Атырауда жыл басынан бері жазатайым оқиға салдарынан 5 жұмысшы қаза болды

0 62 Жаңалықтар

Бұл туралы Атырау облысы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Игілік Әубәкіров сұхбатында айтты. 

Биыл – 762 шағым

– Игілік Айдарұлы,  еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында қазір қандай жұмыстар атқарылуда?

– Сұрағыңыз түсінікті. ҚР Еңбек кодексіне биыл 4 мамырда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бөлігі бойынша толықтырулар енгізілді. Соған сәйкес,  кәсіпорында еңбекті қорғау жүйесін құру көзделді. Жұмыс берушінің кәсіпорында еңбекті қорғау жүйесін енгізу және оның жұмыс істеуіне бақылау жасау бойынша, сондай-ақ, кәсіптік тәуекелдерді басқару және бағалау бойынша міндеттері бекітілді. Бас мердігерлік ұйымның мердігерлік ұйымдардың еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша жұмыстарды үйлестіру қолға алынды. Осы заңдылықтар аясында басқармада атқарылып жатқан жұмыстар аз емес.

Жыл басынан бері азаматтардан 762 шағым түсті. Оның 726-сы қаралып, 313 азаматтың еңбек құқығы қорғалды. Еңбек инспекторларының  жұмыс берушілермен ынтымақтаса әрекет етуінің нәтижесінде 27 жұмысшының 3,2 млн. теңге жалақысы өндіріліп, жұмыскерлермен еңбек шарттары жасақталды. Ал, шағымдар негізінде және жоспарлы түрде 80 тексеру жұмысы жүргізілді. Қорытындысында, 135 еңбек заңнамасын бұзу дерегі анықталды. Аталған заңсыздықтарды жою үшін 67 ұйғарым енгізілді. 39 әкімшілік хаттама толтырылып, 14,2 млн. теңге айыппұл салынды. Мемлекет пайдасына 4,9 млн. теңге өндірілді.

– Жұмыс берушілердің қызметкерлер еңбекақысын уақытында төлемейтін жағдайлары жиі кездесе ме?

– Жұмысшыларға еңбекақыны уақытылы төлемеу – адамдардың әлеуметтік жағдайына, отбасына қиындық туғызып, кері әсер етеді. Сондықтан,  еңбекақының  кідіруіне және төлемеу жағдайларына жол бермеу басты назарға алынып отыр. Ай сайын жүйелі түрде мониторинг жүргізілуде. Оның барысында «АтырауНефтеМаш» ЖШС-нің еңбек заңнамасын өрескел бұзған дерегі анықталды. Аталған серіктестік 327 қызметкерге тиесілі маусым айының 56 114 706 теңге еңбек ақысын төлемеген. Бұл жағдайға байланысты әкімшілік хаттама толтырылып, 277 800 теңге айыппұл салынды. Жедел түрде заңсыздық жойылып, қызметкерлердің жалақылары төленді.

Бұдан басқа, «Water Energi»  ЖШС,  «Catering Lider Company» ЖШС, «№37 «Балдәурен»  бөбекжайы  және «Темірәлі» ЖШС қызметкерлерінің жалақысы толығымен өтелді. Жалпы, жыл басынан бері 556 жұмысшының 107,6 млн. теңге жалақысы өндірілді. Сондай-ақ, қазір мекемелердің жұмыскерлеріне карантин кезіндегі бос тұрып қалу уақытына төленетін тиісті төлемдерін өтемеуі де өзекті мәселе болып отыр.

Жазатайым оқиғалар жиіледі

– Ал, жұмыс барысында еңбек қауіпсіздігі қаншалықты сақталып отыр?

– Өкінішке қарай, өндірістегі жұмыстардың жеткіліксіз ұйымдастырылуы, жарамсыз көліктер мен қондырғылардың пайдаланылуы, қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы кесірінен жұмыс орындарында жазатайым оқиғалар орын алуда. Жыл басынан бері осындай жағдайлардың салдарынан 5 жұмысшы қаза болды. 7 жұмысшы ауыр дене жарақатын алды. Осы заңсыздықтар бойынша жүргізілген арнайы тергеу құжаттары құқық қорғау органдарына жолданды. Бұдан басқа, демалыс күндері жасаған жұмыстары үшін еңбекақы төлемеген бірқатар мекеме анықталды.

igilik aubakirov

– Карантин кезіндегі еңбек дауларына қатысты мәселелер қалай шешімін тапты?

– Карантин режимінің күшейтілуіне байланысты Теңіз кен орнында орналасқан «Ұрпақ-А», «COC Realty», «ESS» ЖШС-де және «ССЕР» мекемелерінің филиалында еңбек заңдылығына қатысты наразылықтар туындады. «SOS Realty» серіктестігінің 100-ге жуық жұмысшысы бастапқыда карантинде ұстау жағдайларын жеңілдету жөнінде талап қойған болатын. Кейін үстеме жұмыстары үшін жалақыларының толық төленуін талап етті. Жергілікті атқарушы орындардың жұмыскерлермен кездесу ұйымдастыруының, жедел шаралар алуының нәтижесінде түйінді мәселелер уақытында шешілді.

Шетелдіктің жалақысы неге көп?

– Компаниялардағы жергілікті қызметкерлердің жалақысынан сол лауазымдағы шетелдік жұмысшының жалақысы 4 есе көп. Еңбек адамдарының наразылығын туғызған осы мәселеге орай Президент тапсырмасымен шетелдік жұмыс күшін тартатын кәсіпорындарға тексеру жүргізілді. Оның нәтижесі қалай болды? Жалақы жағы теңгерілді ме?

– Иә, бұл мәселе өзекті.Барлығы 43 кәсіпорынға тексеру жүргізілді. Нәтижесінде, бірқатар олқылықтың анықталғаны рас. Қазақстандық жұмысшыларға қатысты 109 жалақы төлеудегі дискриминация, 167 берілген рұқсатқа сәйкес келмейтін лауазымда қызмет атқару дерегі тіркелді. Сонымен қатар, 114 шетел азаматының білімі атқарып отырған лауазымына сәйкес келмеді.  Мәселен, «Саренс Қазақстан» компаниясында жергілікті супервайзер қызметкерінің жалақысы 750 мың теңге болса, осындай лауазымдағы шетелдік жұмысшылардың жалақысы 3,4 миллион теңгені құрады. Мұндай жағдай «Уорли Парсонс Қазақстан» ЖШС-де де анықталды.

Анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы жұмыс берушілерге 24 ұйғарым берілді,  264 әкімшілік іс  қозғалып, 96,5 млн. теңге айыппұл салынды. Оның 73,1 млн. теңгесі мемлекетке өндірілді және 262 шетел азаматына берілген рұқсаттарды кері қайтарып, рұқсат мерзімін ұзартпау жөнінде уәкілетті орынға хаттар жолданды. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметі бойынша, 212 шетел азаматының рұқсаттары кері қайтарылды және олар елден шығарылды. Ал, қалған 50 рұқсат бойынша ұзарту шаралары жүргізілмейді.

Мәселеге байланысты жүргізілген тексерістерден кейін, биыл тиісті заңнамаларға өзгерістер енгізілді. Шетелдік және қазақстандық жұмыскерлер арасында тең санитариялық-тұрмыстық жағдайлар жасау жөнінде және жұмыс берушілердің әкімшілік жауапкершілігі күшейтілді. Шетелдік жұмыс күшін тартатын кәсіпорындарды профилактикалық бақылаумен жыл сайын қамтуға мүмкіндік беретін тәуекел дәрежесін бағалау критерияларына да түзетулер енгізілді.

Сұхбаттасқан:

Алтыншаш  ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз