ЕСКІ ОРЫНДАҒЫ ЖАҢА МЕКТЕП

Ата Заң мерекесі алдында, жаңа оқу жылының басталар тұсында тағы бір мектептің жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Бұл - алпыс жылдан астам тарихы бар Атырау қаласындағы Н.К.Крупская атындағы орта мектеп болатын.  Қос мерекеге орайластырылып өткізілген мектептің салтанатты ашылу рәсімінде алғашқы сөз кезегін Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов алып, жиылған жұртты жақсы жаңалықпен құттықтады.

 

– Іргетасы 1952 жылы қаланған бұл мектептің де басқалары сияқты бай тарихы, қалыптасқан игі дәстүрі бар. Оның қабырғасынан, әр жылдары еңбек еткен ұлағатты ұстаздардың алдынан есімдері өңірімізге ғана емес, елімізге танымал талай азаматтар дәріс алып, тәрбиеленіп шықты. Бұл ұя мен үшін де ыстық. Осыдан дәл 48 жыл бұрын өзім де осы мектепте математика пәнінен мемлекеттік емтихан тапсырып, болашақ өміріме жолдама алған едім. Жасыратыны жоқ, өткен мезгілдерде көптеген қиындықтар да кездесті. Типтік жобадағы ғимарат болмағандықтан, мұғалімдер мен оқушылардың әр жерде көшіп жүрулеріне тура келген кездері болды. Мұның өзі, сайып келгенде, сабақ үлгерімі мен білім сапасына кері әсерін тигізетін. Енді, міне, бұның бәрі де бір күнгідей болмай, артта қалды. Жаңа мектептеріңіз құтты болсын, игіліктеріңізге пайдаланыңыздар. Әсіресе, оның табалдырығынан алғаш рет аттағалы тұрған кішкентай бүлдіршіндердің қадамдарының сәтті болуына тілектеспін. Қадірменді ұстаздар мен шәкірттер қауымы, ата-аналар, сіздердің де қуаныштарыңыз ұзағынан болғай деймін. Осы жерде жоспарланған жұмысты жоғары сапалық деңгейде атқарып, нысанды уақытында тапсырған құрылысшыларға да алғыс айтқым келеді. Бұдан екі жыл бұрын аймақта апатты жағдайдағы мектептердің саны оннан асатын, біртіндеп бұл қиындықтан да құтылып келеміз.

Ел ағасының осындай жүрекжарды лебізінен соң қала тұрғындары атынан сөз алған ардагер ұстаз Ағираш Бөкеева игі тілегімен бөлісті: «Осы салада 40 жылдай қызмет істеп, құрметті еңбек демалысына шықтым. Қиыншылықтарды айтпағанда, талай-талай жақсылықтарды да көріп, куәсі болып келеміз. Соның ішінде бүгінгі өзіміз қатысу бақытына ие болып тұрған тұсаукесердің жолы бөлек, жөні ерек. Жаңа ғимарат кешегіні бүгінгімен жалғастырар ғибратты істердің тағылымды ордасына айналғай. Өскелең ұрпақты, егемен елдің ертеңін тәрбиелеу жолындағы еңбектеріңіз жанып, шәкірттеріңіз жетістіктерімен қуанта бергей. Баршамызға баға жетпес жақсылық пен үлкен қуаныш сыйлаған, игілікті іске мұрындық болған ел ағаларына, облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы бастаған іс басындағы азаматтарға барша әріптестерімнің, оқушылар мен ата-аналардың атынан шексіз алғысымды айтып, ризашылығымды білдіремін».

Бұдан кейін облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов жаңа нысанның рәміздік кілтін мектеп директоры Гүлнәр Нұпқалиеваға салтанатты жағдайда табыстады. Білім беру ісінің үздігі, педагогикалық қызметтің ардагері Тауфих Хабиевпен бірге білім ордасының кіреберісіне керілген көгілдір лентаны қиды.

Жаңаның аты жаңа емес пе? Қазіргі заман талабына сай жабдықталған пәндік кабинеттер, лингофон, технологиялық дәріс беру бөлмелері, зертханалар, салтанат, спорт залдары, кең де жайлы асхана, сантехникалық торап, бәрі де сәулет-сымбатымен көз тартып, еріксіз назарыңды аударады. Осылардың барлығын облыс әкімі мектеп басшысы және басқа да шақырылған меймандармен бірге көріп, аралап шықты. Мінсіз атқарылған істің сапасына ешқандай сын жоқтығын алға тартты. Бірінші және мектепалды даярлық сыныбы оқушыларының өздеріне арнап шығарған шағын жыр жолдарын тыңдады, өнерлерін тамашалады.

Білгеніміздей, жаңа оқу жылында мектепте жалпы саны 600-ден астам шәкірт дәріс алады, олар екі ауысымда оқиды. Оқушыларға 60-қа тарта мұғалім сабақ береді.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз