ЗАҢСЫЗ ПӘТЕРЛЕР ҚАЙТАРЫЛАДЫ

Бейсенбі күнгі Орталық коммуникациялық қызметіндегі брифинг әдеттегіден өзгеше өтті. Өйткені, басқосуда қоғамда қызу талқыға түскен мәселе қаралған болатын. Ол «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ басшыларының тұрғын үйлерді заңсыз иеленуіне қатысты еді. Журналистермен жүздескен «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев әңгіменің түйінін тарқатып айтып берді.
Елбасы жуырдағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» басшыларын өткір сынады. Бақсақ, қаржы құрылымының жетекшілері осы күнге дейін көпшіліктің емес, алдымен өздерінің мүдделерін ойлап келіпті. Олар «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасының аясында пәтерлерді жеңілдікпен сатып алып келген.

– Маған жаңа баспана төрағаға, оның орынбасарларына, банктің Алматыдағы филиалының директорына, оның ағасына, департамент директорына, оның апайына бөлінгендігі туралы анықтама берді. Банктің басқарушы директоры, оның ағасы, сондай-ақ кейіннен пәтерді үшінші тұлғаға сыйға тартқан ұлы баспана алған. Мен қарап отырмын, банктің жеңілдікпен пәтер алған 20-дан астам қызметкері бар. Біз сонда банкті оның қызметкерлері үшін құрдық па? – деген болатын Президент. 
Кеше өткен брифингте «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ басқарма төрайымы Нұрбибі Наурызбаеваның қызметі мерзімінен бұрын тоқтатылғанын жария етті. Басқарманың кейбір мүшелері, өзге басшылары да жұмыстарынан босады. Банк директорлар кеңесінің жаңа құрамы қалыптастырылып жатыр. Тағы бір жаңалық – бағдарламаға қатысушылардың баспана жағдайын ескеру туралы шарт енгізілмек. Енді табысы жоғары адамдардың «арзан бәсіне пәтер аламын» деген тілектері орындала қоймайды, өйткені, олардың ұмтылысына шектеу қойылмақшы.
«Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» басшылығының бей-берекетсіздігі турасында Қ.Бишімбаев тұшымды әңгіме қозғады.
– Биыл 19 маусымда «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» «Бәйтерек» холдингінің сенімді басқаруына берілген болатын. Бес күн өткенде, яғни 24 маусымда біз депутаттар тарапынан жасалған мәлімдемеге қатысты жағдайдың анығына жету үшін комиссия құрдық. Тексеру кезінде банк басшылығы мен олардың туыстары мемлекеттік бағдарлама аясында пәтер алғандары расталды. Сонымен қатар, комиссия сатып алушылар пулын қалыптастыру барысында бірқатар процедуралық нормалар бұзылғандығын анықтады. Тексерудің қорытындысы Үкіметке жолданды, – деді басқарма төрағасы.
Президенттің сын-ескертпесінен соң халықтың иелігі өзіне қайтарылатын болды. «Заңсыз пәтер алғандардың барлығына хат жолдадық, олар – банктің бұрынғы қызметкерлері мен туыстары. Біз оларға мәмілеге келу және пәтерлерді банкке өз еріктерімен қайтару мәселесін ойлануға екі апта мұрсат беріп, ресми ұсыныс жолдадық. Әрине, оларға пәтер үшін төлеген ақшалары мен басқа да шығындары өтеледі. Егер мәмілеге келе алмасақ, онда біз заңға жүгінетін боламыз. Осындай жағдайлар үшін қарастырылған заң талаптарына сәйкес, сот арқылы пәтерлерді қайтаратын боламыз» деді Қ.Бишімбаев.
Брифингке тікелей бейнебайланыс жүйесі арқылы қатынаса отырып естігеніміз, «Бәйтерек» холдингі еліміздегі даму институттарының (олардың саны 10) қызметін реттеу, жүйелендіру, сонымен қатар олардың бөлген ақшасын тиімді пайдалану мақсатында құрылыпты. Мемлекеттің қаражатын үнемдеу де құрылымға артылған жүктің бірі. Қ.Бишімбаевтың айтуынша, холдинг даму институттарының қаржылық жағдайын сараптап отыр. Бұл жұмыс, өз кезегінде мемлекетке жыл сайын 15 миллиардқа жуық теңге үнемдеуге мүмкіндік береді. «Бұған қоса, холдингтің еншілес ұйымдарының ішкі резервтері еліміздің экономикасына 4 миллиард доллар көлемінде қосымша қаражат салуды қамтамасыз етуге қабілетті» деді сұхбаттасушымыз.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз