«Ойылым менің, ойылым, қоқысқа толды-ау қойының…»

20292688 587989454922524 7831741873027843258 n Жаңалықтар

Маусым айында басталған суға түсу науқаны шіліңгір шілде келгелі тіптен қыза түсті. Күннің ыссылығынан қорғанған аудан халқы түс ауғаннан кеш қарайғанға дейін Ойыл өзенінің жағасынан табылуда. Бір тобы өзен жағасына суға түсіп, салқындау үшін барса, енді бірі балық аулау үшін барады. Ал, ең жиі баратындар – табиғат аясына демалуға шыққандар. Олар сусындары мен тамақтарын алып, сол жерден сірне, кәуаптарын пісіріп, өзен жағасында 7-8 сағатқа дейін жатуға бар. Әрине, демалған жақсы-ау. Алайда демалушылар қауіпсіздік, тазалық деген талаптарды орындап жатыр ма, жағажай мәдениетін қалай қалыптастырамыз? Міне, осы сұрақтарға жауап табу мақсатында өзен бойын аралап, аталмыш тақырыпты көтерген болатынбыз.

20374377_587989381589198_1209974932103225595_n

Шөлмектен үй салуға болады

Әңгіменің арқауы Ойыл бойының тазалығы болғандықтан өткен аптаның жұмасы күні Миялы ауылдық округінің әкімі Нұрлан Бекешов, учаскелік полиция Айбек Сәрсенғалиев және БАҚ өкілдерінен құралған комиссиямен бірге өзен жағасын аралап қайтқан едік. Аталмыш сапар барысында өзен бойындағы «Кенен», «Көпір аузы», «Қаламғали», «Шархат», «Шадыман», «Егеубай түбек», «Таңбай түбек» сынды халық жиі баратын орындардың жай-күйімен таныстық. Жылдағы бір көрініс. Толған күл-қоқыс, шашылған шөлмектер, от жағылған орындар. Құдды бір жаңа замандағы саналы жандардың емес, ежелгі дәуірдегі мәдениеттен жұрдай жабайы адамдардың орны іспетті. Қоқыстан аяқ алып жүру мүмкін емес. Тіпті, шашылған шөлмектерден үй салуға болады. Қауын-қарбыздың қабығы, мүжілген сүйектер, шемешкінің қабығы, темекінің тұқылы дейсіз бе бәрін жағажайдан табуға болады. Округ әкімі Нұрлан Мұратұлының айтуынша былтыр өзеннің бірнеше жеріне «суға түсуге тиым салынған» деген белгіні астына цемент құйып, мықтап орнатып кеткен. Бүгінде соның екеуін құлатып, алып кетіпті. Сонда бұл кімге керек болды екен?! Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін арнайы белгі қойылады, ал, оны демалушылар сындырып тастайды. Мұның өзі бізде әлі де болса мәдениеттің төмендігінің көрінісі. Бұдан кейін қауіпсіздік туралы айтудың өзі артық. Себебі, суға кетуден сақтандыратын белгілерді тұрғындардың өздері алып кетіп жатса, кімнен нені көресің?
Осы мақала газетке беттеліп жатқанда бір шаруаммен аудандағы дүкендердің біріне барғанымда жасы үлкен бір топ кісі сыраны жәшіктеп алып жатты. Сөздерінен түсінгенім су жағасына бара жатқан сыңайлы. Өкінішке орай, сол ағалардың бәрі де өз ортасына сыйлы, аудандағы беделді, лауазымды кісілер. Әрине, кім не алып, қайда барса да өз ақшасы, өз еркі ғой. Тек сол ағаларды көргенде жағада шашылып жатқан шөлмектердің есіме түсіп кеткені….

20375881_587989301589206_8252932067584182250_n

Балықшыларға да базына бар

Ойыл бойын жағалап жүрсеңіз неше түрлі қызықтар мен шыжықтарға жолығасыз. Соның бірі балықшылардан қалатын «естеліктер» мен «жәдігерлер». Жалпы өзеннен балық аулайтындарды әуесқой және кәсіпқой деп екіге бөлуге болады. Әуесқойлары табиғат аясына демалуға шыққанда қармақ лақтырып, жай ғана ермек ететіндер. Олар аулаған балығын ауылға алып кетпей сол жерде сорпа қылып пісіріп, сол біткенше жағада жүретіндер. Ал, кәсіпқойлары күнделікті балық аулап, оны саттыққа шығарып, содан нәпақа тауып жүргендер. Кәсіпқой балықшылар көбіне Жангелдин, Ойыл, Көздіғара ауылдық округтерінің жігіттері. Енді осы екі топты қарап отырсақ бұлардың да өзенге тигізіп жатқан зияндары орасан. Әуесқойлар аулаған балығының қабығы мен ішек-қарнын жағаға тастап, тіпті тойынғаннан сорпасын төгіп кететіндерді де көзіміз көріп жүр. Ал, кәсіпқой балықшылар бұлай ысырап етпейді. Аулаған балықтарын мұқият санап, жолдастарымен бөлісіп, жұмыстарын тиянақты жасайды. Тек бір әттеген-айы олар балықтардың өте ұсақ, кішкентайлары мен үзілген қармақ, оралған ауларын сол күйі жағаға тастап кетіп жатады. Артынан өзен жағасын келген өзге демалушылардың аяғына балықтың қылқаны мен қармақтың үшкір басы кіріп, жарақаттап алып жатқанына да куә болғанбыз. Сондықтан, балықшылардан сұрарымыз – Ойылдың балығын аулап, суына түскесін жерде оған да сондай құрмет көрсетіп, өзгелерге үлгі болып жүрген абзал. Сонда табиғаттың да берері молая түсер.

Туризмге сұранып-ақ тұр

Жоғарыда аталған тазалық, қауіпсіздік мәселесінің негізгі шешімі – заңды жағажай жасақтау. Ал, оған бізде мүмкіндік бар ма? Әрине бар. Оған керегі ең бірінші табиғи ресурс. Еркелеп аққан Ойылымыз бен жағалай өскен тал-дарақтар кім-кімнің де көзін қызықтырары анық. Қысқасы табиғатымыз туризмге сұранып-ақ тұр. Оның қасында басқа жақтарда суы да, нуы да жоқ жерлерден керемет демалыс аймағын салып, пайда тауып жатқандар бар. Ал, бізде басты байлығымыз бар. Тек осы істің көзін тауып, айналдырып кететін епті кәсіпкер керек. Өзен бойының айналасын қоршап, тазалап, құм төктіріп жіберсе дайын демалыс орны болып шыға келетін жерлер жетерлік. Содан кейінгі тірлік кәсіпкердің идеясы мен іскерлігіне байланысты. Жағажайға келуді ақылы қылып, түрлі сусындарды салқындатып, кәуап пісіріп, демалушылардың жағдайын жасар болса ақша өзі келеді. Тіпті шағын тапшандар мен киіз үй құрып, бие байлап, саумал сатуға да болады. Суда серуендейтін қайық пен катамарандарды жалға беру арқылы да қырауыр пайдаға кенелесің. Ең бастысы құтқарушылардың сақадай-сай тұруы керек.

20292688_587989454922524_7831741873027843258_n
Бір қарағанда мұның бәрі жай қиял көрінуі мүмкін. Алайда шындап кірісер жан болса ақиқатқа айналып шыға келеді. Себебі бұл біріншіден ауданда жоқ бизнес. Екіншіден, кәсіпкер боламын деген жанға мемлекет тарапынан қолдау өте үлкен. Сол мақсатта түрлі бағдарламалар қабылданып, төмен пайызбен несиелер беріліп, кәсіпкерге бұрын-соңды жасалмаған қамқорлық жасалуда. Үшіншіден, осы бастама шынымен жүзеге асса демалушылар келмей қалады деп уайымдамайсың. Себебі сенің жағажайыңнан басқа жерлерге суға түсіп, демалыс ұйымдастыруға заңды түрде тиым салынады. Сондықтан, дүйім жұрт сенің саудаңды жүргізіп, қызметіңді пайдаланады. Міне, осы мүмкіндіктерді пайдаланып, аталмыш бизнес қолға алынса халыққа да, өзенге пайдасы мол болар еді.

Түйін
Заңды жағажай ашылар, ашылмас бастысы су жағасында демалушылар тәртіп пен тазалыққа аса мұқият қарағаны дұрыс. Әйтпесе, Ойыл бойында шашылып жатқан шөлмектер мен күл-қоқыс адамның да, өзеннің де тынысын тарылтып болды. Жағада жатқан жартылай желінген тағамдар мен аста-төк ішілген ішімдектердің бір күні сұрауы болары хақ. Ысырып пен ынсапсыздықтан сақ болып, қолымыздағы барды бағалайық ағайын.

Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН.

Қызылқоға ауданынан

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз