ЖАСТАРДЫ НЕ ТОЛҒАНДЫРАДЫ?

Жұмыссыз жастардың проблемасы қайтсе шешіледі? Қоғамдық пікірі, азаматтық ұстанымы айқын жастарды қайтсек қалыптастырамыз? Қоғамдық тәртіпті реттеу мәселесіне жастарды қалай араластыруға болады? Жастар саясатын нәтижелі жүзеге асыруда қай елдердің тәжірибесін үлгі ете аламыз? «Нұр Отан» партиясының Атырау облыстық филиалы жанындағы жастарды қолдау бағытындағы сараптамалық топ отырысы осы сауалдарды сарапқа салды.

 

Облыстық жастар саясаты жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Асхат Қалауов жас буынды ортақ мақсатқа жұмылдыру бағытындағы атқарылған шараларға тоқталды.

Қоғамдық тәртіп мәселесін қозғаған Атырау қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Жасұлан Бисембиев ұлттық үлгідегі жас буын жасағын құруды ұсынды. «Мәселен, көршілес Ресейдің Астрахан облысында казактар қозғалысы жұмыс істейді. Олардың мақсаты – қоғамдық тұрақтылықты сақтау. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай, біз де қазақ әскерінің элементтерін алып, осындай қозғалыс құруды ұсынған едік. Әзірге нақты жауап жоқ. Дегенмен, жастар бойында жауапкершілік жүгін арттыруда, әскери-патриоттық тәрбие қалыптастыруда мұндай ұйымдар керек-ақ» деді. Дегенмен, жастарды ортақ мүддеге жұмылдыратын клуб ашудың сәті түскен екен. Оның айтуынша, «Алмагүл» ықшамауданында құрылған «Аула клубы» балаларды жан-жақты дамыту мақсатында жұмыс істейді. «17-ші үйде орналасқан клубта балалар ағылшын тілін үйренеді, математика курсын оқиды. Мұндай дүниелер балаларды бір мақсатқа, яғни білімге ұмтылуға жұмылдыру үшін қажет» деді сараптамалық топ мүшесі Жасұлан Бисембиев.

Тағы бір жаңалық, Қызылқоға ауданында «тегін такси» жобасы жүзеге асырылған. Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Бибоз Шаяхметовтің айтуынша, жоба аясында қарттардың межелі жерге тегін баруына мүмкіндік жасалған.Осы және өзге де мәселелерге тоқталған ол бүгінде «Жүрекке жол» деп аталатын еріктілер тобының нәтижелі жұмыс атқарып жатқандығын айтты.

Баян АТАЙМАНҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз