ҚҰНДЫ ҚҰЖАТТАР КӨРМЕСІ

Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағатында «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» атты құнды құжаттар көрмесі ашылды.

 

Тұңғыш Президент күніне орай ашылған көрмені Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағаты, «Нұр Отан» партиясы және Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі ұйымдастырып отыр. 

Көрмеге келген жан егемен Қазақстанның алғашқы заң жобаларын, елорданы Ақмолаға көшіру туралы құжаттарды, Теміртау қаласындағы Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығы ұсынып отырған Елбасының өмірбаянымен таныса алады. Сондай-ақ, мұнда Елбасының Теміртау мен Қарағанды қалаларындағы еңбек жолы жайлы деректер, түрлі өтініштері, тіпті, мектептегі оқу үлгерімі туралы табельдері қойылған. 

Мұрағат қызметкерлерінің айтуынша, көрменің мақсаты – мұрағаттық құжаттар мен деректер арқылы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегі мен өнегелі өмір жолын дәріптеу. 

Көрмедегі құжаттар егемен Қазақстанның тарихымен таныстырып, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тәуелсіз мемлекетті қалыптастыру, саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асырудағы күш-жігері мен көшбасшы ретіндегі қасиеттерін айқын көрсетеді.

ҚазАқпарат.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз