Атыраудың экологиясын жақсартуға 47,9 млрд теңге қаралған…

screenshot 20220815 161037 Экология

Атырауда экологиялық мәселелерді шешу үшін 22 іс-шара бекітілді.

Бұл туралы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Жантоқов мәлім етті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Аймақтың күрделі экологиялық мәселелерін шешуде облыс әкімдігі Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, өңірдің өзекті экологиялық проблемаларын шешу жөніндегі Жол картасын қабылдап және ол бойынша 7 бағытта жұмыстар атқарылуда.

Алдағы бес жыл ішінде осы шараларға барлығы 47,9 млрд теңге қаржы жоспарланған. Оның ішінде республикалық бюджеттен 34 млрд тенге, жергілікті бюджеттен 4,5 млрд теңге және жеке инвесторлардың үлесі есебінен 9,4 млрд теңге қаражат бөлу қарастырылған.

– Атырау қаласының атмосфералық ауасының сапасын жақсарту бойынша «АМӨЗ» ЖШС-мен жасақталған 2021-2025 жылдарға жоспарланған іс-шаралар жобасы бекітілді. Олардың қатарында 1336 гектарды құрайтын «Тухлая балка» кәріздік сулардың булану алаңын қалпына келтіру жұмыстары бар.

«АМӨЗ» ЖШС-і «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-мен бірлескен «Тазалық» жобасы шеңберінде зауыт балансындағы 860 гектар булану алаңы бөліктерінде қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде. Мұны 2023 жылдың соңына дейін аяқтау көзделіп отыр. Сондай-ақ, Атырау қаласының сол жақ бөлігінде салынған жаңа кәріздік-тазарту ғимараты қолданысқа берілді. Ал, қаланың оң жақ бөлігінде кәріздік тазарту ғимаратын қайта жаңғырту жұмыстары 2021 жылы басталды. Оның құны 21,2 млрд тг, аяқталу мерзімі 2023 жыл, – деді Н.Жантоқов.

Сонымен қатар, ол қаланың оң жақ бөлігіндегі «Квадрат» кәріздік сулардың буландыру алаңын қалпына келтіру жұмыстарына 1 млрд тг қарастырылып, осы жылы жұмыстар басталғанын, оны 2024 жылы аяқтау күтілуде екенін жеткізді.

Оған қоса қатты тұрмыстық қалдықтарды басқаруда да ауқымды жұмыстар атқарылуда екенін айтты. Қаланың сол және оң жақ бөліктерінде жеке инвесторлардың қаржысымен қуаттылығы жылына 225 мың тонна құрайтын қалдықтарды сұрыптау, өңдеу кешендері құрылысы да басталғанын мәлім етті. Оның айтуынша, бұл жұмыстардың барлығы толығымен іске асырылған жағдайда, яғни 2025 жылға қарай қаламыздың атмосферасына таралатын газдар мен жағымсыз иістерді азайтуға мүмкіндік бар.

Сондай-ақ, жер асты суларының зиянды заттармен ластануларын азайту және қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеуді және кәдеге жаратудың аумақтық даму нысаналы көрсеткішін облысымыз бойынша 33% жеткізу күтілуде.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз