РЕФОРМАНЫ ІСКЕ АСЫРУ – ЖАЛПЫХАЛЫҚТЫҚ ІС

Ассамблеяның атқарып отырған іс-шараларының мән-маңызы орасан зор. Өйткені, Ассамблея жиырма жылдың ішінде еліміздің конституциялық органына, жалпыазаматтық, саясаттан тыс және жалпыхалықтық институтына айналып, көп этносты ел халқының бірлігі, қазақстандық мемлекеттіліктің базисі болып табылатынын паш етті.

 

Расында да, биылғы жылдың Ассамблея жылы деп аталуының өзінде үлкен мән жатыр. Бүгінгі күні Қазақстанды бірлігі жарасқан ел ретінде барша жұрт таниды. Қазақстаннан көп елдер үлгі алуға ынтық. Бұл бізге Ассамблея арқылы туризмді дамытуға зор мүмкіндік береді. Оған еш күмәніміз жоқ.

Елбасы айтқандай, бір-бірімізге жақын болу еліміздің кемел болашағының кепілі болмақ. Ұлтаралық келісім – мемлекетіміздің басты құндылықтарының бірі. Құтты жерге инвестиция да, туристер де келетін болады.

Елбасының Ұлт жоспары, сөз жоқ, жұртшылықтың қолдауын табатын болады. Ең бастысы, оны жергілікті жерде орындауға мүдделі органдар алдыңғы қатардан көрінсе дейміз. Сол себепті бәріміз үшін ортақ мүдде жолында бірігіп, қызмет істеу маңызды.

Бірлігі мен берекесі жарасқан еліміздің келешегінің баянды болуы жаңа реформаның жүзеге асуымен тікелей байланысты. Оған аймағымыздағы 17 этномәдени бірлестік мүшелері де бірауыздан атсалысатын болады.

Мемлекет басшысы реформаларды жүзеге асыру үшін нақты 100 қадамды ұсынды. Айтылған бағыттардың барлығы біздің халықтың да, қоғамдық ұйымдардың да көңілінен толық шығып отыр. Ендігі жерде қазақстандықтар  жұмыла еңбек етуі керек. Сонда ғана біз еліміздің дамуын, экономиканың индустрияландыру деңгейін жаңа сатыға көтере алатын боламыз. Түптеп келгенде, реформаны табысты жүзеге асыру – жалпыхалықтық іс.

Еркін ҚАДЫРҒАЛИЕВ, Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – хатшылық басшысы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз