Атырау жұртшылығы Наурыз мерекесін атап өтті

431658d26afb2bb66 Жаңалықтар

Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесін бүкіл Алаш жұртымен бірге Атырау халқы да орталық «Исатай-Махамбет» алаңында зор ұйымшылдықпен атап өтті.

431658d26afb2bb66

Салтанатты шарада облыс әкімі Нұрлан Ноғаев тұрғындарды Наурыз мерекесімен құттықтап, елге бақ-береке, ырыс пен ынтымақ тіледі, экономикалық-әлеуметтік өрлеудің жалғаса түсуі үшін атыраулықтарды бір болып еңбек етуге шақырды. Сондай-ақ, Нұрлан Асқарұлы мерекені тойлау кезінде атыраулық сәбилердің тұсауын кесті. Бөбектердің бірінің тұсауын ала жіппен, енді бірін тоқ ішекпен кескен аймақ басшысы бұл ырымдардардың мағынасын түсіндіріп берді: «Ала жіппен кескеніміз – ешкімнің ала жібін аттамасын, еліне адал қызмет қылсын деген ниетіміз, ал тоқ ішекпен кескеніміз – елі, халқы тоқ болсын, Отанынан ырыс кетпесін деген тілегіміз», – деді.

Орталық алаңда өткен театрландырылған көріністе Алаш арыстары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедовтер, Қазтуған жырау, Исатай мен Махамбет батырлар, Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек хандар, ел үшін қызмет еткен басқа да тарихи тұлғалар көрініп, тұрғындарды Наурыз мейрамымен құттықтады.

352858d26a6d29534

Бұл жылғы Наурызда шаһардың ықшам аудандары мен қала маңындағы елдімекендерін қосқанда алпысқа жуық киіз үй салтанаттың сәнін келтірді. Орталық алаңның өзінде 25 киіз үй құрылды. Өткен жылы небәрі қырық киіз үй бой көтерген болатын. Мұнайлы аймақтағы мекемелер мен кәсіпорындар арасында ұлттық салт-дәстүрлерден көрініс қою байқауы да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Онда ұлттық ойындар, жергілікті тауар өндірушілердің жәрмеңкесі, концерттік бағдарлама ұсынылды.

Салтанатты шарадан соң екі күн бойына өтіп жатқан байқаудың қорытындысы белгілі болды. Байқауға Қазақстан мен Қырғызстан Республикаларының еңбек сіңірген қайраткері, композитор Илья Жақанов бастаған қазылар алқасы төрелік жасады.

810758d26a8d30833

«Үздік киіз үй» номинациясын «Өнерпаз» ЖШС ұжымы жеңіп алды. Оларға Атырау қаласы әкімдігі атынан 300 мың теңгелік сыйлық табысталды. Жүлделі II орынды «Дәулет» Индустриалды жекеменшік аймақ ұжымы иеленіп, 200 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлық алса, III орыннан «Атырау облыстық адвокаттар алқасы» көрінді. Ұжымға Алғыс хатпен бірге 100 мыңтеңге табысталды.

«Үздік ұлттық салт-дәстүрдің көрінісін» «Сазанқұрақ» ЖШС қызметкерлері көрсетті. Кейінгі орындарды  «Уорли Парсонс» ЖШС мен  облыстық білім беру басқармасы иеленді.

625258d26aa726cda

«Ең дәмді Наурыз көжені» «Иманғали» орталық мешіті қызметкерлері дайындапты. Сондай-ақ, «Өнерпаз» ЖШС мен «Каспий құбыр Консорциумы» акционерлік қоғамы да үздік көже пісіргендер қатарында аталды.

Байқауға белсенді қатысқан аймақтағы отандық және шетелдік мекемелер, қоғамдық бірлестіктерге Атырау қаласы әкімінің Алғыс хаты мен сыйлықтар табысталды. 

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз