Тарихи тұлғалар тағылымы

Жақында Астана қаласындағы «Фолиант» баспасынан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ Озғанбайдың «Тарихи тұлғалар тағылымы» атты кітабы жарық көрді.

Кітаптың аты айтып тұрғандай, бұл еңбекте қазақ халқының аса көрнекті тарихи тұлғаларының өмір жолы мен соңына қалдырған тағылымдары тамаша баяндалған.

«Бабалар мұраты» атты бірінші тарауда автор «Атыңнан айналайын, хан Абылай!» деп бастап, Төле, Қазыбек, Әйтеке билер, Бұқар жырау, Баян, Ер Жәнібек, Жанғожа батырларға арнайы тоқталған. Әсіресе, Әйтеке биге қатысты тарау деректердің молдығымен риза қылады.

Кітаптың екінші тарауы «Дала даналықтарына» арналған. Бұл тараумен танысқан оқырман Маңғыстау өлкесіндегі қасиетті Отпан таумен қауышады, қазақтың ас беру дәстүрінің қыр-сырына қанығады, Қарқаралы өңірінде Жидебай батырға берілген асқа да қатысады.

«Тарихи тұлғалар тағылымы» кітабының үшінші тарауы «Арыстан жүректі арыстар» деп аталады. Тарихшы ғалым бұл тарауда қазақ қоғамының тіршілігінде үлкен қызмет атқарған, өліара кезеңде көш басында жүрген бірталай азаматтың өмір жолына сипаттама берген.

Атап айтқанда, қазақ тарихында өзіндік із қалдырған Қарабура, Ыбырай Алтынсарин, Иманжүсіп Құшнанұлы, Алпысбай Қалшенов, Ұзақбай Құлымбетов, Темірғали Нұрекенов, Зұқа Сәбитұлы және т.б. жөнінде тың мәліметтер берілген.

Көркем ой, мағыналы сөз бен деректер негізінде өрілген бұл кітап қалың көпшілікке арналған.

Шахман  НАҒЫМҰЛЫ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің доценті, Ахмет Байтұрсынов атындағы алтын медаль иегері.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз