БІРЛІКТЕГІ ЖАҢА БАЛАБАҚША

«Көркем-ай» деп аталатын болды 

Кеше Атырау қаласы аумағындағы Геолог ауылдық округіне қарасты Бірлік елді мекенінде жаңа балабақша ашылды. Аталған әлеуметтік нысанның тұсаукесер рәсіміне облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қатысып, көпшілікке құттықтау сөзін жолдады.

– Баршаңызға мәлім, Елбасының өзі егемен еліміздің ертеңі, тәуелсіз мемлекетіміздің болашағы – балалалардың тәрбиесіне ұдайы көңіл болып, қоғамның толыққанды азаматтарын қалыптастыру үшін бар жағдайды жасауды келелі міндеттердің бірі етіп қойды. Ал, оның отбасынан, мектепке дейінгі балалар мекемелерінен бастау алатыны белгілі. Осы орайда, республикамыздың өзге өңірлеріндегі тәрізді біздің облысымызда да өрісін тапқан жұмыстардың барын айтқанымыз жөн, – деді Бақтықожа Салахатдинұлы.               – Қараша айының 30-ында Мемлекет Басшысы қазақстандықтарға кезекті Жолдауын арнаса, желтоқсан айының 1-інде бүкіл еліміз болып Тұңғыш Президент күнін атап өттік.  Осынау атаулы даталармен орайластырылған, өздеріңіз куәсі болып отырған бүгінгідей қуанышты сәтті де сіздермен бірге бөлісу – мен үшін үлкен бақыт, мәртебе. Өйткені, сонау бір жылдары өзім де дәл осы жерде тұрып, осындағы геофизикалық барлау экспедициясында еңбек еттім.

– Бірден айта кетуіміз керек, «Көркем-ай» деп аталатын заманауи үлгідегі бұл  балабақшаның құрылысы Каспий құбыр консорциумының (КҚК-К) демеушілігімен салынды. Бұл жұмыстар осыдан төрт жылдан астам уақыт бұрын аймақ пен компания басшылығы арасында қол қойылған «Өзара тиімді ынтымақтастық туралы» келі-сімнің негізінде, соған сай жасалынған «Әлеуметтік жобаларды кеңейту және іске асыру» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылды, – деді одан әрі облыс әкімі. – Содан бергі санаулы мезгілде консорциумның қаржылай қолдауымен облыстағы бірқатар денсаулық сақтау және білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасы жақсартылып, қажетіне қарай күрделі жөндеу мен қосалқы құрылыс жұмыстары жүргізіліп, жаңа нысандар тұрғызылды. Осылайша, тек өткен жылдың өзінде облыстық перзентхана базасында перинатальды орталық құрылысы қолға алынып, Атырау қаласы, Жылыой және Исатай аудандарында үш бірдей балабақша күрделі жөндеуден өтті.

Келесі құттықтау сөз кезегін салтанатты рәсімге қатысқан «КҚК-К» акционерлік қоғамының бас директоры Николай Брунич еншіледі. Ол да өз кезегінде жобаның сәтті жүзеге асырылуына қолдау көрсеткен аймақ басшылығына, жоспарланған құрылыс-монтаж жұмыстарын кестеге сай сапалы жүргізген мердігер мекеменің жетекшілеріне ризашылығын білдірді. Одан соң ата-аналар атынан сөз алған Тамара Күншығарова жүрекжарды лебізімен бөлісті. Ауыл тұрғындары мен балаларына шексіз қуаныш сыйлап, жайлы да сайлы ғимаратты тарту еткен ел ағалары мен іс басындағы азаматтарға аналық алғысын жаудырды.

Сәлден кейін демеуші компанияның басшысы аталмыш  мектепке дейінгі балалар мекемесінің директоры Гүлбану Қонайқызына жаңа нысанның рәміздік кілтін тапсырды. Рәміздік лента да қиылып, балабақшаның тұсауы кесілді.

 Үйлестірушісі облыстық құрылыс басқармасы болып табылатын бұл  ғимарат Атырау қалалық білім бөлімінің тапсырысымен салынса, құрылыс-монтаж жұмыстарын атқарған мердігер мекеме «МұнайАвтоматикаСервис» ЖШС екен. Екі қабаттан тұратын, жалпы алаңы 2000 шаршы метрден асатын дербес жылыту қазандығы орнатылған, инженерлік-коммуникациялық, санитарлық-техникалық желі-жүйелермен толықтай жабдықталған балабақшада 160 балдырған (3-7 жас аралығында, 8 топта) тәрбиеленеді. Блок-секцияларға бөлінген топтардың әрқайсысына жас ерекшеліктеріне қарай  20 баладан алынады. Соның ішінде, 3-4 және 4-5 жастағы сәбилер бірінші, ал 5-6 және 6-7 жасар естиярлар екінші қатардағы бөлмелерге жайғастырылады. Топтарға «Құлыншақ», «Ботақан», «Ер Төстік», «Айгөлек», «Жас ұлан», «Айша», т.с.с. атаулар берілген. Мұнда балалардың алаңсыз ойнап, тынығуына, жақсы жатып, жайлы тұруына барлық қолайлы жағдай жасалған. Оқу-тәрбие жұмыстары жүргізілетін топтық бөлмеден бастап, киініп-шешінетін, ұйықтайтын бөлмелер, буфет, ән-күй мен дене шынықтыру дәрістерін өткізетін әмбебап залдар, түрлі үйірмелер мен  кабинеттер, тұрмыстық-шаруашылық қажеттіліктерге арналған орындар да  қарастырылған. Балалармен жұмыс жүргізетін педагог-тәрбиеші мамандар да жеткілікті. Және бір білгеніміз, Бірлік ауылынан ашылған №33 «Көркем-ай» балабақшасы Атырау қалалық білім бөліміне қарайтын 40-ыншы мектепке дейінгі балалар мекемесі екен.

Дәулетқали АРУЕВ. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз