Шешім ортақ мүддеге орайласса…

 Жер кодексіне енгізілген өзгертулер мен толықтырулар қоғам арасында үлкен резонанс тудырғаны белгілі. Осыған орай туындаған мәселелерді талқылау мақсатында Ақсай ауылдық округі әкімшілігінде жиын өтті. Оған қалалық мәслихат депутаттары М.Шырдабаев, А.Дүйсәлиев, жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы А.Дүйсенғалиев, «Иманғали» мешітінің бас имамы Б.Мансұров және округке қарасты мекеме басшылары, жергілікті қоғамдастық мүшелері, ардагерлер, ауыл тұрғындары қатысты.

  Халық қалаулылары заңдағы өзгерістердің өмірден туындағанын алға тартты. Шындығында, жер мәселесі бүгінде өте өзекті болып отыр. Сондықтан, оған аса сақтықпен қараған жөн деп ойлаймын. Осы орайда, ардагерлер Қ.Сәмешұлы мен С.Рахметов жер дауына қатысты өздерін толғандырған ойларын ортаға салып, ұсыныстарын білдірді. Жер кодексіндегі жаңа өзгерістердің ауыл тұрғындарына мейлінше қолайлы болғанын мен де қалаймын және қолдаймын. Өйткені, бұл жерді жайлаған ата-бабамыз өмір бойы егін егіп, мал өсірді. Маңдай терін төгіп, осы жерден еңбегінің жемісін көрді. Ендеше, жерге қатысты мәселеге бейжай қарауға болмайды. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Б.Сағынтаевтың басшылығымен Үкімет жанынан құрылған комиссия жұмыс жасауда. Оның құрамына әр облыс пен мүдделі органдардан қоғамдық бірлестіктер мүшелері еніп отыр. Олар жер заңнамасына қатысты түйткілдерді оңтайлы шешеді және ол бүкіл қоғам мүддесі үшін жауап беретін шешім болады деп сенемін.

Боранбай ТҰРМҰХАН, Ақсай ауылдық округінің бас маманы,

Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз