«МЕДИКЕР-ЖАЙЫҚТЫҢ» МЕРЕЙІ

Биыл «Медикер» ЖШС медициналық орталығының құрылғанына – 15 жыл. Атаулы датаға орай Атыраудағы «Медикер-Жайық» ЖШС дәрігерлері ем алуға келген жұртшылыққа жылы лебіздерін білдіріп, қазақы дәстүрмен қарсылады.

Орталық ашылған кезден бері қызмет етіп келе жатқан ақхалаттылар сол кездегі қиыншылықтарды еске алып, бүгінгі заманауи жабдықтармен қамтылған медицинаның мүмкіндіктеріне тоқталды. Мұнайлы өлкедегі «Медикер» медициналық орталығының алғаш бөлімі ашылғанда қызметке келген педиатр Әмина Нығметова мен терапевт Минура Ахметованың бұл орайда айтары көп болып шықты.

– 2006 жылдың қаңтарында облыстық аурухананың бір бөлмесінде бір терапевт, педиатр, медбике болып жұмысымызды бастаған едік. Қазіргі жасалынып жатқан жұмыстардың бәрін үш-төрт кісі тындыратынбыз. Науқас адамдарды емдеуге қаламен бірге аудандарды да аралап шықтық. Астымыздағы жедел жәрдем көлігі бірде болса, бірде болмайды. Қоғамдық көліктермен үй-үйді аралап жүріп, науқас жандардың көңілін тауып, еміне шипа табатынбыз. Бірақ, соның бәрі қазір көрген түстей өте шықты. Сол кездегі орталық бүгін адам танымастай өзгерді, – дейді Әмина Нығметова.

«Медикер» медициналық орталығы – еліміздің әр түкпірінде заманауи емдеу тәсілімен және медициналық сақтандыру жүйесімен елеулі қызмет етіп келе жатқан танымал желі. Басқасын айтпағанда, бір ғана Атыраудағы бөлімшесінің жетістіктері ұшан теңіз. «Медикер-Жайық» ЖШС директоры Айбек Серікұлы Ғабдуллиннің айтуынша, салауатты өмір салтын қалыптастыруда игілікті істер молынан жүргізіліп келеді.

– Орталықта 204 қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде 61 дәрігер, 72 медбике бар. Ағымдағы жылдың қаңтар айынан бері мұнайлы өлке тұрғындарына әлеуметтік тапсырыс негізінде станционар бөлімінде ем-дом жасалынуда. Невропатолог, гинеколог, хирург, кардиолог, травматолог дәрігерлер кеңестер мен медициналық көмек көрсетеді. Кәсіби медициналық көмек көрсететін заманауи көп салалы орталық Америка, Италия, Германия және Жапония елдерінде шығарылған қондырғыларымен жабдықталған. Мамандардың біліктілігін арттыруда республикалық, шетелдік медициналық орталықтармен 400-дей келісім-шарттар орнатылған, – дейді Айбек Ғабдуллин. Тағы бір айта кетерлік ерекшелік, «Медикер-Жайық» ЖШС орталығына 2016 жылдан бастап тұрғындар амбулаторлық негізде ақысыз тіркеле алады. Тіркелу ағымдағы жылдың қараша айының 15-іне дейін жалғасады. Әлеуметтік тапсырыс негізінде жүзеге асырылмақ игілікті іс тұрғындардың денсаулықтарына немқұрайлы қарамауына септігін тигізері хақ.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Суретті түсірген

Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз