Тажал төндірген апат

snimok apapapapapapa Жаңалықтар

Бұдан 35 жыл бұрын 26 сәуір күні Чернобыль атом электр станциясының төртінші энергоблогында болған жарылысты тарих әлі ұмыта қойған жоқ. Тіршілік атаулыға тажал оғын төндіріп, талай боздақтың өмірін қиған, мыңдаған адамға зардап шектірген қайғылы да қасіретті оқиға дүние жүзі атом энергетикасы тарихындағы ең ірі жарылыс.

Оның зардабын жоюға сол кездегі Кеңестер Одағы көлемінен 800 мыңдай адам қатысса, соның 32 мыңы қазақстандықтар еді. Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келіп, әр салада еңбек ететін әскери міндеттілер де, мерзімді әскери қызметте жүргендер де бар-ды. Бейбіт кезеңдегі «мылтықсыз майданға» бір ғана Атырау облысынан сол кезде 1 500 адам аттаныпты. Бұл күн Чернобыль құрбандарын еске түсіру күні ретінде тарихта «қаралы әріптермен» таңбаланды.

Осыған орай, «Атырау облысы бойынша Чернобыль ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сейітжан Әбуовпен сұхбаттасқанбыз.

– Жасыратыны жоқ, апат зардабын жойып, бүлінгенді қалпына келтіру жұмыстарына тартылған атыраулық азаматтардың бүгінде көзі тірі қалғаны – 168. Алдының жасы 70-тен асып, соңының өзі 50-ді орталаған жігіттердің дені қазірде  түрлі дәрежеде мүгедектік алған мүмкіндігі шектеулі жандар санатында. Кезінде дүниені дүр сілкіндіріп, бір ғана Украина емес, іргелес орналасқан бірнеше мемлекеттің аумағын қамтып, орны толмас залалын келтірген оқиғадан опат болғандарды айтпағанда, содан бергі уақытта радиациялық сәулемен уланып, соның кесірінен денсаулығынан айырылып, өмірден өткендері қаншама?! Тек соңғы бес жылда 50-ге тарта жолдасымыздан айырылдық. Өзекті өртейтін өкініш. Әрине, бұл сұмдықты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, – деп бастады әңгімесін Сейітжан Сәрсенұлы.

– 2015 жылы осы ұйымды құрдық. Ондағы мақсат – атауынан аңғарылып тұрғандай, Чернобыль атом электр станциясындағы жойқын апаттың зардабын жоюға қатысқан жерлестеріміздің мүддесін қорғау, әлеуметтік мәселелерінің шешілуіне септесу. Өзге өңірлердегі тәрізді бүгінде бұлардың бәрі де Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген ардагерлер санатына енген. Жеңілдіктерді де солармен бірдей пайдаланады. Жылына бір мәрте берілетін жәрдемақыдан (100 мың теңге) бөлек, зейнетақыларына қосымша, басқа да көмектерді алып отырады. Қалаішілік қоғамдық көліктерде тегін жүріп, шипажайларда демалады. Мұнымен ардагерлердің бар мәселесі, мұңы мен мұқтажы толықтай шешілді деуден аулақпыз. Мезгілінде осыған жауапты мемлекеттік құрылымдардың тарапынан тиісті деңгейінде түсінік жұмыстары жүргізілмеуі, басқа да себептерден одаққа мүшелікке кіргенімен, әлі күнге осы жеңілдіктерді пайдалана алмай отырған ардагерлер де бар. Арасында өздігінен жүріп-тұруы қиындаған, жылдар бойы арбаға таңылғандары да кездеседі. Жыл сайын атаулы күн қарсаңында мүмкіндігіне қарай жігіттердің басын қосып, ұлығылау шараларын ұйымдастырамыз. Көптен бері ойға алғанымызбен іске аспай келе жатқан шаруаның бірі – Чернобыль құрбандарына арналған ескерткіш белгі мен тақтаның орнатылмауы. Ел ағалары мұны қолдауға уәде берген, әзірге өтінішіміз орындалмай келеді. Осы жайт бізді қатты қынжылтады, жанымызға батады.

Сейітжан Сәрсенұлы 1986 жылы Украинаның Донецк қаласында орналасқан бөлімдердің бірінде мерзімді әскери қызметте, ішкі әскер құрамында болыпты. Сол жерден 20-ға жуық сарбаз бір түнде ел астанасы – Киев шаһары арқылы Чернобыльге жол тартқан. Бұларға жүктелген басты міндет – мұндағы адамдарды қауіпсіз аймақтарға көшіру, үйінді астында қалып қойғандарын құтқару, тонаушылықтың, ұрлық-қарлықтың, басқа да келеңсіз жағдайлардың алдын-алу, жол бермеу.

– Өзімізге жүктелген міндетті абыроймен атқарып, басшылық тарапынан берілген бұйрықты бұлжытпай орындадық. Екі жылдық мерзімді әскери қызметтің төрт айын осында өткізіп, аман-есен елге оралдық. Әйтсе де, оның денсаулығымызға тигізген зияны қаншалықты ауыр болғанын уақыт өте келе қатты сезіндік. Айлап, жылдап емделуімізге тура келді…

Әсерлі әңгімені телефон арқылы тілдескен азаматтар одан әрі жалғастырды.  Солардың бірі – мақаттық Демеу Есқалиев. Чернобыль апатын ауыздықтауға ол 1988 жылдың сәуір айында Доссордағы автокөлік жөндеу зауытында слесарь болып еңбек етіп жүрген жерінен аудандық әскери комиссариат арқылы шақырылыпты. Әуелі Днепродзержинск облысына қарасты Днепропетровск қаласына тоқтаған ол көп кешікпей Чернобыль маңындағы қалашыққа жеткізіледі. Сол мезгілдері іргетасы жаңадан қаланып жатқан Славич қаласын салу жұмыстарына қатысады. Қажеттілігіне қарай басқа да жұмыстарға тартылған.

– Біздер Мақат кентінен 17 адам 1986 жылдың желтоқсан айында әскери міндетімізді өтеуге шақырылып, Чернобыльға түстік. Апаттан кейінгі үйінділерді тазартудан бастап, түрлі жұмыстар жасадық. Сол мезетте «радиацияның салдарынан ауруға шалдығып қаламыз-ау, өмірімізге қауіп төнеді-ау» деп мүлдем ойламадық.  Қалай болғанда да берілген тапсырманы тиянақты орындауды мақсат тұттық. Соңынан денсаулық сыр беріп, сырқатымыздан сауығу қиындады. Мүгедектер санатына қосылғанда ғана қандай қатерге бас тіккенімізді білдік. Бірге кеткен азаматтардан бүгінде төртеуіміз ғана тіріміз. «Бұл күнге жеткен де, жетпеген де бар» демекші, осыған да шүкір деп, Алланың бергенін қанағат етіп жүріп жатқан жайымыз бар, – деп сырын ақтарды бүгінде Атырау қаласында тұратын ардагер, қоғам белсендісі, ІІІ топ мүгедегі Хасан Қараманов.

Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, Чернобыль атом электр станциясындағы жарылыс – келтірген залалы, қамтыған ауқымы, салдары мен сипаты  жағынан ХХ ғасырдағы ең ірі техногендік радиациялық апат. Біріккен Ұлттар Ұйымының 1995 жылғы есебінде бұл апаттан барлығы 9 миллион адамның зардап шеккені келтірілген. Оның тең жартысына жуығы немесе 4 миллионы 14 жасқа дейінгі балалар, қалғаны ересектер екен. Ал, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы радиоактивті элементтердің құрамында адам ағзасында қатерлі ісік ауруларын туындататын цезий мен йод түзілімдерінің мөлшері шамадан тыс көп болғанын анықтады. Сарапшы мамандардың пайымдауынша, радиоактивті сәулелер адамның денесіне ешқандай кедергісіз ене береді. Одан қорғану мен ағзадан шығарып тастау амалы ғылым мен медицинада әзірге табылмай тұр. Оның үстіне, адамның миы мен жыныс, сілекей және қалқанша бездері, қан тамырлары жүйесі, ағзаның эндокриндік мүшелері, бауыры мен бүйрегі радиацияны мейлінше тез сезініп, қабылдауға дайын тұрады. Атом электр станциясындағы апат тек Украинамен шектелмей, Беларусь Республикасы мен Ресей Федерациясының аумағын да қамтыған. Сөйтіп, Чернобыль апатынан келген зауал Нагасаки мен Хиросима қалаларына тасталған атом бомбасының тажалынан да асып кеткен.

Арада қанша жыл өтсе де, бұл оқиғаның ұрпақтар санасында жаңғырып, ұмытылмасы кәміл. Сол үшін де апат алаңында болып, жарылыстың зардабын көзімен көрген Чернобыль ардагерлерінің оның құрбандарына ескерткіш қою жайлы ұсыныстары аяқсыз қалмайды деген сенімдеміз.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз