Атырауда мұнай саласы мамандарын оқыту орталығына Нұрлан Балғымбаевтың есімі берілді (+ФОТО)

Білім Жаңалықтар ФОТОГАЛЕРЕЯ Экономика

Atr.kz/25 қараша, 2019 жыл. Атырауда Нұрлан Балғымбаев атындағы даму және коммуникация орталығы ашылды. Посткеңестік кеңістікте бұндай орталық тек екі ресейлік қалада ғана бар. ​ ​ ​ ​

С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті жанындағы оқыту- білім беру орталығының үш қабаттық корпусы заманауи технологиялық әзірлемелермен, ақпараттық ресурстармен жабдықталған және мұнай-газ саласы студенттеріне практикалық білім береді. ​Ашылу салтанатында Нұрлан Балғымбаевтың жұбайы Нағима Балғымбаева, Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, KAZENERGY ассоциациясы төрағасының орынбасары Ұзақбай Қарабалин, ҚР Энергетика  министрлігінің бірінші вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов дәстүрлі қызыл лентаны қиды. ​ ​ ​ ​

– Биыл біз Қазақстан мұнайының 120 жылдығын атап өттік. Бұл мұнайшылардың бірнеше буынының орасан зор қажырлы еңбегі. Тәуелсіздік алғасын, Қазақстан экономикасын қарқынды дамыта бастады. Бұл қиын жылдар еді. Нақты перспективаның болмауы, экономикалық және саяси жүйенің күйреуі – осыны бастан кешірдік.

Елімізге инвестицияларды, жаңа технологияларды тарту қажет болды. Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың күш – жігерінің арқасында Қазақстанның экономикасы әлемдегі ең қарқынды дамып келе жатқан экономикалардың бірі мәртебесіне ие болды,- деді Нұрлан Ноғаев.

– Елбасы ірі компанияларға кепіл болып, олар елімізге инвестиция әкеле бастады. Мұнай-газ саласына алғашқылардың бірі болып келген «Шеврон» компаниясы әлі күнге дейін әлемдегі аса ірі кен орындарының бірі Теңізді игеріп жатыр. Осы жылдардың бәрінде Елбасымен бірге болған сенімді көмекшілерінің бірі – Нұрлан Өтепұлы Балғымбаев. Оның білімі, іскерлігі, мақсатына жетудегі күш-жігері инвесторларды мұнай-газ саласының перспективасына, болашағына сендіруге ықпал етті. ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​

Мемлекеттік басқару мен экономикадағы ірі қайраткер, Нұрлан Балғымбаев өзінің бар білімін, тәжірибесін елімізді гүлдендіру ісіне жұмсады. Еңбек жолын қарапайым жұмысшы болып бастап, ұйымдастырушылық қабілетінің, әрдайым білігін жетілдіруге ұмтылысының арқасында жоғары лауазымдарға көтеріліп, соның ішінде, премьер-министр болып, қызметін аса жауапкершілікпен атқарды.

– Мен Нұрлан Өтепұлының отбасына алғысымды айтқым келеді. Себебі, оны жадында сақтап, ісін жалғастырып қана қоймай, мамандардың жас буынын қолдау жобасын нақты іске асырып отыр. Бірнеше жылдан соң олар біздің мұнай-газ кен орындарында еңбек етеді. Ашылған коммуникациялар орталығы нағыз кәсіби шеберлерді дайындайтын орталыққа айналатынына сенімдімін. Мұнай-газ саласының ең ірі жобалары Атырауда жүзеге асып жатыр. Атырау мұнай және газ университетін бітірген жас мамандар осы жобаларда жұмыс істеп, жоғары бағаланып жүр,- деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.

– Осындай заманауи орталықтың ашылуы университетке үлкен қолдау, сонымен қатар, бұл университет басшылығы мен оқытушыларына айрықша жауапкершілік жүктейді. ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​
С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің директорлар кеңесінің төрағасы, KAZENERGY ассоциациясы төрағасының орынбасары Ұзақбай Қарабалин Нұрлан Балғымбаевтың Қазақстанның мұнай-газ саласын дамытуға қосқан үлесі туралы айтты. ​

– Өзінің білімімен, еңбегімен Қазақстанның тәуелсіздігін нығайтуға үлкен үлес қосқан оның өмір жолы күрделі. Ол туралы естелік жадымызда мәңгі сақталады. Бүгінгі шара, мұнай және газ университетінің жанынан коммуникациялар орталығының ашылуы – осыған куә. Бұл заманауи оқыту-білім беру орталығы бүгінгі жас буынға қажетті кәсіби білім алып, ел игілігі үшін еңбек етуге мүмкіндік береді,- деді Ұ.Қарабалин.

Салтанатты жиында, сондай-ақ, ҚР Энергетика  министрлігінің бірінші вице-министрі, «Атамекен» ҰКП мұнай-газ өнеркәсібі комитетінің төрағасы, «ҚазМұнайГаз» ҰҚ, ТШО, НКОК компанияларының өкілдері, мұнай саласының ардагерлері сөйледі. ​ ​ Шақырылған қонақтар ғимаратты аралап, орталықтың мүкіндіктерімен танысты: студенттер үшін лингафондық және оқу залдары, виртуалды кітапхана жасақталған. Виртуалды кітапхананы пайдаланушыларға ресейлік Губкин атындағы университеттің кітапханасы қолжетімді.

​Орталықта университеттің студенттері су астында дәнекерлеу тәсілін игереді. Бұрын Қашаған жобасында бұндай жұмыстарды тек шетелдік мамандар ғана атқарған болатын. Енді атыраулық жас мамандар да бұған үйренеді. ​Жобаның авторлары атап өткендей, ​ ​ посткеңестік кеңістікте бұндай орталық тек Ресейде – Губкин атындағы мемлекеттік мұнай және газ университетінде және Қазан қаласы маңындағы Иннополисте бар. Бірақ жабдықтарының заманауилық деңгейі жөнінде олар атыраулық орталықтан кем түседі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған