ЖАС ҚАЙРАТЫ ЕЛІМНІҢ…

Бейсенбіде «Атырау-Ақпарат» ЖШС жанындағы Атырау коммуникациялар қызметінің баспасөз орталығында кезекті брифинг өтті. Журналистермен жүздесіп, келелі ойларды ортаға салып, талқылауға облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мейірім Қалауи, дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұржан Ермұханов келді.

 

Сандарды сөйлетсек, облыстағы жастар саны – 154 343, ол шамамен аймақ тұрғындарының 27 пайызын құрайды. Өңіріміздегі мемлекеттік жастар саясаты мәселелері туралы баяндама жасаған басқарма басшысы М. Қалауидің айтуынша, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстары шеңберінде 19 жоба қаралып, жергілікті бюджеттен 70 млн. теңге қаражат бөлінді. Оны облыс бойынша 11 жастар ұйымы жүзеге асыруда.

Ресурстық орталықтарға 42 штат бірлігі және құрал-жабдықтарына, жыл бойына өткізетін шараларына қажетті қаржы бөлінуде. Бұл бұрын шет қалып жүрген ауыл жастарымен жұмысты жандандыруға мүмкіндік берді. Бұған қоса, қоғамның өзекті мәселесі болып табылатын жұмыссыздық турасында жастар арасында тегін кеңестер, психологиялық көмектер, тренингтер ұйымдастырылады. Жалпы, жыл басынан 275 жасты қамтыған 12 семинар өткен.  Жас кәсіпкерлер мектебінде оннан аса жоба іске қосылған.

Жұмыссыз жастарды еңбекпен қамтуда бүгінгі күні 1300 жастың қатысуымен екі рет бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Оған  65 мекемеден 1443 бос жұмыс орнына өтінім түскен. Осындай жұмыстардың нәтижесінде барлығы 4476 жас жұмыспен қамту шараларымен қамтылып, оның 2200-і тұрақты жұмысқа орналасқан.  «Жасыл Ел» жастар еңбек жасақтарының құрамында 600 жас еңбек еткен.

Сондай-ақ, басқарма басшысы жастарды баспанамен қамту өз дәрежесінде орындалып жатқанын айтты.

– Жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында өңірде «Жас Отау» жобасы жүзеге асырылады. Биылғы жылы 90 пәтерлік тұрғын үй құрылысы аяқталып, Халықаралық жастар күні мерекесінде табысталды.

Биыл аталған жоба аясында жиынтық табысы төмен жас отбасыларға арналған 150 орындық жатақхана және 120 пәтерлік тұрғын үй құрылысы жоспарланды. Атырау қаласы, Нұрсая мөлтекауданы, 23 үйде жалпы көлемі 150 шаршы метр «Коворкинг орталығын» ашу жоспарланып отыр. Бүгінгі күні орталықтың жобалық-сметалық құжаттары жасақталуда, – деді М.Қалауи.

Ал, аймақтағы спортты дамыту, оған талпынған жасқа жігер беріп, қолдау – облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының алға қойған міндеті. Басқарма басшысы Нұржан Ермұхановтың сөзінше, аймақта 12 балалар және жасөспірімдер мектебі 12 спорт түрі бойынша қызмет етеді. Сондай-ақ, жоғары спорт шеберлерін даярлайтын мектеп пен олимпиадалық резервті дайындау орталығы және сегіз кәсіптік спорт орталығы жұмыс жасайды. Олардың тынымсыз жұмыстарының нәтижесінде бүгінде жеткен жетістіктер аз емес. Футбол, хоккей, дзюдо, бокс сияқты спорт түрлерінен басқа ұлттық спорт түрлері де жолға қойылған. «Спортта еліміздің байрағын көкке көтерген атыраулықтар 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиадаға қатысу үшін берілетін лицензиялар үшін бақ сынаспақ. Оларға үміт артып, олимпиада төрінен көреміз деп сенеміз» деді Н.Ермұханов.

Басқосу соңында басқарма басшыларына журналистер тарапынан түрлі сауалдар жолданып, оған тұшымды жауаптар алынды.

 

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз