Атырауда «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының облыстық кезеңі қорытындыланды
Нұрмұхан Жантөрин атындағы филармонияда «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының облыстық кезеңінің марапаттау салтанаты өтіп, өңіріміздегі өнегелі отбасыларды Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова құттықтады.
– Елбасымыздың бастамасымен қолға алынып, отбасы құндылықтарын дәріптеу мақсатында жыл сайын өткізілетін «Мерейлі отбасы» конкурсы биыл облысымызда 7-ші рет өткізіліп отыр. Әрине, отбасы қайнар бірліктің, берекенің көзі. Отбасы бірлігі – Отанның бірлігі. Ағайынның татулығы – Атамекеннің тұтастығы. Мәңгілік елдің іргесін берік, керегесін кең, шаңырағын биік ететін ұлттың құндылығы – өрелі ұрпақ, ұлағатты отбасы екені ақиқат. Сондықтан, Сіздер сайысқа түскен 60-қа жуық жанұя арасынан өздеріңіздің кемеңгерлік пен ұлағаттылық сипаттарыңыздың арқасында дараланып шықтыңыздар. Сіздер бұл марапатқа шаңырақтағы жарастық пен ұрпақтарыңызға берген тәрбие арқылы жеттіңіздер. Біз Сіздерді еліміздің өркендеуі жолында сүбелі үлесін қосып отырған берекелі шаңырақтың иелері деп санаймыз, — деді Бақытгүл Қайыржанқызы.
Бүгінде «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын еліміздің барлық аймағында өткізу дәстүрге айналған. Байқаудың басты мақсаты – қазақстандық отбасының жағымды имиджін насихаттап, ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан отбасы құндылықтарын жаңғырту болып табылады. Осы орайда конкурстың облыстық комиссиясының қарауына 59 өтініш түсіп, олардың ішінен тек 15 отбасы ұлттық конкурстың дипломанттары атанды. Ал сайыстың бас жүлдесін Исатай ауданынан келген Кенжешовтер отбасы қанжығасына байлады.
Жеңімпаз отбасының тірегі Кенжешов Құрманбек биыл жазиралы жетпіс жасқа аяқ басқалы тұр. Жанұяның ұйытқысы болған жан жары Гүлден Мұхамеджанова екеуінің отасқандарына 46 жыл болыпты. Татулық пен бірлікке байланған жанұяда олар 3 қыз бен 4 ұлды тәрбиелеп өсірді.
Зейнеткерлік жасқа дейін екеуі де теміржол саласында қызмет атқарған. Құрманбек ағаның шойын жол бойындағы еңбек өтілі – 43 жыл болса, Гүлден апамыздікі – 40 жыл. Осы жылдар ішінде екеуі де адал әрі тиянақты еңбектері арқасында елдің алғысына бөленіп, әрдайым абырой асқарында болған.
Мұратбек Жаңабай