КҮРКІРЕП КҮНДЕЙ ӨТТІ ҒОЙ СОҒЫС…

«Әскери қызметкер болсам...» деген арман жетегінде Ығылман Бисенбаев Орал мемлекеттік мұғалімдер институтында оқып жүрген жерінен өзі сұранып, Ташкенттің Чирчик қаласындағы №470 офицерлер мектебіне оқуға түседі. Алайда, алдында нендей тағдыр күтіп тұрғанын балаң жігіт қайдан білсін?..

Әкесі Бисенбай дүниеден жас кетеді де, ол анасы Балапанмен қалады. Жастайынан жетімдіктің зілдей жүгін кішкене иығымен көтеріп, жетімдер үйінде тәрбиеленеді. Төсегі тақтай, жастығы сабан болған жетімдер үйінде бала Ығылман зеректігімен, етінің тірлігімен көзге түседі. Сондықтан да, ересек балалармен бірге оқып, оқу бағдарламасын ерте меңгереді. Маңдайға жазғаннан қашуға жол жоқ. Өмір соқпағының түбінде бір бақуатты тұрмысқа апаратынын сезінетін ол әскери мектепке қабылданғанда асқақ арманы орындалғандай шаттанған-ды. Қиял ғажайыптарына толы жастық лепті бір сәтте су сепкендей басқан «соғыс» деген жалғыз ауыз сөз еді.

Сөйтіп, ел басына күн туды.Тыныш жатқан бейбіт елді үрей биледі. Азаматтар қан майданға аттанып, иықтарына қару асынуға мәжбүр болды. Ығылманның туған елге баруға мұршасы да болмады. Алыста қалған, кіндік қаны тамған туған жері Қызылқоғасын, ондағы дархан көңіл ауылдастарын ойлағанда ет жүрегі елжіреген жас жігіт, «көріскенше туған топырағым» деген сөзді іштей қайталап, жауынгерлер легіне ілесе берген. Өзі оқып жүрген Чирчик қаласынан майданға аттанып, Белоруссия фронтының жаяу әскер бөлімшесіне түскен жас офицер ендігі жерде жалынды жастығы мен күш-қайратының жау оғына қарсы қару болатынын түсінді.

«Әкеміз сол бір қиын-қыстау шақтың естеліктерін сирек айтатын. Екі рет жау қоршауында қалғандары туралы әңгімесі есімде. «Жау тұқыртып барады. Біздің жауынгерлер қорқыныш, сескену дегендерді естен шығарғандай. Мақсат біреу – жау тосқауылын бұзу. Баудай түсіп, сұлап жатқандар қаншама?! Жараланғандарды сүйрей алға ұмтылдық. Адам айтқысыз ерлікпен қоршауды бұзып, өз әскерлерімізге қосылдық. Сол жолы талай жігіттеріміз жер жастанды. Ең жаманы, шырақтарым, көз алдыңда қансырап жатқан жолдасыңның шыбын жанын алып қалуға дәрменсіз болғаның екен» деп отыратын. Ығылман ақсақалдың қызы Зинаида әкесінің әңгімесін есіне түсірді.

Өліммен талай рет бетпе-бет келген Ығылман соғыс даласында ерлік пен табандылық көрсетті. Барлық майдан шептерінен өтіп, Берлинге дейін жетеді. «Жеңісті Берлинде қарсыладық. Сол кездегі жауынгерлердің көңіл-күйлерін тілмен айтып жеткізу мүмкін емес еді. Қабырғаға әзер сүйеніп, көз жасын төгіп тұрған жаралы солдаттың бейнесі әлі көз алдымда. Бұл соғыс талайды қан қақсатты ғой. Тепсе темір үзетін жігіттердің мүгедек болып қалғандары, қыршынынан қиылып, денелері бөтен елде қалғандары қаншама?» деп отыратын әкеміз дейді ақсақалдың ұрпақтары.

Ығылман Бисенбаевтың өңірінде «Қызыл жұлдыз» ордені, І дәрежелі Отан соғысы ордені, Варшаваны азат еткені үшін медалі, Г.К.Жуков медалімен қоса көптеген юбилейлік марапаттар жарқырады. Кеңестер Одағының маршалы, Бас қолбасшы Сталиннің бұйрығымен Праганы азат етудегі ерлігі және Висла өзенінің шығыс жағалауындағы аса маңызды әскери тапсырманы орындағаны үшін берген Алғыс хатын ол кісі өте дәріптепті.

«Соғыстың беті қайтқанмен, оның салған ылаңы еліміздің түкпір-түкпіріне із қалдырып, көзге қораш көріністерді қалдырып кетті. Зауыт, фабрикалар қирады. Шаруашылық тұралап қалды. Көшедегі құлаған үйлер үйіндіге айналып, көңілге үрей ұялататын. Оны қалыпқа келтірер азаматтардың аман қалғандары майдан даласынан енді ғана оралып жатты. Халық әлі есін жиятындай қалде емес еді» дейтін әкеміз жарықтық деп Зинаида тағы да өз ойын қосып қойды.

Осындай сәтте басты күш тағы да от ортасынан оралған жауынгерлерге көбірек түскені белгілі. Соғыс бітсе де Ығылман елге бірден орала алмайды. Тәртіптің аты тәртіп. Соғыстан кейінгі бүлінген жерді қалпына келтіру жұмыстарына қалдырылады. Висла өзенінің жанындағы қалалардың біріне жұмысқа кіріседі. «Күл-талқаны шыққан қаланы тазалаудан бастадық. Соғыстан титықтаған жауынгерлер бұл жұмысқа да бел шеше кірісті. Бес саусақтың бірдей еместігі сияқты адамдар да әртүрлі болады ғой. Екінші ротадағылар салғырт-салақтық танытқан сияқты. Бұны байқаған солдаттардың арасында реніш туа бастады. Келесі күні штаб басшысы келді. Мен орнымнан тұрып, өзім басқаратын ротаның жұмыс көлемінің басқаларға қарағанда көп екендігін, мұның жауынгерлерге салмақ түсіріп отырғандығын баяндадым.

Басшы ызғарлы жүзбен жүзіме қарап «дәлелде!» деп бір-ақ қайырды. Мен солдаттарға бұрылып, «етіктеріңді шешіңдер» деген бұйрық бердім. Бұйрық әп-сәтте орындалды. Ақ жемденіп, ойылып қалған табандарын көргенде басшы бар мән-жайды ұқты. Сөйтіп, тиісті шарасын жасады» деп маған бір оңашада отырғанда айтқан әңгімесі еді бұл. – Зинаида апай әңгіме желісін одан әрі сабақтап, әкесінің көзі барында айтқан естеліктерін сүйсіне әңгімеледі.

Ығылман анда-санда елге демалысқа келіп тұрған. 1946 жылы ғана маман ретінде шақырту арқылы туған жерге аман-есен оралады. «Ел іші – алтын бесік» деген, көп жылдар шетте жүріп, саяқ болып қалған Ығылман бірте-бірте ел өміріне бейімделе бастайды. Есенқазықызы Күнсұлу атты бойжеткенмен отбасын құрып, балалы-шағалы болады. Халық ағарту саласында 40 жыл бойы жемісті еңбек етті.

Орал мемлекеттік мұғалімдер институтын, Гурьев педагогикалық институтын тарих пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірген маман теориялық білімін өмір тәжірибесімен ұштастыра отырып, жас жеткіншектерге дәріс берді. Оқушыларға Ұлы Отан соғысы кезіндегі кеңес жауынгерлерінің ерлік істері туралы қарт жауынгер ретінде, тарихшы ұстаз ретінде жиі әңгімелеп, жастардың Отанға деген патриоттық сезімдерінің нық болуы жолында еңбектенді. Жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудегі, білім берудегі шеберлігі жоғары бағаланып, 1966 жылы Ығылман Бисенбаевқа «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағы беріледі.

Мәдениетті адамның өзі де, ісі де ұқыпты, жинақы келетіні рас. Ығылман ағамыз қашан да бойынан кісілік қағидаттары қалмаған аса қарапайым, қатты дауыс көтеріп сөйлемейтін, ұқыпты, өте әділ адам болыпты. Мектеп ұландарына білім мен тәрбие беруде, сұрапыл соғыстан кейінгі жылдарда облысымыздың экономикасы мен әлеуметтік саласының өркендеуіне қосқан үлесі бір төбе.

«Дүниедегі ең асыл жан – ол ана. Ананың алдында ғұлама да, ақын, ғалым да қарыздар. Сонау от пен оқтың арасында жаныңды шүберекке түйіп, жан-дәрмен күйде жүргенде де аяулы анаңның келбеті көз алдыңа келеді екен. Оны басынан өткендер ғана білер. Анам жарықтық үнемі «Ығылжан, ешкімнің ала жібін аттама, адал бол» деп айтып отыратын. Елбасына күн туған шақта талай ұлттың адамдарымен бірге соғыстық. Ол жерде ұлтқа, ұлысқа бөлінетін мүмкіндік те болған жоқ. Бір-бірімізге қамқорлық көрсетіп, ажалдан сақтауға тырыстық. Жаралы жолдастарымызды кезек-кезек арқалайтынбыз. Жандары қиналып келе жатса да, дүние шіркін, тәтті ғой, тістеніп, шыдап бағып келе жатқан сол жауынгерлерді есіме алғанда әлі күнге орнымнан тұрып кетемін.

Мен – рота командирімін, тығыз денелі, бойым шағын. Ал, менің қасымдағы адьютант ірі, жауырыны қақпақтай орыс жігіті болатын. Шабуылға шыққанда: «Менің соңымда жүр. Сен жаралансаң, көтеру маған қиын болады. Мен жаралансам, ештеңе емес, әйтеуір, жеңілдеумін ғой» дейтінмін, әзілі-шыны аралас. Бір кескілескен соғыста мен қатты жарақат алдым. Қамыстың іші, айнала балшық. Қозғалатын шама жоқ. Атын ұмытыппын, әлгі жігітім мені сүйрей-сүйрей әбден діңкеледі. «Мені осы жерге қалдырып кет» деймін ыңырсып. Бірақ, ол менің сөзімді тыңдамады. Әупірімдеп госпиталға жеткізді. Соғыстың зардабын осылай көрдік» дейтін әкеміз деп Ығылман ақсақалдың балалары әке әңгімесін сағынышпен еске алады.

Өмірдің талай теперішін көрсе де Ығылман ақсақал өте сабырлы, мінезі жайлы, балаға жұмсақ болыпты. Көп сөйлемейтін біртоға мінезді ағамыздың әділетсіздікке келгенде тікесінен айтатын батылдығын маңындағылар аса бағалапты. Ығылман ағамыз бен Күнсұлу ананың бауырынан тараған он бір бала, шаңырақтарын шаттыққа бөлеген ата-аналарының көз қуаныштары болды. Балаларының бесеуі әке жолын қуған ұстаз болса, құрылысшы, мұнайшы сияқты әртүрлі мамандық иеленгендері әр салада жемісті еңбек етуде. Зейнетке шыққандары бар. Барлықтарының да жапырақтары жайылған, отбасылы, балалы-шағалы.

 Ағиба ҚАТЕШОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз