициналық, психологиялық, әлеуметтік жағынан көмек көрсетеді. Соның ішінде, жанұя жоспарлау, ВИЧ инфекциясының, маскүнемдік пен нашақорлық, басқа да жағдайлардың алдын алумен қатар, құқықтық кеңес береді.

Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.
Суретте: Алуа Сыралиева.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз