ЖЕР МӘСЕЛЕСІ – ДЕПУТАТТАР ТАЛҚЫСЫНДА

Атырау қалалық мәслихатының кезекті сессиясында депутаттар бекітілген күн тәртібіне сәйкес бес мәселе қарады.

 

Халық қалаулылары алдында Атырау қалалық жер қатынастары  бөлімінің басшысы Қыдырқожа Дәулетьяров қала бойынша жер учаскелерінің пайдаланылуы мен қорғалуының жай-күйі туралы баяндады. Оның мәлімдеуінше, жер учаскелерін сату бағасымен алынған жерлерден биылғы өткен мерзімде мемлекет қазынасына 181,4 млн. теңге қаржы түсті. Игерілмеген жер учаскелеріне түгендеу жүргізу нәтижесінде 13 жер пайдаланушының телімін қайтарып алу жұмыстары жүргізілуде. Биыл ауыл шаруашылығы мақсатында жалпы көлемі 7,2 мың гектар болатын 139 жер пайдаланушы жер учаскесін әлі пайдаланбай отырғандығы анықталып, бірқатарына заңдылықтарға сай айыппұлдар салынған. 2013-2014 жылдары Атырау қаласы және селолық округтері бойынша 936 игерілмеген жер учаскесі бар екендігі анықталды. 48,2 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер қаланың жер қорына қайтарылған.

Бүгінде қала бойынша жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер учаскесін сұраған 63171 арызданушы кезекте тұр. Бұл арыздардың бәрін бірдей қанағаттандыру әзірге мүмкін болмай тұр.

Қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Сағындық Хасан депутаттарға облыстық басқарма арқылы дайындалған шаһардың Бас жоспарының ҚР Үкіметінің бекітілуіне ұсынылғандығын, алдағы уақытта жеке тұрғын үй құрылысы үшін 2002-2004 жылдар аралығында кезекте тұрған азаматтарға Атырау селолық округіне қарасты Химик бау-бақша саяжайларының қарсы бетінен және Қайыршақты селолық округіне қарасты Талғайраң селосынан заңға сәйкес инженерлік инфрақұрылымы жайғастырылған бір жарым мыңдай жер учаскесін беру жоспарланып отырғандығын, ал, инженерлік инфрақұрылымы жүргізілмеген жерден ешқандай жер телімдері берілмейтіндігін қаперледі.

Сессияда депутаттар Ақсай селолық округінің әкімі А.Нұрғалиевтің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы туралы есебін тыңдап, мақұлдады.

Сессия жұмысына қатысқан қала әкімі Нұрлыбек Ожаев талқыланып отырған мәселеге байланысты ойларымен бөлісті.

– Жер учаскесін алып-сатарлыққа айналдыруды тоқтату керек. Биылғы жылдың өзінде жер алып беремін, құжаттарын дайындаймын деп халықты алдап-арбап, алаяқтық жасаған 88 адамның үстінен қылмыстық іс көтеріліп, істері сотта қаралуда. Болашақта игерілмеген жер телімдерін мемлекет иелігіне қайтарып алу жұмыстары тиісті құзырлы органдар тарапынан жүргізіле береді» деді шаһар басшысы. 

Сессияда басқа да мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.

Бақытжан ЖҰМАТ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз