Атыраудың лимонын өсіруді Владимир Розметов қолға алды

атырау лим2 Жаңалықтар

Топырағы тұзды, сортаң, әрі құнарсыз болып келетін мұнайлы өңірде де  тропикалық жеміс – лимон өсіруге болатынын дәлелдеуге кіріскендердің бірі – махамбеттік кәсіпкер Владимир Розметов.  Оның арманы – Қазақстанда тұңғыш рет лимон бағын  Атырауда жайқалтып, өнімдерімен тұтынушыларын тәнті ету.

атырау лим2

Кәсіпкер Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХV сессиясында Елбасына Атырауда лимон өсіруге уәде берген еді. Владимир сол серттен шығу қамына мықтап кірісті. Ол әуелі Атыраудың қатал табиғатына төтеп бере алатын лимон сұрпын іздеп, Кавказ өңірінде, Абхазияда болды. Соңғы таңдауы – Өзбекстанда өсірілетін «Мир» атты сұрыпқа тірелді. Лимонның дәл осы сұрпына жергілікті климаттық ерекшелік пен топырақтың құрамы қолайлы көрінеді.

Қазір  ол Махамбет ауданы аумағынан бір гектар алқапқа лимонның осы түрінің екі мың көшетін егіп, баптауға кірісті. Арнайы шақырылған мамандар мен жергілікті диқандар әр лимон ағашына жеке күтім жасайды. Атыраудағы лимонарияға жылыту жүйесі орнатылған жылыжай кешені салынады. Агрономдар келер жылы күзде алғашқы өнім алынатынына сенімді.

Владимир Федоровичтің айтуынша, бұл субтропикалық ағаштың қысқы күтіміне ерекше мән берілуі керек. Қатал қыстан жақсы шығу үшін лимон бағы құрастырмалы жылыжай жабдықтарымен қапталуы қажет. Шағын төрт жылыту қазандығы арқылы мұндағы ауа температурасы +5 градусты ұстап тұрады.

– Биыл өсіріледі. Күзге таман ағаштарға арналған жылыжай жасап, оларды жабамыз. Ал, жылдың қалған мезгілінде таза ауада, ашық жерде өсіру көзделуде. Сәтін салса, келер көктемде алғаш рет гүлдейді. Әрбір ағаш 10-15 дана лимон беруі тиіс. Лимон ағашы мықты болып өсуі үшін онда көп жемісті қалдырмау керек. Келесі жылдан бастап әрбір ағаш – 15 келі, төрт жылдан кейін 150 келіге дейін өнім алынбақ, – дейді кәсіпкер.

атырау лимо

Рас, қазір оңтүстік өңірде өсетін бұл  жемісті атыраулықтар базардан нарықтық бағамен сатып алуға мәжбүр. Құны тым қымбат болғанымен, сұраныс жоғары. Өйткені, адам денсаулығы үшін аса пайдалы лимонды күнделікті өмірімізде, ас мәзірінде жиі пайдаланамыз.

Лимон – қандай ауруға шалдықсаңыз да көмектесетін жеміс түрі. Өйткені, оның құрамында дәрумендер, пайдалы элементтер көптеп кездеседі. Тамағымыз, ішіміз, тіпті бауырымыз ауырса да лимонды пайдаланамыз.  Жүрек-қан тамырлары жүйесінің, артериялық қысымның төмендеуі сияқты сырқаттарға да лимоннан шипа табасыз.

– Алдын ала нарықты зерттеп алдым. Бізде сатылатын лимонның барлығы сырттан әкелінеді, тиісінше бағасы да қымбат. Мысалы, әр дана лимонның базардағы бағасы 150-200 теңге аралығында. Менің есептеуімше, біз өсіретін лимон екі жылдан кейін екі есе арзан бағада болады. Себебі, көлік тасымалына шығынданбаймыз. Сондықтан, жергілікті лимондар таяу арада импорттық өніммен бәсекелесе алатынына сенімдімін, – дейді Владимир Федорович.

Мұнайлы өңірде жеміс-жидек пен көкөніс өсіру оңай емес. Алайда, Владимир Розметов үшін қиын жұмыс жоқ секілді. Ол бұрын «үлкен алма бағым болса» деп армандайтын. Қазір ол алманың отыздан астам түрін өсіреді. Осы мақсатпен «АтырауАгроӨнімдері» шаруа қожалығын құрып, көпбейінді кешен салды. Махамбет ауданында орналасқан қожалықта жеміс бағы, көкөніс бақшасы, асыл тұқымды мал шаруашылығы дамыған. Оның шаруашылығында шошқа, тауық пен балықтың да сан  түрі бар.

Асыл тұқымды еділбай қойы мен сербтік ешкілердің өсірілгеніне біраз уақыт болды. «Сарайшық» асыл тұқымды Шекшек атаның сүтінен дайындалған он төрт түрлі өнімге қалалықтардың сұранысы жоғары.

Бақытжан Жұмат

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз