Атыраулық зағип жандардың арманы орындалды

img 20201117 wa0076 1 Жаңалықтар

Өткен жұма күні Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармонияда көзі көрмейтін немесе нашар көретін жандардың «Болашаққа қол созамыз. Зағиптар арманы – 2020» конкурс-фестивалі өтті. Зағиптар күніне орай өткізілген осы сайысқа облыстың әр түкпірінен келген өнерлі жандар қатысты.

Армансыз, үмітсіз адам болмайды. Осынау конкурс-фестивальге  қатысқан өнерпаздардың жүлде алсам деген ойы болмаса да, көптің алдында өнерін көрсеткісі келгені жасырын емес. Бұл туралы айтқан Атырау облысы «Зағиптар арманы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Амантай Досаманов қоғам мүшелерінің өмірде де, өнерде де алда болуларына тілектестігін жеткізді.

Ал, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы, ақын, əнші, сазгер Қалидолла Ізекенұлы шараның қадірлі қонағы ретінде қатысып, өзінің «Сағыныш», «Курстас достарға» атты əндерін тамылжыта орындады. Өнер сайысының қорытындысында Данияр Идаятов (Атырау қаласы) – «Жігерлі жас», Мансур Ысқақов (Құлсары қаласы) – «Өмірге құштар жан», Нұрбек Көшенов (Индер ауданы) – «Сезімтал жан», Гүлəйім Қазиханова (Қызылқоға ауданы) «Қайсар жүрек» номинациясымен марапатталды.

Сонымен қатар, өнер фестивалінде əуезді даусымен көрермендерге танылған қызылқоғалық əншілер – Раушангүл Стомма, Дарын Нартай, жас ақын Бекзада Бекқалиқызы өнер көрсетіп, көптің қошеметіне бөленді. Өз кезегінде Раушангүл Александрқызы алғаш рет «Зағиптар арманы» əнін орындады. Бұл жай əн емес, жанарларында кіреуке бар жандардың гимніндей естілді.

Болашаққа қол созған өнерпаздарды Атырау қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қуандық Жақиялиев марапаттады, оларға деген ең ізгі тілегін арнады.

Лиза СЕЙТІМОВА

Суретті түсірген автор

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз