ajcz7lpk

Қуандық Батыров: «Ақпарат алу құқығы шектеліп бара жатыр…»

Жаңалықтар Халық үні
5 / 100

Журналистердің әлеуметтік мәртебесінің жоқтығына байланысты газетімізде облыстық Қоғамдық кеңес төрағасы Мұрат Өтешов мәселе көтерген болатын. Ол қоғамда қызу талқыланып жатыр. Бүгін біз өзекті тақырыпқа қатысты ардагер журналист, ұзақ жылдар бедерінде Қазақстан Журналистер одағының Атырау облыстық филиалын басқарған Қуандық Батыровпен сұхбаттасқан едік.

– Қуандық Батырұлы, сізге етене таныс журналистің жұмысы аса жауапты. Ақпараттық – идеологиялық, ұлттық қауіпсіздік мәселелерімен ұштасатын маңызды сала екенін өте жақсы білесіз. Өзгенің проблемасын жоғары деңгейде көтергенімен, өз мәселесіне келгенде дәрменсіз. Неге? Оған мамандық мәртебесінің заңмен бекітілмеуі негізгі себеп пе?

– Қай саланың болсын қалыптасып, дамып, өркен жаюы ең бірінші кезекте маманға байланысты. Ал журналист – басқаға ұқсамайтын ерекше мамандық. Ол өз шығармашылығы арқылы қоғамға, адамға қызмет етеді. Сондықтан оның жұмысы маңызды әрі жауапкершілігі жоғары.

Алайда осынау қасиеттерге ие мамандық иесінің қоғамға айтатын назы да жоқ емес. Өкінішке қарай, кезінде Шерағаңның: «журналистің арқалағаны алтын, жегені жантақ» деп айтқаны әлі күнге өзектілігін жоғалтпай келеді.

Әрине, әділдікке жүгінсек, айтар сөзінің өн бойына шындықтың айшық өрнегін түсіре отырып, оқырмандарға, тыңдармандарға, көрермендерге образды сөз сыйлап, адамның дүниетанымына сіңіріп жатқан журналистердің өлшеусіз еңбектері мақтаусыз емес. Бұл жағдай әсіресе кәсіби мерекені атап өту кезінде ерекше байқалады. Дегенмен, мұндай бір реттік көрсетілетін құрметтің қарымдылығы шамалы. Журналистің күрделі әлеуметтік мәселелерін шешудің нақты тиімді жолдары қарастырылғаны жөн. Сіз айтқандай, мамандық мәртебесінің заңмен бекітілуі мейлінше қажет. Себебі, бүгінгі күні журналистің қоғамдағы орны заңдылық тұрғыдан еш айқындалмаған, нәтижесінде қазір ол, не мемлекеттік қызметші, не азаматтық қызметші, не кәсіпкер санатында жоқ белгісіз тұлға.           

– Журналист мәртебесіне қатысты мәселе ел Президентінің де назарына жетті. Біраз уақыт бұрын аталған жайтты нақты қарастыру қажеттігі туралы да баса айтты. Заң қабылданар болса, қандай мәселе назардан тыс қалмауы керек?

– Иә, 2019 жылғы 24 маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Тwitter парақшасына «Үкіметке арнайы қаулымен Қазақстан журналистерінің кәсіби мерекесін бекіту жөнінде тапсырма бердім. Бұл БАҚ-тың қоғамдағы маңызды рөлін айқындайтын әділ шешім болмақ» деп жазған болатын. Сондай-ақ, мемлекет басшысы БАҚ-тың қоғамдағы маңызды ролін айқындайтын заң қабылдау керектігін айтқаны белгілі. Менің ойымша, мұндай шешімге Президент журналист мәртебесіне қатысты қоғамдық пікірді ескергендіктен келіп отыр. Шындығында, бұл – отандық ақпарат саласындағы тоқсан тарау толғағы күрделі мәселе.

Бір сәт өткенге көз жіберсек. Қазақстанның ең алғашқы заңдарының бірі ретінде 1991 жылы қабылданған «Баспасөз және басқа бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң да, 1999 жылы қабылданған отандық масс-медианың әрі қарай қарқынды дами түсуіне, мемлекеттік емес БАҚ санының күрт артуына, ірі медиа құрылымдардың қалыптасуы мен дамуына ықпал еткен жаңа заң да, 2001 және кейінгі жылдары  заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар да журналистің құқықтары мен міндеттерін ғана айқындаумен шектеліп, оның қоғамдағы нақты мәртебесін анықтай алған жоқ. Мінеки енді Президенттің тапсырмасына сәйкес алдағы 2022 жылы БАҚ туралы жаңа заң қабылданбақ. Журналистер қауымы бұл мүмкіндікті мүлт жібермеулері керек.

Жаңа заңда журналистің мәртебесі туралы арнайы тарау енгізілуі қажет. Онда журналистің мемлекеттік немесе мемлекеттік емес БАҚ-та қызмет етуіне қарай нақты статусы айқындалып, тиісті меншік иелерін қарамағында жұмыс жасайтындардың әлеуметтік мәселелерімен айналысуға міндеттейтін арнайы баптар қарастырылуы керек. Негізі, жаңа заң «БАҚ туралы және журналистің статусы» деген атаумен қабылданғаны дұрыс болар еді. Бұл мәселеде БАҚ қызметкерлері белсенділік танытып, келелі ұсыныс-пікірлерін білдіріп жатса құба-құп. Әсіресе қазіргі Парламентте отырған жиырмадан астам масс-медиа өкілі тарапынан аталған заң дайындалса, оның сапалық деңгейі кәсіптік тұрғыдан мейлінше жоғары көтерілері хақ.               

– Журналистің басына іс түссе… Кім көмектесе алады?

– Ешкімнің де заңнан аттап кетуіне болмайды. Осы ретте сот тәжірибесінде азаматтардың ар-намысы мен абыройын қорғау туралы заңдылықты қолдануға болатынын ескерген жөн. Әрине, көп жағдайда мәселені сотқа дейін шешкен абзал. Бұған мүмкіндік те жоқ емес. Еліміздің тарихында тұңғыш рет 2012 жылғы 30 қазанда Қазақстан журналистер одағы мен Бас редакторлар клубы бірлесіп қабылдаған журналистің этикалық кодексі оны жан-жақты қолдауды көздейді. Сонымен бірге қарымды қаламгер, белгілі тележүргізуші Зейін Әліпбек басқаратын «BAQ KASIPODAQ» салалық кәсіподағы журналистердің әлеуметтік мәселелерінің шешілуіне көмектесіп, керек жерінде журналистердің мүддесін, ар-намысын қорғап келеді.

Қазір кез-келген мекеме өзіне тиімсіз болса тілшіні ғимарат түгілі ауласына да кіргізбейді. Сондықтан журналист оқиға болған жерге ерігіп емес, халыққа қажетті ақпарат алу үшін баратынын мемлекеттік орган мен мекеме өкілдерінің санасына сіңіретін уақыт жетті. Яғни, өзінің кәсіби қызметін атқарып жүрген тілшіге кедергі келтіру халық пен мемлекетті ақпарат алу мүмкіндігінен айыру деген сөз. Осы жерде тілші қауымның тым төмендеп кеткен беделін көтеру үшін кезінде мұғалімдерді арашалап қалғанымыз секілді «Журналист мәртебесі туралы» арнайы заң қабылдау қажеттігі анық байқалып тұр. Ол заңда журналистердің қордаланған әлеуметтік мәселелерін шешу жолдарын да қарастыруға болар еді.

– Жалақы жоғары деңгейде болса. Журналистердің сұрайтыны да сол. Себебі, сала өкілдері алатын ақы өте аз екені жасырын емес.

– Айтқаныңыз орынды. Бүгіндері жалақы мәселесі өте маңызды әрі өзекті. Әсіресе қазақ журналистерінің жалақысы мен қаламақысы тамағы мен киімінен артылмайды десек қателеспейміз. Қазақ тіліндегі БАҚ-тың қалталы қожайындары болмайтынын, ал тендерден өткендері мардымсыз жалақымен ғана күн көрерліктей қаржыландырылатынын аңғару қиын емес. Республикалық басылымдар журналистерінің табысы депутаттардан ондаған есе аз болуы олардың ел өміріне сіңірген еңбегі мен ықпалы ескерілмегенін ұқтырса керек. Шындап келгенде, журналистер өзінің кәсіби міндетін атқару барысында қаншама күш-жігерін, ақыл-парасат, білімі мен білігін жұмсайтынын қаржымен есептеп көрер болсақ, олардың пайдасы кез-келген кәсіпорындар мен компаниялардан артық болмаса кем болмайтынын бағамдауға болады.

Жалақыны көтеру мәселесіне келер болсақ, бізде еңбек заңнамасында тек төменгі жалақы мөлшері реттелген. Басқасының бәрі жұмыс берушінің тікелей құзырында, яғни әркім көрпесіне қарай көсіледі деген сөз. Ең төменгі жалақы мөлшері 2020 жылдан бастап 1,5 есеге – 28 000 теңгеден 42 500 теңгеге дейін артқанын білеміз. Оған қоса, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, 25 айлық есептік көрсеткішке дейін, яғни 63 000 теңгеге дейінгі көлемде еңбекақы алып жүрген азаматтардың салық жүктемесі 10 есе азайтылған. Ілгерілеу бар, бірақ бұл мардымсыз. Үкімет алдағы уақытта да бюджет саласында қызмет жасайтын қызметкерлердің жалақысын арттыруды көздеп отыр. Әрине, біз бұл қатардан журналистерді де көргіміз келеді және бұл бекер емес. Өйткені, жоғарыда айтқанымдай, қоғамда БАҚ-тың маңызы елге пайдасы бар деген өзге салалардан еш кем емес.    

Баршамызға мәлім, қазір ақпарат майданы жүріп жатыр. Қазақстандағы келеңсіздіктердің, лаңкестіктің, адамгершілікке жат үрдістердің, қылмыстың барған сайын өршуі ақпарат кеңістігінде жатжұрттық идеологияның елімізді еңсеріп бара жатуының салдары демеске болмайды. Бұл үрдістерге қарсы күрестің пәрменділігін арттыру мақсатында патриот журналистердің беделін көтеру, әсіресе қазақ басылымдарына қаржылай көмек көрсету, әлеуметтік қамқорлықты күшейту, олардың таралымын молайту, ықпалын арттыру биліктің тікелей міндетіне айналуы қажет екені айтпаса да түсінікті. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік қана емес, патриоттық бағытта шығып жатқан басылымдар журналистерінің жалақысы мен қаламақысын мемлекет тарапынан молайту, оларды бірінші кезекте тұрғын үймен, өзге де қажеттіліктермен толық қамтамасыз ету жергілікті жерлерден бастап Үкіметке дейін міндетке айналуы тиіс. Бұлай болмаған жағдайда еліміз экономика жағынан қанша дамығанымен идеология жағынан ақпарат майданында жеңіліске ұшырайтынын түсіну қиын болмаса керек. Үкімет те, Парламент те бұл мәселені осылай түсініп, шешу жолдарын іздестіру қажеттігі жөнінде журналистер қауымының ұсыныстарына бейжай қарамауы қажет деп ойлаймын.

– Билік өкілдері тілшілерден тіксініп, ашық әңгімеге, жедел ақпарат беруге аса құлықты емес. Заң бойынша журналистер ақпараттарды заңда тыйым салынбаған кез-келген әдiспен алуға және таратуға құқылы болса да қалаған сауалына қажетінше жауап алу мүмкіндігі шектеулі. Бұл бөгетті бұзудың жолы қандай?

– Келісемін, мұндай келеңсіздіктер де жоқ емес. Ақпаратқа қолжетімділік саласында жеке реттеуді қажет ететін мәселелер баршылық. Шенеуніктердің журналистермен тілдесуге ықылас таныта бермейтіні, оның қалыпты жағдайға айналып бара жатқаны шындық. Осы тұста білікті басшы, отандық ақпарат саласының майталман маманы Нұржан Жалауқызының былай деп айтқанын келтірсем артық болмас: «Журналистер мен биліктің арасы футбол алаңына айналып кеткен. Министрге оқиғаның қаны тамбай тұрып жіберілген сауалдың жауабы өрт сөніп, жағдай тынышталған кезде ғана бір-ақ келеді. Мұнан кейін мәні кетіп қалған тақырыпты қайта көтеруге журналистің де ықыласы болмай қалады».

Айтса айтқандай, оқиға кезінде жауаптан жалтарып кету ешкімге абырой әпермейді. «Оқиғаның себеп-салдарын жұмыс тобы зерттеп жатыр. Алғашқы қорытынды шықса, сіздерге міндетті түрде хабарлаймыз» деп айта салмай, соңғы нәтижелер туралы хабар БАҚ-қа дер мезгілінде жетуін министрдің өзі тікелей бақылауына алса, екі тарап арасы мұндай түсінбестікке ұрынбайтын еді. БАҚ пен билік арасындағы мұндай әңгімелердің ауыртпалығы негізінен тікелей баспасөз хатшыларына тиіп жатады. Қалыптасқан жағдай бойынша журналистердің министрге бағыттаған сұрақтары бірінші кезекте баспасөз хатшыларына келіп жетеді. Өкінішке қарай, олардың тікелей министрге барып жауап алуына құзыреті жоқ. Сондықтан да баспасөз хатшыларының өкілеттігіне қатысты мәселе реттелуі қажет, бұл оң шешімін тапса біраз шаруаның күрмеуі тарқатылады.

Мынаны да ескермей болмайды. Кейбір шенеуніктер төтенше жағдайлар кезінде журналистердің сұрағына кәсіби деңгейде жауап беруге дайын болмай жатады. Сондықтан олардың басым көпшілігі мүлдем үндемей қалуды немесе сұрақтан жалтарып кетуді жөн көреді. Әрине, бұл фактор журналист пен қоғамның наразылығын тудырады. Меніңше, билік өкілдері қоғаммен немесе журналистермен тіл табысудың, өздеріне қандай да сөз келтірмеудің әдісін, коммуникациясын меңгеруі керек. Оны меңгеруді барлығына міндеттеу керек деп ойлаймын.

Сондай-ақ бұл мәселе қоғамдық сананың өсуімен де өзінің оң шешімін табары анық. Оған негіз де жоқ емес. Қазір әлеуметтік желілерде Президенттен бастап облыс әкімдеріне дейін аккаунт ашуы қоғам мен биліктің арасындағы байланыстың ашықтыққа бет алып келе жатқанының белгісі деп қабылдасақ болады. Мұның сыртында мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы да аталған мәселенің оң шешіміне ықпал етеріне сенімдімін.

– Баспасөз саласы туралы әңгіме қозғалғаннан кейін, журналист мәртебесінен өзге де маңызды тақырыптарды қамти кетсек. «Газет мемлекеттік тапсырыстар арқылы ақша алып, бір беттік пресс-релиздің аясында ақпар береді». Бұл – қазір қалыптасқан пікір. Журналистер маңызды мәселелерді жазып жүр, жаза да береді. Тек газет оқитын оқырмандар саны азайып барады. Жоғарыдағы «сыңаржақ» стереотипті бұзудың жолы қандай?

– Сіз көтеріп отырған бұл мәселе де өте өзекті. Алаш қайраткері Халел Досмұхамедұлы: «Қара халық өте сақ болады. Тұрмысына, салтына, елдігіне зиянды нәрселерді қабылдамайды» деп бекер айтпаған. Халыққа қымыздай қызулы, қазыдай нәрлі, дәрумендей дәрі сөз керек. Ал бір беттік пресс-релизбен ұшпаққа шығу екіталай. Сондықтан журналист әрқашан өз білімін теориялық тұрғыдан толықтырып, практикалық тұрғыдан ізденіп еңбек ете білгені дұрыс. Осы мамандықты таңдағаннан кейін, сол жолда аянбай қызмет ету ләзім. Бұл ретте журналист ұстамды мінезімен, қиындыққа қарсы тұратын күрескерлігімен, инициатива танытқыштығымен, тез арада шешімдер қабылдай білуімен ерекшеленеді. Ол қай істе болсын нәтижеге жетуге ұмтылғаны жөн. Ұмтылған ұтылмайтыны анық. Сондай-ақ ұмтылу – шындыққа апаратын бірден-бір жол. Бір сөзбен айтсақ, журналист өз ісінің адал берілген маманы болуы қажет.

– Балаларды бұрынғыдай газетке жаздырмаймыз. Керісінше, әнші, жылт еткен жұлдыздардың инстаграм парақшасын қарағанына аса қарсылық білдірмейміз. Қателік пе бұл?

– Бұл енді бүгінгі таңда қоғамда орын алып отырған үлкен мәселе. Айтқан жағдай жас ұрпаққа кері әсерін тигізуде. Оны шектемек түгілі, мұндай жағдайға «болуға міндетті» нәрсе сияқты назар да аудармаймыз. Ұрпақ тәрбиесінде аса мұқият болғанымыз жөн. Еліміздің жарқын болашағы бүгінгі алған тәрбиеге, сіңірген білімге, меңгерген өнерімізге тікелей байланысты. Саналы қоғам ғана алға жылжып, қарыштап дами алады. Өкініштісі, көптеген жастардың кітап оқуға қызығушылығы жоқ. Оның есесіне әлеуметтік желілердегі тәрбиелік мәні жоқ нәрселерді қарап уақыттарын өлтіріп жүр. Балалардың болашағы, олардың өмірден татар несібесі мен еншісінің нақты үлес салмағы ата-ананың сіңірген еңбегіне, тәлім-тәрбиесіне байланысты. Сондықтан, ата-ана өзінің баласын еңбекқор, елінің қамқоршы азаматы етіп тәрбиелеуге міндетті.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Гүлжан ӘМІРОВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған