Шар болаттай шыңдаған ширек ғасыр

Шар болаттай шыңдаған ширек ғасыр Жаңалықтар

Ел тыныштығын сақтауда қырағылық танытып, бейбіт күннің қорғаны болған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрылғанына биыл – 25 жыл. Кеше облыс әкімі Нұрлан Ноғаев кәсіби мереке иелерін айтулы датамен құттықтап, шынайы лебізін білдірді. Салтанатты жиын ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовтың құттықтау жеделхатымен ашылды. 

Шар болаттай шыңдаған ширек ғасыр

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында құрылған арнаулы орган ширек ғасыр ішінде тұрақты дами отырып, қалыптасудың сындарлы жолдарынан өтті.

– Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көрегенді саясаты мен дер кезінде қабылданған шешімдердің нәтижесінде мемлекетіміз қарқынды даму үстінде. Бағыт-бағдары айқын, ұстанымы берік, әлемдік қауымдастықта айшықты орны бар еліміз аяғынан тік тұрды.

Ардагерлер жақсы біледі, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін күрделі геосаяси экономикалық жағдай оңай болмады. 16 республиканың басым бөлігінде от шарпыған азаматтық соғыстар, басқа да келіспеушіліктер мен шиеленіс, дағдарыс жағдайлары белең алды. Сол кезде халқымыздың бірлігі, Елбасының талабы мен саяси доктринаның арқасында біздегі тұрақтылық сақталды. Оған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қосқан үлесі де мол десек қателеспейміз.

Біз 25 жыл ішінде кейбір елдердің ғасырлар бойы жүретін жолдарынан өттік. Қазірде Қазақстанды әлем таниды, пікірімізбен санасады. Конфессияаралық қатынас, достық, қоғамдағы келісім. Сайып келгенде, мұның барлығы Елбасы саясатының жемісі екені сөзсіз. Бұл үрдіс әрі қарай да жалғаса бермек, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысының айтқанындай, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Атырау облысы бойынша департаментінің Мемлекет басшысы қойған талапқа сай материалдық-техникалық базамен жабдықталуы облыстық әкімдіктің ұдайы назарында. Қызметтік пәтерлермен,  басқа да қажетті құралдармен қамтамасыз ету жолға қойылған. Тиімді серіктестік әрі қарай жалғаса беретініне сендірген өңір басшысы бұл  комитет қызметкерлерінің жұмысты әлі де үлкен жауапкершілікпен атқаруына мүмкіндік туғызатынын атап көрсетті.

Сонан соң Ұлттық қауіпсіздік комитеті Атырау облысы бойынша департаментінің бір топ қызметкері облыс әкімінің  Алғыс хатымен марапатталды.

Төл мереке иелеріне аталмыш департамент бастығы, полковник Талғат Әлімжанов құттықтау лебізін арнады. Отставкадағы ардагерлер төсіне мерекелік медаль тағылды. Сондай-ақ, қызмет бабында іскерлігі, кәсібилігімен ерекшеленген қызметкерлерге ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының грамоталары мен Алғыс хаттары табыс етілді. Салтанатты шарада көрермен назарына 25 жылдыққа арнайы дайындалған деректі фильм ұсынылып, соңы концерттік бағдарламаға жалғасты.

Айбөпе МҰРАТҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз