«Жапония мен Испанияны көзбен көріп қайттық»

IMG 1254 Жаңалықтар

«ЭКСПО-2017» көрмесі аумағын бір күнде аралап шығу мүмкін емес. Билеттер құны – 4000 теңге. Кешкі сағат 19.00-де адам басына 2000 теңге болады. Жұмыс күні барғанымызбен де павильондарды тамашалуға келген көремендер легінің көптігінен бәрін аралап шыға алмадық. Айта кетейік, негізінен келушілердің дені – қазақстандықтар мен ТМД елдерінің азаматтары. Сондай-ақ, көрермендерге қызмет көрсетуші гидтер де өздерінің жұмыстарын ұқыпты атқаруда. Керек десеңіз, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде бірдей еркін сөйлей жөнеледі. Бір қызығы, зейнеткерлерге, жүкті әйелдер мен үш жасқа толмаған балалардың ата-аналарына жеңілдік қарастырылған. Олар кезексіз өтіп, әрі лифтімен жүреді. Қалғандарының бәрі қазақстандық сегіз қатарлық павильоннан бастап бәрін аяқтай аралауына тура келеді.

Бір мемлекетке соғып, жаңалықтарымен танысу үшін кемінде бір сағат уақыт керек. 115 мемлекеттің ішінен екі елдің ғана озық технологиясымен танысуға ғана мүкіндік алдық. Көрмені көруге асық болып отырған оқырмандар үшін біз көрген дүниелермен бөлісуді жөн көрдік. Сонымен, алғашқысы  Жапония болды. 

Күн сайын – бір жаңалық

Технологиясы озық дамыған Жапония көрмеде үш энергия көзі бойынша өз жобаларын ұсынуда. Күн шығыс елінің павильоны үш залдан тұрады. Бірінші бөлікте бөлікте табиғи қоры шектеулі Жапонияның түрлі энергетикалық проблемаларды шешу жолындағы жапон халқының жинақтаған зияткерлік, әрі технологиялық тәжірибелері ұсынылған. Екінші бөлігінде қонақтар жапон халқының ақыл-ойы мен рухы сақтала отырып жасалған жобаларды кең экранды монитор мен смартфондар арқылы тамашалай алады. Үшінші бөлікте келушілерге жеңіл, әрі түсінікті түрде үздік технологиялар мен қоршаған ортаны келеңсіз әсерді азайтатын болашақтың технологиялары туралы айтылады. Бұл аумаққа келген азаматтар түрлі ойындар ойнай алады. Мысалы, Моризо мен Киккоро есімді компьтерлік кейіпкерлермен бірігіп, қоршаған ортаны көмірқышқыл газынан арылтуға болады. Бұл қызықты ойынды GISPRI компаниясы жасап шығарған екен. Озық технологиясымен қашан да тамсандырып келетін күн шығыс елі бұл жолы  келушілердің уақытын босқа өткізбей, түрлі ойындарға тартуда.

IMG_1254

 Бұл елдің негізгі тақырыбы экология мәселесі екен. Олар ауаға таралып жатқан көмірқышқыл газының көлемін азайтып, энергия көздерін ақылмен пайдаланып, адамдардың өмірін одан әрі жақсартуды көздейді. Күнде бір жаңалықты ойлап тауып жатқан жаңашыл елден алдағы күндері бұл жоспарды да ойдағыдай орындай алатынына сеніп қайттық.

Желден пайда тапқан ел

17 шілдеде Испанияның ұлттық күні аталып өтті. Онда испандықтар өздерінің мәдениетін таныстырды. Ең алдымен Компаниа Фламенка жиырма минут бойына музыкалық дуэтімен өнер көрсетті. Әрі қарай Испания Павильонының алдында күні бойы Каррос де Фок көше театрының командасы бірнеше қойылыммен сахнаға шықты. Олардың бұл мәдени бағдарламасы он күн бойына таңертеңгі сағат 11.00-ден бастап көрсетіледі.

Испания – жасыл энергетиканы зерттеу саласында көш бастап тұрған ел. Олар өздерін «арманшылдар, ізашарлар һәм жаңашылдар елі» деп атайды. Испания павильонына кірген сәтте оның табиғи тазалығы бірден баурап алады. Еден де, павильонның қабырғасы да табиғи материалдан жасалған. Павильон иелері оған кеткен қаржының көлемін де жасырған жоқ, павильонның құрылысы мен дизайнына екі миллион еуро жұмсалыпты.

IMG_1249

Бұл елде үш миллион үй экологиялық таза энергиямен қамтамасыз етіледі екен. Испанияда тұтынатын электрэнергиясының 40 пайызы жаңартылған энергия көздерінен алады. Сондай-ақ, испандар жыл сайын 80 миллион тонна көмірқышқыл газының ауаға таралуына тоқтау салды. Испания жел энергиясын өндіру бойынша әлемде бесінші, Еуропада екінші орында тұр. Бұл елде 1077 жел паркі бар. Жалғыз жел паркі жұмыс істеп тұрған біздер үшін үйренеріміз көп. Испания есер желден пайда көріп отыр. Бұл ел жылына 2,5 миллион еуроға жел энергиясына арналған жабдықтар экспорттайды.

«Испанияда күн мен желдің әлеуеті Қазақстандағы секілді өте зор. Бірақ, біз технологияның арқасында осындай көрсеткішке жетіп отырмыз. Алайда, Қазақстанда қоқыс павильондары өте көп. Ал, Испанияда бұл іске кішкентай тұрғындар да жұмылдырылған. Ел билігі қоқысты сұрыптап, кәсіпорынға өткізген балаларға балмұздақ және өзге де тәттілер сатып әпереді. Сондықтан, дәл осы жасыл энергия тақырыбында Қазақстанның Испанияның тәжірибесіне арқа сүйеуіне болады» дейді Испания павильонының директоры Кармен Буэно.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛ.

Астана қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз