ҚАРЖЫ ЖҮЙЕСІНЕ ҚАТАҢ ТӘРТІП КЕРЕК

Елбасы бес институционалдық реформадан құралған Ұлт жоспарын ұсынып отыр. Оны іске асыру – баршамызға жүктелген өрелі міндет.

 

Ұлт жоспарының жетпісінші қадамында көрсетілгендей, АSTANA EXPO – 2017 инфрақұрылымдары арқылы халықаралық қаржы орталығы құрылуы керек. Ол ТМД, Батыс және Орталық Азияның барлық өңірлерінің елдері үшін қаржы хабы ретінде қалыптаспақ. Сөйтіп, болашақта  әлемнің 20 алдыңғы қатарлы қаржы орталықтарының қатарына енуі тиіс. Сондай-ақ, қаржы орталығының даму стратегиясын капитал нарықтарына қызмет көрсету және исламдық қаржыландыру мамандығына сәйкес әзірлеу туралы 71-қадамда нақты айтылған. Элиталық қаржы қызметінің «private banking» сияқты жаңа түрлерін дамыту, либералды салық режимін енгізу бағытында да бірқатар міндеттер жүктелген.

Ал, 72-қадамда, қаржы орталығы құрылған мезетте, ресми тіл ретінде ағылшын тілін енгізу қажеттігі сөз болады. Орталықтың дербес заңдылықтары ағылшын тілінде жасалынуы және қолданылуы тиіс. Сол секілді, 73-қадамда аталғандай, қаржы орталығының халықаралық көліктік қолжетімділігін қамтамасыз ету керек. Ол үшін жетекші қаржы орталықтарымен жүйелі және жайлы әуе қатынасы жүйесін құру тиімді болмақ.

Көп ұзамай экономикалық прагматизм саясаты бүгінгі таңдағы көзқарастар мен ұстанымдарды түбегейлі өзгертуге әкеліп соқтырады. Сондықтан, жаңа кадр, бюджет, салық, ақша-несие саясатын жүргізу  Ұлттық банк пен Үкімет жұмысының басты бағыты болып қала бермек. Табиғи ресурстарды басқарудың түбегейлі жаңа жобасын енгізу, шикізат тұтынудағы технологияны өзгерту қажет. Ұлттық қор арқылы үшінші индустриялық революцияның нәтижесінде пайда болатын секторларды ескере отырып, болашақтың экономикасын дамыту жолдарын қарастырған жөн. Энергияның баламалы түрлерін өндіруді қалай жүзеге асыруға болады, міне, осы тұрғыда ізденіс жұмыстарымен айналысу керек-ақ.

Президент әлемдік экономикадағы доллардың ықпалын төмендететін тәсіл ретінде ортақ валютаның пайда болу мүмкіндігін де айтқан болатын. «Біз бір ғана әлемдік валютаға тәуелдіміз. Нақты айтсақ, ол валюта – доллар. Бұл ақша бірлігінің құрылуына біздің ешқандай қатысымыз жоқ. Мұны бір мемлекет жасайды, эмитент те жалғыз. Бұдан долларды қолданатын елдердің үлкен тәуекелге барып отырғанын көреміз. Сондықтан, бұл мәселе БҰҰ аясында шешілмесе, әр мемлекет қалай болу керектігін өзі шешеді» деді Н.Назарбаев. Жалпыазиялық валюта америкалық ақшамен бәсекелесе алатыны анық. Көптеген көршілес мемлекеттер де ортақ ақша бірлігі туралы ойластыра бастады. Десе де, мұндай ортақ валютаны айналымға енгізу бірнеше ондаған жылды қажет етеді.

Қозыбақ ҚҰЛБАРАҚОВ, ҚР Ұлттық Банкі Атырау филиалының директоры.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз