Мұнайлы өңірде жолақы құны қымбаттай ма?

1520942738 elektrondy zholaky Жаңалықтар

Atr.kz/16 шілде, 2019 жыл. Биылғы 1 қыркүйектен бастап Атырауда қалаішілік жолаушы тасымалында сараланған тариф енгізілуі мүмкін. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Смарт Атырау» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының директоры Әділбек Таңқиев мәлімдеді.

Оның айтуынша, бұл – автобустарда электронды билеттеу, яғни жолақыны карточкалар арқылы төлеу жүйесінің енгізілуімен байланысты қолға алынғалы отырған шара. Нақтырақ айтқанда, жолаушылар электронды карточкамен бұрынғысынша – 80, ал, қолма-қол 150 теңге төлейтін болады. Мұнда көзделіп отырған басты мақсат – жолақы төлеу немесе есептесу жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету.

Электронды билеттеу жүйесі Атырау шаһарындағы 17 маршрутта енгізіліп отыр. Шілде айының соңына дейін қалған бағыттар бойынша қолданылады деп күтілуде. Бұл үшін әрбір жолаушы өзіне арнайы көліктік карта сатып алуы тиіс. Мұндай карталарды «Смарт ЖКХ» ЖШС арқылы 300 теңгеден сатып алуға болады. Содан кейін оған белгілі бір сомада ақша салып, қалаішілік маршруттарда жүре аласыз.

Ал, әлеуметтік топтарға, соның ішінде, зейнеткерлер мен бірінші, екінші топ мүгедектеріне, жоғары және кәсіптік оқу орны студенттеріне электронды көлік карталарын алуды «Форте Банк» АҚ көмегімен ұйымдастыру ойластырылуда. Бұл ретте, банктің Атырау филиалымен меморандум жасалған. Жоғарыда аталған санаттағы жолаушыларды жолда жүру құжатымен банк қамтамасыз етеді.

Бұл картаны жолақымен есептесуден бөлек, коммуналдық төлемдерге, яғни, мобильдік банкинг ретінде қолдануға болады. Мұны брифингке қатысқан «Форте Банк» АҚ Атырау филиалы директорының орынбасары Нұрсұлтан Келешев айтты. Бұл үшін картаны алушының жеке басын куәландыратын құжаты болса жеткілікті. Ал, мектеп оқушыларының автобустарда күніне екі рет тегін, үшіншісінде 50% жеңілдікпен жүру мүмкіндігі бар.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз