ОЗЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ

аймақ  экономикасын  өркендетеді

Германияның Алматыдағы Бас консулы Ренате Шимкорайт бастаған неміс делегациясының Атырауға сапары облыстық әкімдікте облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаевпен және облыстық басқармалар басшыларымен кездесумен басталды.

Қазақстан мен Германия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына жиырма жылдан астам уақыт өтті. Осы уақыт аралығында екі ел ынтымақтастығы берік, тату әрі сенімді әріптеске айналды. Атыраудағы кездесуде екі ел өкілдері мұнайлы өлкеде іскерлік байланысты одан әрі дамыту мәселелерін қозғады.

– Атырау облысы – ел экономикасының тірегі мұнай мен газ саласын ең көп өндіретін аймақ. Бұл бағытты әрі қарай дамытуда «Қашаған», «Теңіз» және тағы басқа кен орындарының алға қойған мақсаттары көп. Өндіріс орындарының жыл санап көбеюіне байланысты мұнда жұмысын бастап жатқан шетелдік компаниялар саны да артуда. Қазіргі таңда облыста Индустрияландыру бағдарламасы шеңберіне енген жалпы құны 1,6 триллион теңгені құрайтын 44 жобаның 28-і іске қосылды. Жыл аяғына дейін аталған бағдарлама аясында тағы жеті жоба іске қосылып, 446 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Ал, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында 900-дей компания қызмет етуде. Сол себепті, инвесторлармен жұмысты жақсы қолға алып, оларға да барлық жағдай жасап отырмыз. Мұның барлығы – ел экономикасының өрге басуына үлкен септігін тигізбек, – деп облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Ислямұлы германдық қонақтарға «қош келді-ңізін» айтып, бірлескен жобаларды қолға алуға облыс әкімдігі тарапынан қолдау әрдайым болатынын жеткізді.

Қай салада болмасын, қазақ-герман өзара ықпалдастығы бүгінде биік деңгейге көтерілді. Өзара сауда-саттық көлемі өсіп, бiрлескен кәсiпорындар бой көтеруде. Қазіргі таңда Атырауда Германиямен бірлескен 15-ке жуық кәсіпорын жұмыс жасауда. Айта кетсек, өткен жылы облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев бастаған атыраулық кәсіпкерлер Германияға барып, заманауи инновациялық және жоғары технологиялық кәсіпорындарды аралап, германдық тәжірибемен танысқан болатын. Бұдан кейін де, германдық компания басшылары Атырауға келіп, сол серіктестікті одан әрі жалғастырды.

Германияның Алматыдағы Бас консулдығының әкімшілік округіне Алматы қаласы мен Оңтүстік және Батыс Қазақстан облыстары кіреді. Аталған аймақтарда екі жақты іскерлік байланыстардың орнығуына қолдауын көрсетіп отыратын Бас консул Ренате Шимкорайт жиі өңірлерге шығып, кездесулер ұйымдастырып отырады.

– Біздің топты құшақ жая қарсы алып, үлкен кездесу ұйымдастырып жатқан Атырау облысының басшыларына алғысымыз шексіз. Қазақстан мен Германия арасындағы қарым-қатынас орнағаннан бастап қос ел арасындағы сауда-экономикалық байланыс байыпты дамуда. Сонымен қатар, мәдениет, білім мен денсаулық саласында да ауыз толтырып айтар жетістіктер бар. Екі ел бейбіт мәселелерді ауызбіршілікпен шешіп, дипломатиялық талас-тартыстарды реттеуде де бір-біріне қолдауын аямайды. Германия мемлекеті үшін тек мұнай-газ өндірумен, озық технология және жаңа өнімдерімізді экспортқа шығарумен қоса, энергетика саласын да дамыту өте маңызды. Сондықтан, осы сапар барысында Атыраудағы бірқатар өндіріс фирмаларын аралап, серіктестік орнатуды жөн көріп отырмыз, – деді Бас консул Р.Шимкорайт.

Алматыда өтіп тұратын көрмелерге германдық компаниялар үнемі өз өнімдерін ұсынып, іскерлік байланыстарын кеңейтіп, өзара тәжірибе алмасуда.

Атырауға келген германдық топ құрамында, сондай-ақ, Германия Федеративтік Республикасының Батыс Қазақстандағы құрметті консулы Петер Кригер, «БАУЕР Қазақстан» ЖШС бас инженері Мұрат Балтабаев, «Бёмер Арматура» ЖШС-нің бас директоры Кефер Андреас, «Robert Bosch» ЖШС-нің бас директоры Вольфрам Клингер, «Rheinmetall International Engineering GmbH» зауытының Орталық Азия мен Каспий маңы аймағы бойынша директоры Андре Грос, «Wirtgen international» ЖШС-нің Қазақстандағы өкілі Ғалия Жүнісәлиева сөз алып, екі ел арасындағы байланыс туралы пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ, әр компания өкілі өздерінің халыққа ұсынып жатқан қызметі туралы айтып, Атырауда да серіктестік орнатуға ниеттерін білдірді.

Сол сияқты, өз кезегінде Атырау облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысы Лариса Жұмағалиева, өңiрдегi инвестициялар мен инновацияларға қолдау көрсету, кәсіпкерлікті өрістету мақсаттарында облыс әкiмдiгiнің қолдауымен құрылған «Атырау-инновейшн» ЖШС-нің директоры Азамат Асылбеков пен «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының директоры Абат Тасимов, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының облыстағы филиал директоры Асылбек Жәкиев келген қонақтарға ризашылығын білдіріп, инновацияларды дамытуға қажет қолайлы жағдайларды жасауға, өңірде қолға алынған жобаларға араласып, іскерлік аясын кеңейтіп, бірігіп жұмыс жасауға шақырды. Мұндай келісімдер екі тараптың да экономикалық дамуына септігін тигізетіні сөзсіз.

Сапар аясында германдық делегация өңірдегі бірқатар өндіріс нысандарында болды. Атап айтсақ, «Светланд-Ойл», «ҚазТурборемонт», «АтырауНефтеМаш», «ЖігерМұнайСервис» және тағы басқа жауапкершіліктері шектеулі серіктестіктер мен «Каспий Құбыр Консорциумы» компаниясында болып, жұмыстарымен танысып, екі жақты келісімдерге келді.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз