ЭНЕРГИЯНЫ ҮНЕМДЕУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

Кеше «Атырау Дастан» қонақүйінде басталған «Аймақтардың бәсекеге қабілеттіліктерін және өмір сапасын жақсарту үшін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс және жарықтандырудағы энерготиімділік» тақырыбындағы екі күндік семинар жетпістен астам сарапшының басын қосты.

Семинар барысында БҰҰ Даму бағдарламасы Ғаламдық экологиялық қор (БҰҰДБ/ҒЭҚ) жобасының сарапшылары жылумен қамтамасыз етудегі энерготиімділіктің экономикалық және экологиялық артықшылықтары, облыстың елді мекендеріне энерготиімді технологияларды енгізу, ғимараттардағы нормативтік талаптар, құрамында сынабы бар шамдарды кәдеге жарату және тағы басқа мәселелерді ортаға салып талқылады, пікір алмасты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, БҰҰ Даму бағдарламасының негізгі міндеті – елдердің дағдарысқа қарсы төтеп беруін арттыру және қоғамның барлық топтарының өкілдерімен ынтымақтасу. Әлемнің 177 аумағында жұмыс істейтін бағдарлама адамдардың анағұрлым толыққанды өмір сүруіне ықпал ететін, мемлекеттердің өміршеңдігін жоғарылататын ғаламдық пайымдаулар мен шешімдер ұсынады. Ал, Ғаламдық экологиялық қор тұрақты дамуға қол жеткізу мақсатында 187 елді біріктіріп, ұлттық және ғаламдық экологиялық мәселелерді шешеді және дамушы елдерге гранттар береді.
– Энергияны үнемдеу – бүгінгі таңдағы басты талаптардың бірі. Осыған орай облыс бойынша жүзден астам шараны қамтитын кешенді жоспар жасақталды. Биылғы алты ай қорытындысымен сол іс-шаралардың 66-сы орындалды. Қалғаны жылдың соңына дейін жүзеге асатын болады. Бұл, ең алдымен, қомақты бюджеттік қаржыны үнемдеуге септігін тигізеді. Соңғы екі-үш жылда энергия үнемдейтін құрал-жабдықтарды орнату арқылы бюджеттің 100 миллион теңгедей қаржысын үнемдедік. Осы орайда, біз облыстағы барлық мекемелерге ұсыныстар мен тапсырмалар берудеміз, – дейді семинарға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев.
Ал, семинарды ұйымдастырушы – жоба жетекшісі Сырым Нұрғалиев энергияны үнемдеуге халықтың да оң көзқарас білдіре бастағандығын айтты. Энергияны үнемдейтін құрамында сынабы бар шамдарды үй маңдарындағы қоқыс жәшіктеріне, далаға лақтыруға болмайтыны белгілі.
Ал, жалпы білім беру ұйымдарында жарықтың талапқа сай орнатылуы жөнінде баяндама жасаған жоба сарапшысы Людмила Тепловодская зерттеулер нәтижесінде мектептерде жарықтың дұрыс түспеуі салдарынан баланың көру қабілеті 1-сыныпта жеті пайызға нашарласа, 11-сыныпта 43 пайызға дейін баратынын жеткізді. Осы орайда, дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін, ең алдымен, күнделікті өмірде жарық беретін сапалы құрал-жабдықтар орнатуды қолға алу керектігін баса айтты.
Ал, бүгін семинар аясында «Жасыл экономика» тақырыбында тренинг ұйымдастырылмақшы.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз