Иткөйлек: оның қадір-қасиетін білеміз бе?

maxresdefault 3 Жаңалықтар

Аtr.kz/23 сәуір, 2019 жыл. Дүние есігін ашқан сәбиге ең алғаш тігісін сыртына қаратып, киім тігіп кигізеді. Бұл «иткөйлек» немесе «итжейде» деп аталады. Киімнің бұлай аталуы жайында мынадай қызық аңыз – әфсаналар бар.

Алла Тағала адамның мүсінін жасағанда, оның кіндігінен алынған бір шөкім балшықтан итті жаратады. Иттің үнемі адамнан айырылмай, қайда барса да, иесінің мал-мүлкін қорып, адамға серік болып жүретін себебі сол екен. Алғашында оның терісі түксіз, жалаңаш болыпты. Адам ата жаралған соң, оны қырық күн, қырық түн ит күзетіпті. Ібіліс адамға жақын келіп: – Алла сені несіне жаратқан?! Түрің құрысын! – деп, адамның бетіне түкіріп жіберген екен. Сол сәтте ит адамды қорғап, Ібіліске тап берген. Ібіліс итке ашуланып, қаһарын төгіпті. Ібілістің қаһары асып түсіп, ит тоңып өлген көрінеді. Алла тағала иттің ерлігіне риза болып, оны қайта тірілтіп, денесін жүні қалың терімен қаптайды. Адамның шаңырағынан мекен береді. Ал, Ібіліс Адам бетіне түкіргендіктен, адам әртүрлі кеселге шалдығатын болыпты деседі бағзыдан келген әфсананың бір парасы. Аспан асты, жер бетіндегі тіршіліктің пайда болғаны жайлы тағы бір аңызда адам денесінің топырақтан жаралғаны туралы айтылады. Ілкімнен ауызданауызға таралып келе жатқан әңгіменің желісі бойынша Алла тағала адам кескінін балшықтан жасап, оны итке күзеттірген екен. Осы сәтті пайдаланған Ібіліс адамның кескінін саусақтарымен нұқып кетіп, оны былғап қойған, содан кейін адам өмірінің соңына дейінгі күндері бейнетке толы болған деседі. Ел ішінде ауыздан-ауызға таралған әңгімелерде айтылғандай, иттің адамға дос екенін бүгінгі күнде көріп те жүрміз. Ит Адам ата мен Хауа ана жер бетіне түскен кезде де алғаш рет соларға сенімді серік болған екен. Оларды бәле-жаладан, қауіп-қатерден құтқарып, қорған болған. Жаңа туған баланы да пәле-жәледен қорғасын деп иткөйлек кигізіп, ырымдау содан қалыпты.

Арай СЕЙІТЖАНОВА, №34 мектеп-гимназиясының жаратылыстану пәні мұғалімі Қауіп-қатерден қорғайды…

Иткөйлекті бала қырқынан шыққанша кигізеді. Оны шыт, сиса, бәтес, бөз сияқты жұмсақ маталардан тігеді. Тысын сыртына қаратып, шетін бүкпей пішеді. Жағасын ойып, өңіріне баланың басын сыятындай етіп тік тілік түсіреді. Тігісі сыртына қаратылып, жөрмелеп, іліп қана тігілген. Кейде иткөйлекті көп жасаған адамның киімінің қалдығынан да тіккен. Етегін, шеттерін бүкпей, кең, үлкен етіп тігуі нәрестенің жақсы өсіп, жасының ұзақ болуын тілеуден туған. Жалпы, иткөйлекке
байланысты ырымдар көптеп кездеседі. Баланы қырқынан шығарғасын ит көйлекті далаға тастамайды. Дауға барған адамдар, жауға шапқан батырлар баласының итжейдесін қойнына тығып, өзімен бірге ала жүрген. Себебі, «иткөйлек қауіп-қатерден, пәле-жаладан сақтайды» деп ырымдаған.

Гүлмира ЕЛЖАНОВА, Атырау мұнай-газ колледжінің оқытушысы:

Сәби сүйсін деген тілекпен…

Әдетте иткөйлек екеу болады. Нәресте қырқынан шыққанша суға түсіріп, шомылдырғаннан кейін екеуін кезектестіріп кигізеді. Оның «иткөйлек» не «итжейде» аталуының өз себебі бар. Оңтүстік Қазақстан жағында ұлдың киімін «иткөйлек», қыз баланың көйлегін «итжейде» деп атаған. Батыс Қазақстан өңірінде шақалақты олай бөлмейді. Өйткені, шарана – періште. Сондықтан да ол киген
иткөйлекті қасиетті санайды. Бала қырқынан шыққаннан кейін жаңағы жейде-көйлектің ішіне тәтті салып, түйіп, иттің мойнына байлап жібереді. Балалар итті қуып жүріп, итжейдені шешіп алып, ішіндегі тәттіні таласып жейді екен де, көйлекті сәби сүйе алмай жүрген аналарға не жаңа түскен келіншекке сыйлайды. Ол – сәби сүйсін деген ырым.

Майра АСАНОВА, Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-гимназияның психологы:

Рухани құндылық

  • Ғылыми тұрғыдан келетін болсақ, иткөйлекті қасиетті деп ырымдап, оның адамды қорғайтынына сену – тәңірлік діннің белгісі. Иткөйлекті де ырымдап сақтап, киелі санау есте жоқ ескі заманнан басталған. Психология ғылымы ырым-тыйымды жоққа шығармайды. Қайта, дәстүрлі дінімізге байланысты, ұлттық рухани құндылықтарымызды танытатын осындай әдет-ғұрыптар адамды жақсылыққа сендіреді. Адамның позитивті ойлауына негізделген халықтың ырымдары негізсіз де емес. Сан мыңдаған жылдар бойы ұмытылмай, ел жадында сақталған бұл рухани салт-дәстүр ата-бабамыздың өмір тәжірибесінен алынғандығымен да құнды.

Даража НӘБИҚЫЗЫ, заңгер, Халықаралық ақпараттандыру академиясының мүше-корреспонденті:

Иткөйлегімді иіскеп, елді есіне алады

  • Иткөйлектің қасиеті өмірде дәлелденіп те жүр. Атам Балапан Ақжанұлы халық жауы деген жаламен Сібірге айдалып кеткен. Қазақы тілмен айтқанда «итжеккенде» ауыр жұмыста жүрген атама менің иткөйлегімді беріп жіберіпті. Елге аман-есен оралсын, туған жердің топырағына қайтадан жетіп, атакүлдікте өз ошағының түтінін тіктеп, шаңырағын биіктетсін деген тілеулестерінің осы бір ырымы
  • қате кетпеді. Мерзімінен бұрын босап шығып, атажұртына табан тіреді, ұрпағының жетілгенін көрді. Ол кісі өз әңгімесінде Сібірде қуғында жүрген небір асылдар, боздақтар сол иткөйлекті бір иіскеп, өз ошағына, туған жерге, отбасына, балашағасына деген сағынышын басады екен. Жөргек иісі бұрқыраған қасиетті иткөйлек олардың есіне Отанын оралтып, көздерін бір-бір сығып, ішкі шерін төгіп, мауқын басуына себепші болыпты. Менің сол иткөйлегім әлі де сақтаулы…

P.S. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында айтылғандай, «Біздің мәдениетіміздің негізгі сюжеттерінде, кейіпкерлері мен сарындарында шекара болмайды, сол себепті оны жүйелі зерттеп, бүкіл Орталық Еуразия кеңістігі мен барша әлемде дәріптеуге тиістіміз».

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз