ДОНОР БОЛУ – ӨЗГЕГЕ ӨМІР, ӨЗІҢЕ ҚҰРМЕТ

Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің ұжымы жыл сайын донор ретінде қан тапсыруды дәстүрге айналдырып келеді. Кеше департаментке бағынышты ведомостволық мекемелердің қызметкерлері «Қан доноры» акциясын ұйымдастырып, қан тапсыруға белсене қатысты.

Акцияны өткізу үшін облыстық қан орталығының мамандары департаментте болып, қан беруші донорларды тіркеп, қан қысымдарын өлшеп, өз келісімін берушілердің толтырған анкеталарын тексеруден өткізді. Осы ретте департамент құрамынан 20 адам қан тапсыруға ынта білдірген.

Департамент басшысының орынбасары Мұрат Құрмановтың өзі бас болып көптеген қызметкерлер жыл сайын қан тапсырып, бірнеше жүздеген адамның өміріне араша болып келе жатқандығын қан орталығынан келген мамандар ризашылықпен айтады.

Алғашқы болып қан тапсыр-ған департаменттің өртке қарсы бақылау бөлімінің бас маманы Алмас Хасиповтың айтуынша, ол жылына бірнеше рет қан тапсыруды әдетке айналдырған. Бұл жолы  да «өзге адамға қан беріп, өмір сыйлау – менің азаматтық борышым» деді ол.

Сондай-ақ, төтенше жағдайды жою бөлімінің бастығы Ертілеу Шортанов:  «Ауырған адамдардың өмірін сақтап қалуға септігімді тигізу үшін осында қан тапсыруға өз еркіммен келдім. Донор болғаныма алты жыл болды. Бұл – өзге жандарға көрсеткен қайырымдылық көмегім», – дейді.

Ал, қан орталығынан келген дәрігер Гүлжан Елеусінова, тіркеуші Гүлнар Шабаева, лаборант Бибігүл Ермұханова департамент қызметкерлерінің донор болып қан берген қайырымдылық істеріне разы екендіктерін жасырмады. Олардың айтуларынша, донорлар қан тапсыру арқылы тек өзгенің өмірін сақтап қалмай, өз өмірлеріне де сақтық жасайды екен. Олай дейтіні – қан тапсырғанда адам бойындағы қан айналу процесі жақсарады. Мамандар, әсіресе, 40-тан асқан азаматтар сирек те болса, қан өткізіп отыруы керек дейді. Өйткені, осы жастан бастап қан қоюланып, түрлі аурулардың пайда болуына ықпал ететін көрінеді. Сондықтан, біздің елде азаматтар 18-ге толғаннан бастап донор бола алады.

– Ең бастысы, қан тапсыру арқылы өзгенің өміріне арашашы болу – азаматтық парызымыз, – дейді департамент басшысының орынбасары М.Құрманов.

Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз