«ЖАСТАР ТӘЖІРИБЕСІ»: бағдарлама жайында не білеміз?

WhatsApp Image 2019 06 27 at 12.42.48 Жаңалықтар

Atr.kz/24 шілде, 2019 жыл. Жүзеге аса бастағанына бірнеше жыл өтсе де жастардың барлығы бірдей мемлекеттік бағдарламалар жайында жеткілікті біле бермейді. Әсіресе, жұмысқа орналасарда көптеген қиындыққа тап болатын жастарға алдымен жұмыспен қамту бағдарламалары жайында жан-жақты ақпарат бергенді жөн санадық.

Солардың бірі – оқу орны түлектеріне арналған «Жастар тәжірибесі» жобасы. Аталған жоба жастарға не береді? Бағдарламаға қатысудың жолдары қандай?

ЕҢБЕК ӨТІЛІ ЕСКЕРІЛМЕЙДІ

«Жастар тәжірибесін» ең алдымен оқу орны түлектерін меңгерген мамандығы бойынша еңбек өтілінсіз жұмысқа орналастыратын жоба ретінде таныстырғымыз келеді. Бұл – техникалық және ортакәсіптік білім немесе жоғары оқу орнын бітіргеніне үш жыл болмаған және 29 жасқа толмаған жұмыссыз түлектерге арналған жоба. «Жастар тәжірибесі» барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдарда ұйымдастырылады. Бұл ретте жастар салық және басқа да әлеуметтік аударымдарды ұдайы жүргізетін, жалақы бойынша берешегі жоқ және бір жылдан астам қызмет ететін мекемелерге жолдама арқылы жіберіледі.

Жобаға қатысу үшін жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, бағдарламаны ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларына сәйкес нысан бойынша өтініш береді. Білім беру ұйымдарының түлектері қатарындағы жұмыссыздарды «Жастар тәжірибесіне» жіберуді халықты жұмыспен қамту орталықтары жүзеге асырады. Бос жұмыс орны пайда болған кезде жасалған еңбек шартының мерзімі аяқталғанға дейін жұмыс берушінің бастамасы бойынша және бағдарламаға қатысушының келісімімен тұрақты жұмысқа орналастыруға рұқсат беріледі.

Өткен жылдың қорытындысымен облыс бойынша жұмыспен қамту орталықтарына хабарласқан 24 333 адамның 10 415-і жастар. Оның ішінде ауылдық жерде тұратындар – 5 376, қала жастары – 5 039.

«Жастар тәжірибесі» бойынша жұмыс уақытша сипатқа ие, ұзақтығы 6 айдан аспайды. Десек те, сол уақыт аралығында өзін жақсы жағынан көрсеткен, жұмысты тиянақты атқарған түлектер жұмыс берушінің ұйғарымымен тұрақты жұмысқа қалдырылады.

Бұл ретте жұмыс беруші халықты жұмыспен қамту орталығына еңбек заңнамасында белгіленген мерзімде тұрақты жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтың көшірмесін жолдайды. Еңбек шартына сәйкес, түлектер қатарындағы бағдарламаға қатысушылардың жалақысы алты ай бойына төленеді. Оның республикалық немесе жергілікті бюджеттен субсидиялаудың бір айдағы мөлшері 25 айлық есептік көрсеткішті құрайды.

СҰРАНЫС КӨБЕЙДІ

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Полымбет Хасановтың айтуынша, қазір «Жастар тәжірибесі» «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асуда.

– Жастардың әлеуметтікэкономикалық проблемаларын шешуге қолдау жасап, көмек көрсету – мемлекеттің басты міндеті. Бұл ретте жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеу, соның ішінде жастардың қоғамдағы орнының маңызын арттыру мақсатын көздейміз. Жоғары және орта-кәсіптік оқу орындарын бітірген түлектер үшін «Жастар тәжірибесіне» өткен жылы 1 186 жас жіберіліп, 511 адам тұрақты
жұмысқа қалдырылды.

Биыл бағдарлама шеңберінде 990 жасты бағдарламамен қамту қарастырылуда. Жыл басынан бері 374 жас түлек мекемелерде тәжірибе жинақтауда. Сондықтан, жоғары және орта-кәсіптік оқу орындарын бітірген түлектерді «Жастар тәжірибесіне» қатысуға шақырамыз. Жастар тұрғылықты мекен-жайы бойынша жұмыспен қамту орталықтарына тіркеліп, өз мамандығына сай тәжірибе жинақтап, жұмысқа орналасу мүмкіндігін пайдалануы қажет, – деді ол.

  • «Еңбек» бағдарламасымен биыл жұмыспен қамту шараларына 11 мыңнан астам жасты тарту жоспарланыпты.

Жыл басынан бері хабарласқан 3 865 жастың 80 пайызы әлеуметтік қолдау түрлеріне тартылды. Сәуір айында өткен жастар істері жөніндегі кеңестің кезекті отырысында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев «Жастар тәжірибесі» тиімділігін көрсеткен жоба екенін айтқан болатын. Сондықтан, құзырлы орган басшыларына жұмыссыздықтың алдын алу үшін тәжірибеден өтуші әр жасты жеке бақылауға алуды тапсырды.

Бұл орайда алдымен жастардың өздері белсенді болуы керектігін айтқымыз келеді. Иә, болашағына бейқам қарамай, оқу орнын бітірген әр жас осындай мүмкіндікті пайдалана білуі тиіс. Өйткені, бойкүйездікке жол беріп, алға талпынбайтын адамның ертеңі де бұлыңғыр болары белгілі. Ал, тірлігі жоқ жанның табысы болмайтыны тағы ақиқат.

Түйін

Иә, «Жастар тәжірибесі» – жастардың өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына таптырмайтын мүмкіндік. Алайда, аталған бағдарлама жайында бірі білсе, бірі біле бермейді. Биыл да түрлі мамандық бойынша оқыған мыңдаған студент қолына дипломын алды. Олардың қатарында бірден тұрақты жұмысқа орналасатыны да «екі қолға бір күрек» таба алмай қалатыны да кездеседі. Жастардың жұмыссыз жүрмеуі үшін бағдарлама туралы айтып өтуді жөн көрдік. Енді соны қабылдар талапты жастар табылса дейміз…

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

  • Экономикалық тұрғыдан белсенді жастар – 76,5 мың адам
  • Жұмыспен қамтылған қала 47,8%жастары –
  • Жалпы жұмыспен қамтылған жастардың үлесі – (74,7 мың адам)24,5%
  • жұмыс орындарының саны шектелмейді.
  • Ауыл жастары – 52,2%
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз